Күзетшіні көлікпен жаныштаған адамды полиция «суицидтен арашаладық» дейді

5455
Adyrna.kz Telegram

Қазнетте ер адамның тұрғын үй кешендерінің бірінде күзетшініні бірнеше мәрте көлікпен жаныштап, кейіннен ұрып-соққан бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, оқыс оқиға Алматыдағы «Меркур Таун» тұрғын үй кешенінде наурыздың 28-інен 29-ына ауған түні болған. Таралған видео-мәліметтердің бірінде, егер уақыты дұрыс көрсетілсе, оқиға түнгі 2:30 шамасында болғанға ұқсайды.  

Күдіктінің ұзақ жылдар бойы ата-анасымен бірге осы тұрғын үй кешенінде тұратыны айтылады.  Оқиғаны тұрғын үй кешені тұрғындары видеоға да түсірген. Тараған видеоларда күдіктінің күзетшіні бірнеше мәрте кроссовер көлікпен жаншып, ол қансырап жатқанда аяқ-қолмен тағы да ұрып, соңынан көлікті тұраққа қойғаны түсірілген. Оқиғаның басында күзетші шлагбаумды жапқаны байқалады.  

Кадрларда ер адамның жерде жатқан ес-түссіз күзетшіні ұрып-соғып жатқаны анық көрінеді. Оқиға кезінде тұрғындардың айқайлап араша шақырғаны байқалады, алайда ешкім жеке барып ара түспеген. Видеода жәбірленушінің  қансырап қиналып жатқан даусы да естіледі.  

Қалалық полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Алдын ала мәлімет бойынша, күзетші мен тұрғын үй кешенінің тұрғыны арасында жанжал туындап, нәтижесінде 45 жастағы ер адам күзетшінің өміріне сәйкес келмейтін дене жарақатын жасаған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды»,— делінген хабарламада.

Сондай-ақ қалалық полиция департаменті күдікті адам 14 қабаттан секірмек болғанын атап өткен. Алайда тәртіп сақшылары суицидтің алдын алғанын айтады. Таралған ақпаратта тұрғындарға сілтеме жасалып, күдіктінің нашақорлыққа салынуы мүмкін екені жайлы да мәлімет бар. Алайда полиция күдіктінің суицидке барғаны туралы, немесе оның нашақор екендігі туралы дәлел, дәйек ұсынбаған. 

Пікірлер