"Қылмыстық құрам анықталды". Анасын іздеген Жәнібектің ісі бала саудасын әшкерелеуі мүмкін

10561
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желіде анасын іздеген Жәнібек туралы жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Instagram желісінде Қымбат Досжан Жәнібектің анасын іздеу барысында тағы бір қылмыстың беті ашылғанын жазған.

"Біз Жәнібектің анасын іздеп жүріп, 2004 жылы қылмыстық құрамның да болғанын ойламаған жерден анықтадық. Негізі қылмыскер емес, туған анасын іздеп жүр едік қой. Жәнібектің құжатында туған анасы деп жазылған әйел 2023 жылдың желтоқсанында табылған, бірақ бала басқа сияқты (ауысып кеткен), өйткені бірнеше ДНҚ анализ теріс шықты", – деп жазды Қымбат Досжан өз парақшасында.

Журналистің пайымдауынша, бельгиялық Жани Савельевтің, яғни қазақ баласы Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын іздеу барысында балаларды саудалау бойынша қылмыстың бары анықталған.

Қазір қылмыстық кодекстің 135-бабы "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қылмыстық іс ашылған. Сол бойынша Арқалық қаласындағы полиция басқармасының тергеушілері жұмыс істеуде.

Одан бөлек журналист шекара асқан қазақ баласын асырап алған бельгиялық әйелмен де тілдескен.

"Сөз арасында «Бала асырап алғанда заң бұзылған жоқ па?» деген де сұрақ қойылды. Ол кісі «Бельгия тарапынан заң бұзылған жоқ» деді де, Қазақстанға қатысты бір адамның аты-жөнін атап, бала асырап алу үшін сол кісіге бәленбай мың еуро бергенін, өз елінде отырып Жәнібектің фотосы мен мәліметін алғанын, содан кейін ғана жолға шыққанын мәлімдеді. Бұл диалог ресми түрде заңдастырылып, заң органдарына тапсырылды. Жалпы Жәнібекке, тастанды балалар тағдырына қатысы болуы мүмкін деген адамдардың бәрі қазір бар, көзі тірі, білуімізше, тек 1 маман өмірден өткен. Тіпті медицина саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан мамандардың да Жәнібекке қатысты ресми құжаттарда аты аталған, лауазымы жазылған, қолы қойылған", – делінген жазбада.

Көптеген әйел сол жылдары жеке басын куәландыратын құжатсыз босанып, қолхат жазып кетіп қалған екен.

"Кейбірі құжатын көрсетпей, аты-жөнін өтірік айтқан. Бір әйел өзі босанып, баланы екінші бір әйелдің атына жаздырып, перзентханада қалдырғанын білдік. Арқалықтың перзентханасын түртіп қалсаң, бір оқиға сау ете қалады. Осының бәріне жол берген, өз ісіне салғырт қараған қызметкерлер заң алдында жауап беруі керек деп санаймыз", – дейді Қымбат Досжан.

Пікірлер