Әлихан Бөкейхановтың белгісіз мақаласы табылды. Елек бойындағы ескерткіштер

6875
Adyrna.kz Telegram

Қазір қатты тасып жатқан Ақтөбедегі Елек өзені бойынан 1926 жылы археологиялық олжа табылған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сол туралы жазған, бұрын белгісіз болып келген мақаласы табылды. Мақаланы тапқан – зерттеуші Гүлнар Мұқанова.

Онда археологиялық олжа табылған маңайды адамзаттың қанша мың жылдан бері мекендегені жайлы жорамал келтірілген. Мақала топшылау, мәліметтерге қоса, археология саласында қазақы терминдерді қолдануымен де ерекшеленеді. Осы мақаланы тапқан зерттеуші Гүлнар Мұқанова өзінің ғылыми олжасы жайында «Адырнаға» айтып берді. Сұхбат соңынан Әлихан Бөкейхановтың мақаласы емлесін сақтай отырып жарияланып отыр. Мақалаға «Білім қыран ғой! Қыран қырағы ғой! Адам баласының тас тарихындағы қонысы» деген тақырып қойылған.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың әлі толық зерттелмеген мақаласы History.kz сайтында жарияланды. Гүлнар Мұқанова аталмыш мақаланы 1926 жылғы газеттен тапқан.

- Бөкейхановтың мақаласын қалай таптыңыздар?

 - Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Жоғары Ғылым және білім министрлігінің арнайы грант жобасы бойынша жұмыс істейді. Біздің топ Алаш азаматтарының мұрасын, өмірін зерттейді. Сол зерттеуде маған Біләл Сүлеевті тапсырды. Мен ол кісі туралы қаңтар мен ақпан айларында зерттеу жүргізе бастадым. Біләл Сүлеев қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург болған. Сүлеев Орынборда шыққан “Қазақ” газетінде қосымша жұмыс істеп, газет бетінде “Матай“, “Қаптағай” деген бүркеншік атпен бірнеше өлең, мақалаларын жариялады. Татардың “Шура” журналының 1916 жылы 3-санында татар ұлтшылдарына қарсы “Науширван эфенді мақаласы жайлы” атты ғылыми мақаласын жариялаған. Оның өмірбаянында 1926 жылы оның Ақтөбеде қызмет еткені айтылады. Ол губернияда халықтың білім бөлімін басқарған. Мен сол бағыт бойынша зерттей бастадым. Сөйтіп Алматыда Ұлттық кітапхананың сирек қорынан Ақтөбеде 20-шы жылдары жарияланған мақалаларды қарап шықтым. Газет беттерінен мен Сүлеевтің жазғандарын іздеп отырғанда тағы бір мақала назар аудартты. Әліпби реформасына дейін төте жазумен жазылған бұл мақаланың авторы  «Қыр баласы» деп белгіленген екен. «Қыр баласы» атанынан жарияланған  Қазақстаннан табылған материалдық мәдениет ескерткіштеріне деген терең қызығушылықты көруге болады. Бұл мақала Ақтөбеде шыққан «Кедей» газетінің 1926 жылы 29 шілде күнгі санында жарияланған.

Баршаға белгілі, осы мақала жарияланған тұста Алаштықтар жаппай қудалауға ұшырай бастаған болатын. Сол кезде олардың проблемалық мақалаларынан бөлек, тіпті зиянсыз ғылыми мақаласын да жариялау да ерекше оқиға болатын.

 - Осының себебін қалай түсіндірер едіңіз?

 - Сәті түскен болуы керек, осы кезде «Кедей» газетін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың серігі Жанұзақ Жәнібеков басқарған. Ол кезінде Орынбордағы «Қазақ» газетінде жұмыс істеген. Бірақ «Кедейдің» Әлихан мақаласы жарық көрген күнгі санына шығарушы редактор ретінде «Абдуллин Қ. (Қалдыбай)» есімі көрсетілген.

Ал Әлиханның осы шамада Ақтөбеде болғаны туралы мынандай дерек бар. Ол 1926 жылы СССР Ғылым академиясының Антропологиялық экспедициясының құрамында Адай уезінде болған. Сол жылы қыркүйекте осы экспедиция құрамында статистикалық – экономикалық зерттеу жасап жүрген кезінде ұсталып, Мәскеуге апарылған. Сонда 5 күн Бутырка түрмесіне қамалғаннан кейін қайта бостандыққа шыққан.

Әлихан Нұрмұхамедұлының 1926 жылғы мақаласы Қазақстандағы археологиялық олжаларды БАҚ-та алғашқылардың бірі болып жарияланғандығымен құнды.

- Әлиханның мақаласы жарияланған соңғы реакция қандай болып жатыр?

- Материал жарияланған соң маған Жанұзақ Жәнібековтің немересі байланысқа шықты. Алаш ардақтысының немересі Мияш маған өз алғысын айтты. «Егер тағы іздесеңіз, суреттерін табуға тырыссаңыз» деген болатын. Менің білуімше, немерелері кітап жазуға, материал дайындамақ. Себебі Жанұзақ Жәнібеков те өз заманында өте танымал адам болды. Ол «Кедей» газетінің редакторы болды. Алашқа қарсы репрессия жүрген соң оны да қудалау  басталған...

