Қазақтың қолөнері

Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақтың музыкалық саз аспаптар мұражайында «Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» ҚҚ-ы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған атаулы көрменің ашылуында өнертанушы Жұмагелді Нәжімеденов қысқаша баяндама жасайды. Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Талғат Мұқышев, Саят Нұрғазин, Қарлығаш Қожахметова тәрізді дәстүрлі өнердің туын көтерген өнерпаздар көрермен қауымды ән мен күйге бөлейді.

Мұнда Мұхтар Наурызбаев, Жолаушы Тұрдығұлов, Серікқазы Нұрғали, Дәулет Шоқпаров, Майра Сыздыққызы, Ерсұлтан Тәжібаев, Төлеген Сәрсенбаев және тағы басқа танымал шеберлер өз бұйымдарын жалпы халыққа ұсынуда.

Ұлттық дәстүріміздің бір парасы – қолөнер бұйымдарымен астасып жатса керек. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» демекші, шебердің еңбегі жалпы халыққа ортақ қазына. Сол қазыналарымыздың бар екенін, ата-баба дәстүрінің жалғастығы үзілмегенін көрсетуді мұрат тұтып отырмыз. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шебердің қолы ортақ» атты көрмеге 35-тен астам шеберлер мен 100-ге жуық қолөнер бұйымдары қатысуда. 20-23 маусым аралығында өтетін көрмеде ағаш, темір, тоқыма, қыш бұйымдары кеңінен орын алған. Бұл игі бастама әрмен қарай да жалғасын таппақ.

Қазақтың қанында бар ұлттық өнер, салт-дәстүрді күнделікті насихаттасақ та артық болмас еді. Әйткенмен, елімізде ресми түрде салт-дәстүрді қолдау апталығы жарияланса, қандай ғажап болмас па еді. Соның бір күні осы қолөнер бұйымдарына арналса ғой шіркін!

Салтанатты шара соңында шеберлер дипломдармен марапатталды.

Қосымша ақпарат алу телефондары: 87073635430, 87073638331, 3944291, aaubakr@mail.ru

Пікір жазу