Министр тасқын кезінде суару маусымына дайындықты айтты

1696
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Су шаруашылығы және ирригация министрі су тасқыны зардабы реттелмей жатып, алдағы суару маусымы жайында айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Қазақстан бойынша «Қазсушар» филиалдары тасқын суын апатсыз өткізуді қамтамасыз етіп, алдағы суару маусымына дайындалып жатыр,"- деп мәлімдеді Су шаруашылығы және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сәуірдің 23 - інде.

Министрдің айтуынша, су тасқыны кезінде «Қазсушар» мекемесінің Солтүстік Қазақстан филиалының мамандары Сергеев су торабының жағалауын нығайту жұмысын жүргізген. 82 тоннадан астам кесек тас, 15 темірбетон плита, 25 темірбетон блоктары және басқа материалдар төселгенін айтқан өзінің телеграм арнасындағы мәлімдемесінде министр.

Казталов ауданында көктемгі тасқын суын апатсыз өткізу үшін «Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Үлкен Өзен өзеніндегі уақытша топырақ бөгеттері ашылған. Нәтижесінде су лимандар мен табиғи шабындықтарға жіберіліп, елдімекендерді су басу қауіпі азайды. Сонымен қатар, су тасқынының екінші толқыны кезінде Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасына су жиналып жатыр. Қазір оларда 200 миллион текше метрден астам су жиналды, бұл жалпы көлемнің 84 пайызын құрайды. «Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасуда,"- дейді сумин.

Министр Нұржігітовтің мәлімдеуінше, Абай облысының Үржар ауданында Қаракөл су қоймасының құрылысы және Көкпекті ауданында Үлкен Бөкен өзеніндегі су торабы тазартылған. Шығыс Қазақстан филиалы Күршім ауданындағы «Жауғашты» магистральдық каналының бас құрылысын тазартқан. Марқакөл ауданының Орта-Теректі су қоймасында инертті материалдар дайындалған.

«Қазсушар» мекемесінің Қонаев атындағы  Үлкен Алматы каналы филиалы Қаратұрық суару алабының шаруашылық желісін механикалық әдіспен тазартқанын айтқан Су шаруашылығы министрі  «Объединительный» магистральдық каналының түбін бетондау жұмысы жүріп жатқанын жеткізген.

Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Үлкен Алматы каналының авариялық учаскелерін реконструкциялау жүргізілуде. Суару маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету үшін жұмыс екі ауысымда атқарылып жатыр. Бұдан басқа, Алматы облысының Іле және Жамбыл аудандарының шаруаларын сумен қамтамасыз ететін сол жағалаудағы магистральдық каналды бетондау және механикалық тазарту жұмысы жүргізілуде.

Еріген қар және жаңбыр суын кедергісіз өткізу үшін Алматы облысы бойынша филиал Күрті және Шелек өзендерінің арналарын тазартады.

«Қазсушар» мекемесінің Ақмола филиалының мамандары «Алва» лиманды суару жүйесінің бөгетіне инертті материалдар төседі. "Осылайша, бөгеттің бұзылу қаупі азайды,"- дейді министр.

Суминнің хабарлауынша, суару кезеңіне дайындық үшін Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын 6 каналда механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қордай ауданында Георгиевский магистральдық каналы тазартылды. Меркі ауданында 11 су бекеті жөнделіп жатыр, одан кейін тағы 20 су бекеті жөнделмек. Сондай-ақ, R-3 арнасын суару маусымына дайындау жұмысы жүріп жатыр.

Министр Нұржан Нұржігіовтің айтуынша, «Қазсушардың» Қызылорда филиалы жалпы ұзындығы 51,4 шақырым 11 арнаны механикалық әдіспен тазалап, сондай-ақ 19 гидротехникалық құрылысты және 23 гидропостты жөндеуден өткізген. Қазіргі уақытта 32,7 шақырым канал тазартылып, 9 гидротехникалық құрылым жөнделді. 20 гидропосттағы көпірлер қайта жаңартылуда. Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл 173,1 шақырым каналды тазартуды, 54 гидротехникалық құрылысты және 10 гидропостты жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 40 шақырым канал тазартылды, 1 гидротехникалық құрылыс салынды, 4–і жөнделді. 1060 шаруа қожалығымен су беру туралы шарттарға қол қойылды. Фермерлер 20 мың гектарға жуық алқапты суару үшін 174 миллион текше метр су алады.

Министрдің мәлімдемесіне қарағанда, суару кезеңіне дайындық үшін «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облысы бойынша филиалы 33 каналды механикалық әдіспен тазалау жұмысын жүргізген. Су қоймаларының тасқын суын қабылдауға дайындығын бағалау үшін олардың техникалық жағдайына тексеріс жүргізілді. Сондай-ақ, техника да тексеріліп, қажетті инертті материалдар дайындалды.

Нұржігітовтің айтуы бойынша, «Қазсушардың» Қарағанды филиалы Жартас су қоймасындағы Жартас және Малокомспай магистральдық каналдары учаскелерінің бетон беткейлері мен түбіне жөндеу жұмысын жүргізген. Бұған қоса арналарды лай мен өсімдіктерден тазарту басталған. 5 гидротехникалық құрылыста жергілікті дабыл жүйелері орнатылуда.

"Ақтөбе облысы бойынша филиал үш ірі су қоймасы мен бірнеше лимандардың жұмысын бақылайды. Нысандар штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, мәселе байқалмайды,"- дейді Су шаруашылығы және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Пікірлер