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

"Кедей" газетінде жарияланған Әлихан Бөкейхановтың мақаласынан үзінді. Е-history.kz суреті

БІЛІМ ҚЫРАН ҒОЙ! ҚЫРАН ҚЫРАҒЫ ҒОЙ! АДАМ БАЛАСЫНЫҢ ТАС ТАРИХЫНДАҒЫ ҚОНЫСЫ

Жер білімін жердің жасын қабатын қарастырып сиырдың жасын мүйізінен, жылқының жасын тісінен табылғандай табады. Жердің тарихы бір неше мүшелге бөлінеді. Біздің мүшел он екі жыл болғанда, жердің мүшелі жүз-жүз мың жылмен саналады.

Жерге адам баласы келген мүшел жер тарихында төртінші мүшел деп аталады. Жердің бұ тарихы басталғалы екі жүз мыңға жақын жыл өткен. Жер білімі жердің қабатын кітабтың бетіндей оқыды. Жердің жаңада жас қабаты өзіміз табтаб жүрген жер. Жердің ішіне қарай қазып қабатын аша берсек, бойлаған сайын ескі қарт қабат бола береді. Жер білімін жердің қабатын теңіздің, өзеннің жарын бақылап сынап біледі. Өзеннің қабағы судан қырға сатылап, басқыштап, көтеріліп кетеді. Бұрынғы заманда мың жыл ма, жүз мың жыл ма өзен осы күнгі қыр қабаққа аққан, арнасын сойя-сойя осы күнге ұлтанға түскен.

Етікшінің жұртында былғарының кесіндісі, ойшының жұртында жоңқа, ұстаның жұртында көмір қалады. Өзеннің, теңіздің басқасы қабағында, құмында жайлаған жануарлардың, балықтың, адамның, ат аунаған жерде түк қалады. Қалдығы, ұстанған қаруы сайманы – белгісі қалады.

Ақ-төбеден 3 шақырымда Електің құм жағында тас мүшелі адам тарихының адамының қонысы табылды. Мұны тапқан Академия қазақ жерін, шаруасын іздеп зертте деп жіберген білгіш құстың адамы Бұлғақ баласы.

Білім адам баласын өзге жануармен аталас деп біледі. Жер тауысып барғанда адам баласы өзге жануардан ақылы мен, ақылының, қаруы, қолының шеберлігі мен айырылады. Ақыл жетелеп жоспарлап, қол құжусырады. Адам қолынан өтіп өзгерілген зат мадениат мүшесі болады...

Алғашқы адам баласының адабиеті адам тастан қару қолданғанда басталады. Адам баласы пышақ, біз, ине, балта, масақ, қызғыш, қасықты тастан қолданып талай заманда басынан өткереді. Адам баласының тасты қару жарақ еткен тарихын тас мүшел дейді. Адамын, тас мүшелінің адамы дейді. Тас мүшелінде адам тарихы екі жүз мың жылға созылған. Таста маданиятты кулдендіріп шеберлене келе адам қару-жарақты мысқа, қолаға аударған. Адам баласының мыс қолданған тарихын мыс мүшелі дейді.

Перғауын, Мұсадан бері адам баласы қару-жарақты темірге (шойын, булат темірге жатады) айналдырды. Біздің заманымыз тарихта темірдің мүшелі делінеді. Осы күнгі адамды құстан ұшқыр, Сулейменнен шешен, шеберге пірі еткен маданияттың сүйенгені темірден қару-жарақ. Тас мүшелде де адам баласы өзінше маданиятқа ие болады. Сонда да пілдей айдын, аюдай қарулы жануарды соғып етін жейді. Осылардың сүйегі тас мүшеліндегі адамның қонысынан етінің басынан табылады.

Електің жағасынан Бұлғақ баласы тапқан тас мүшелдегі адамның жұртынан қырғыш, пышақ, масақ тағы да неше қару жарақ аспаптар табылды. Бәрі де шақпақ тастан істелген. Үйшінің жұртындағы жоңқа мен кесінді ағаштай ана қару-жарақты  істегенде сынып түскен тастан жоңқа табылды. Бұ тағын бұтан алғанда қалған ағаштың томарындай жуан қалдық тас табылды. Бұған қарап бал ашсақ, Бұлғақ баласының тапқаны тас мүшеліндегі адамның қонысында ұстасының дүкенінің орны болады, тапқан нәрселер 4 жүзден асады. Бұ нәрселер Ленинград барып сынға салынып ат қойылып Қызылордада болатын Қазақтың Ұлт музейіне тапсырылады.Тас мүшелінің қару жарағымен аралас мыс масақ табылды. Бұ масақты мыс мүшелінің батыры ма, мергені ме, жоғалтты демесек, Бұлғақ баласы тапқан қоныс, тас мүшелінде де, мыс мүшелінде де адам баласының қонысы болған болады.

Бұ сықылды адам баласының тас мүшеліндегі қоныс біздің қазақтың жерінде  Қостанайда ғана бұрын табылған еді.

Мұндай қоныс іздей келе қазақтың жайында талай жерден табылмақ.

Адам баласы осы біздің жайды жайлағалы 2 жүз мың жыл болған болып табылып тұр.

 

«Қыр баласы»   

«Кедей» газеті (Ақтөбе). 1926. 29 шілде. 

Пікірлер