Төртінші премьер. Голощекинге ашық қарсы шыққан саясаткер

2172
Adyrna.kz Telegram

Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Голощекинге ашық қарсы шыққан саясаткер Нығмет Нұрмақовтың туғанына - 129 жыл.

Нығмет Нұрмақов - 1895 жылы 25 сәуірде Семей облысы Қарқаралы уезінде дүниеге келген.

1915 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын, 1931 жылы ВКП (б) ОК жанындағы Коммунистік университетті тәмамдады.

1915—1918 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болды. 1918 жылы ақпан-мамыр айлары — жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы болып, 1918—1919 жж. Ақгвардияшылар түрмесінде отырды.

1920—1921 жж. — Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі қызметін атқарды.

1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы, 1923 жылдың 11 сәуірінен РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы болды. Оның Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуратураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор.

1923—1924 жылдары Юстиция халық комиссары болды. Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды.

1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді.

1925 жылғы қыркүйек—қазан айлары — ВКП(б) Киробкомының бөлім меңгерушісі, 1924 жылғы қазан — 1929 жылғы сәуір — ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болды.

Сондай-ақ, Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды.

1931—1937 жж. — ВЦИК хатшысының орынбасары, ВЦИК Президумының бөлім меңгерушісі ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі қызметін атқарды.

1937 жылы атылып, 1956 жылғы тамызда ақталды.

Пікірлер