"7 баласы бар". Түркістаннан тасқынға көмек жіберіп жатқанда адам мерт болды

6928
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook желісінен
Фото: Facebook желісінен

Атырауға гуманитарлық жүк артып жатқанда қаза болған азамат бүгін жерленді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Түркістан облысының тұрғыны Қайырбек Әлімбекұлының артында жары мен 7 баласы, мүгедек інісі қалған. Ол туралы журналист Диас Нұрақын жазды.

"13.04 күні Атырауға көмекке аттанғалы жатқан бауырымыз "Хово" жүк көлігін вагонға артып жатқанда оқыстан көлік доңғалағы вагоннан тайып кетіп, өз көлігінің астында қалып қойып, 7 баланың әкесі 37 жастағы Қоспанов Қайырбек Әлімбекұлы деген бауырымыз марқұм болды. Бала күнімнен бірге өскен әрі көршім әрі досым еді. Өте мейірімді кімге көмек қажет болса қол ұшын созуға асығып тұратын азамат еді. Соңғы іс әрекеті де елі үшін көмекке асығу болыпты. Көмекке аттанар алдын өте қуанышты халде болып жүр еді, жақсы тілектер айтып шығарып салып едік, амал нешік жете алмады", - делінген журналистке келген хатта.

Ынталы ауылының тұрғыны Қайырбек Әлімбекұлын жерлеу рәсімі бүгін өтті. Марқұмның жолдасы Сара 7 баламен жесір қалғанын айтады.

"Бүгін жерледік. Қолымда екі қайным бар. Біреуі үшінші топтағы мүгедек. Балаларымның үлкені 16 жаста. 10 сыныпта оқиды. Ал ең кенжем 2 жаста", - дейді.

Қазір жергілікті журналистер отбасына арналған қор ашып, қаржылай көмек көрсетуде.

Пікірлер