Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап шетелде тұратын қандастардың білім алу жағдайын қарастырып қойған. Өзге елдегі қандас бауырларымыз мектеп бітірісімен мемлекет ұсынған арнайы дайындық курстарын өтіп, қалаған оқу орнына грантқа түсе алады. Алайда, қазір аталмыш білім грантының саны, бөлінуі, жүзеге асырылуы өзекті тақырыпқа айналып отыр. «Адырна» материалында сарапшылармен бірге мемлекеттен шетелдік қазақтарға берілетін грант жүйесін саралап көрдік.
«ГРАНТ САНЫН КӨБЕЙТУ КЕРЕК»
Былтыр мемлекет тарапынан шет елде тұратын этникалық қазақтардың білім алуына 550 грант (бакалавр - 490, магистратурада - 50 докторантурада - 10) бөлінген болатын. Көп белсенді грант санын сынап, оның игерілуінде де мәселе бар екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Биыл этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева білім гранттарының санын арттыру қажеттігін тілге тиек етті.
- Этникалық қазақтарға бөлінетін грант мәселесі шетте қалып қойып отыр. Бұндай жағдайда шетелде тұратын қазақ диаспорасы балаларына бөлінетін мемлекеттік білім гранты квотасын көбейту керек. Олар ата - анасынан Қазақстан жайында естіп өседі. Елге деген сағынышпен өседі. Олардың білім грантын алуына талаптарды да жеңілдету керек, - дейді этнограф.
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУ
Квота санын ұлғайту мәселесі бірнеше жылдан бері қозғалып келеді. Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Мағауия Сарбасов, Зауытбек Тұрысбеков сынды ел ағалары, қозғам белсенділері бірнеше ұсыныстар айтқан болатын Олардың арасында әлеуметтанушы, DAMU Research зерттеу агентiгiнің директоры Тимур Айсауытов та бар.
- Қандастардың қамын ойлау – қазақ ретіндегі біздің борышымыз. Өзге елдегі этникалық қазақтарды, әсіресе,жастарды елімізде оқуға тартуымыз керек. Қазақстанда 15 миллион таза қазақ тұрады десек, ал шетелдегі қазақтардың саны кемі 5 миллионды құрайды. Салыстырмасы оның 1/3 деп есептейік. Елімізде 100 мың грант бөлінетін болса, соның 10 пайызын, немесе пайызын шетелдегі қазақтарға беруге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Қандастарға бөлінген грантқа шетелдіктердің бас сұғуы, әрине, ретсіз. Бірақ, әуелі шетелдегі қандастарға ұсынылып және игерілмей қалған болса, шетелдіктерге үлестіруге болады. Гранттарды көбейтудегі әлеуметтік маңыздылық отандастарымызды ата-жұртқа қайтаруға әкеп тіреледі. Бес миллион қазақтың жартысы немесе үштен бірі жастар болса, соларды білім гранты арқылы елге қайтарып, олардың атамекенге деген сүйіспеншілік, арманын жүзеге асыруға болар еді, - дейді DAMU Research зерттеу агентiгiнің директоры Тимур Айсауытов.
«ГРАНТ ШАРТЫН ЖЕҢІЛДЕТУ КЕРЕК»
Шет елдегі қандас балаларды өз отанына қызықтыру, тарту мақсатында бастау алған, жасалып жатқан шаралар да жоқ емес. Мәселен елімізде алғаш рет шет елде тұратын қазақтардың балаларына арналған жазғы мектеп 2019 жылы ашылды. Елордаға 7 мемлекеттен 150 оқушы арнайы келіп, Астана, Бурабай қалаларын аралаған болатын. Қазақтың тарихымен танысып, рухани, мәдени шараларға қатысты.
Бастаманың бастапқы игілігіне 150 оқушы іліккен. Ал олардың елге оқуға түсуге құжат тапсыру алгоритмін жеңілдету керек дейді әлеуметтанушы Айдар Хамит. Айтуынша ортақ стандарт шетелдегі қандастардың білімдеңгейіне ауыр келеді дейді ол.
- Грант беру бағдарламасына қатысу кезінде барлық өтінім білдірушілерге талап - бір. Бірақ, құжат тапсыру жолдары өте қиын. Мәселен, ҰБТ тапсыру Моңғолия, Қытай елдеріндегі қандастарымыз үшін оңай емес. Сол себепті де, нақты этникалық қазақтардың грант иеленуі жүзеге аспай жатыр, сәйкесінше гранттар игерілмеуде. Қазір енді Ауғанстан, Үндістан сияқты шетелдіктердің түсуіне ағылшын тілін білсе болды, түсіп кетіп жатыр ғой. Ал қандастарымыздың елдегі білім грантын иеленуі үшін шарттарды жеңілдетіп, белгілі бір мүмкіндіктер беру керек сияқты, Сол кезде тапсырушылар да, иеленушілер де көбейеді. Әсіресе Қытай, Моңғолия елдеріндегі қандастырымыздың жағдайын қарастыруымыз керек. Мәселен, Қытай қазақтары мектеп бағдарламасын төте жазумен оқып бітіреді. Оларға әлбетте қиын, - дейді Айдар Хамит.
Сондай-ақ, ол өңірлік университеттерде оқуға түсіруді қарастыруға болатынын айтты:
- Сонымен қатар, өңірлік университеттер, әсіресе,солтүстіктегі университеттерде гранттарды көбірек қарастырса, қандастарымыз сол аймақта шоғырланып, үйренісіп, тіл үйреніп, жерсініп, жұмыс істеп, елімізде қалуы, ол жақтың қазақшалануы да үдейді деген ойдамын. Мысалы, Түркиядағы тәжірибені алып қарасақ болады. Ол жақта тілге аса бір қатаң тәртіп қойылып, түсу шарттары қиындатылмаған. ҰБТ стандартын түбірімен өзгертсек, тіпті жақсы болады, - дейді ол.
Дина Литпин,
«Адырна» ұлттық порталы