Нәзирагөйлік мәйегі. Шәкәрім поэмасын қайта аударудың сыры неде?

3014
Adyrna.kz Telegram
Гаухар Омарханова (сол жақтан - екінші) Шәкәрімнің "Ләйлі - Мәжнүн" дастанының парсыша нұсқасын таныстыру кезінде.
Гаухар Омарханова (сол жақтан - екінші) Шәкәрімнің "Ләйлі - Мәжнүн" дастанының парсыша нұсқасын таныстыру кезінде.

Жуырда Иранда Шәкәрімнің «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасының парсы тіліндегі нұсқасы жарық көрді. Кезінде Шәкәрімнің өзі бұл дастанды шығыс тілдерінен аударып, қазақ ортасына адаптация жасап берген. Оны қайтадан парсы тіліне аударудың қыр-сыры туралы аудармашы Гаухар Омарханова өз ой-пікірімен бөліседі.

Заманында шығыс әдебиетінен алып жырлаған Шәкәрімнің «Ләйлі - Мәжнүн» дастанын қайтадан парсы тіліне аударған Гаухар Омарханова 2010 жылдан бері Иран астанасы Тегеранда тұрады. Ол Иран теле-радио бірлестігінің Pars Today Kazakh сайтының аудармашысы. Осы арқылы қазақ тіліндегі еңбектерді Иран жұртына аударып, қазақ мәдениетін көпке танытуға үлес қоссам дейді. «Аудармашы»  дегеніміз – екі мәдениет арасындағы көпір десек болады. Қазіргі әлемдегі қайшылықтар, түсініспеушіліктер сол жанымызда жүрген адамдардың, көршілеріміздің мәдениетін түсінбеуден туындайды. Аудармашының мақсаты – осы жолы да өз үлесін қосып, екі елді табыстыру» дейді ол. Аудармашымен «Адырна» тілшісі сұхбаттасты.

«ШӘКӘРІМ ӨЗІНШЕ ЖЫРЛАДЫ»

 - Негізі Шәкәрімнің шығармасы туралы былай айтылады: «Ол аударма емес!» Шығыс әдебиетінде «нәзирагөйлік» деген дәстүр бар. Ол бір тақырыпқа бірнеше автордың жарыса қалам сілтеуінен туындаған туындылар. Яғни бір-бірінен асып түсіп, бір тақырыпты нақышына келтіріп баяндауға тырысуы. Бұл тақырып ретінде арабтың «Ләйлі-Мәжнүн» туралы әңгімесі арқау болған. Оны Низами «Хамсасына» жырлайды. Соның бір бөлігі ретінде Ләйлі-Мәжнүнді жырлап өткен. Оның сол «Хамсасына» еліктеп, бірнеше адам осыған ұқсас тақырыптарда өзінің тұрған жеріне, салт-дәстүріне байланысты қайтадан жырлап шыққан. Олардың ешқайсысына сөзбе-сөз аударма жасалып шықпаған. Олардың жалпы әңгіменің ауанын алады да, өзінің туған жеріне қондырып, әуенімен баяндап шыққан. Біздің Шәкәрім де сол нәзирагөйлік дәстүрін сақтаған. Ол да Низамидің, Науаидың, Физулидің «Ләйлі-Мәжнүнін» оқыған. Өзіне, көңіліне жаққан мәтін Физулидікі болғандықтан соны біздің қазақ топырағына әкеліп, жырлап шыққан. «Сөзбе-сөз аударды» деп ешкім айтпайды. Өйткені шығыстық дәстүрде сөзбе-сөз аударылған болса, бірінші кезекте Шәкәрім Алланы мадақтауы, одан кейін пайғамбарды мадақтауы керек еді. Сонымен қоса сол замандағы билеушіні мадақтауы керек болған. Тікелей аударма болса Физули қалай айтты солай жеткізуі керек еді. Шәкәрім олай істеген жоқ. Ол тек тақырыпты алды, осындай екі ғашықтың болғанын, соңының немен аяқталатынын білді. Бірақ поэманың қиыстыруының бәрін ол қазақ топырағына сай баяндап берді. Ол баянының соңын да ерекше аяқтады. Бұл жерде Шәкәрім неге Мәжнүнді жырлағанын дәлме-дәл баяндап береді. Бұл ешқандай өзге поэмада қозғалмаған дүние. 

- Неге дәл Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүні»?

- Иранда магистратураны оқып жүрген кездегі тақырыбым «Низами және Абай мектебі» болатын. Бітпей қалған тақырып еді. Соның ішіндегі бір тармақ Абайдың шәкірттері, оның ішінде Шәкәрім, оның ішінде ортақ тақырып Ләйлі-Мәжнүн болды. Сол себептен мен осы поэманы аудардым. 

ШӘКӘРІМНІҢ ШЕБЕРЛІГІ

- Кері аударма жасауда неге көз жеткізе алдыңыз?

- Әр халықтың өз Ләйлісі мен Мәжнүні барын түсіне алдым. Мысалы, Шәкәрім дастанында Ләйліні қазақтың қызы деп ойлайсыз, тәрбиесі солай жеткізілген. Поэмада «Қызға қырық үйден тыю» деген сөз тіркесі өте көп қолданылады. «Ер балалармен көп араласпа» деген сияқты біздің тыйымдарды жақсы келтіріп берген. Мен өзімше соны ирандықтарға жеткізуге тырыстым. Физули шығармасында екі бала мектепке барғанда танысады. Сол жерде ғашық болады. Бірақ Шәкәрімде бұл басқаша. Бұлар туғанынан бір-біріне ғашық. Бұл екеуінің бір кемпірдің үйінде бірге болуы олардың рухы туылғанға дейін бірге болғанын көрсетеді. 

 - Кітаптың тұсаукесері қайда өтті?

 - Тұсаукесер Экономикалық ынтымақтастық ұйымының мәдени институтындағы кітапханасында өтті. Институт адамдары, Қазақстаннан ғылыми профессор ағайым видео-үндеу жолдады. Ирандықтар атаулы даталарды топтастырғанды жақсы көреді. 11 наурыз Иран күнтізбесі бойынша «Низамиді ұлықтау күні» болатын. Сол шараның ауқымында осы кітаптың да тұсаукесері болып өтті. 

- Аударманы көптің алдына қойған кезде нендей пікірлер айтылды?

 - Таныстыру кезінде ерекше бір сөздер айтылды. Өз әсерін бөліскен адамдар «Екі ғашық бір-біріне өле ғашық. Ләйлі аспанға, желге, жұлдызға айтады. Ал Мәжнүн көбіне жан-жануар, Жерге айтады. Бұлардың махаббаты – тартылыс күші. Ләйлі аспан денелерінің күшін көрсетсе, Мәжнүнді жердегі тартылыс күшін көрсетеді. Олар ешқашан бір-бірімен қабыса да кетпейді, ажырамайды да. Сондықтан бұл ғашықтық деген табиғи күштерді ұстап тұрған элемент ретінде көрсетілген» деген пікірлерді мен жақсы қабылдадым. 

Шәкәрімнің еңбегінде Қайысты кемпірге бергенде омырауы иіп кетіп, Қайысты емізеді. Егер сол кемпірдің омырауынан Ләйлі де еметін болса, екеуі ағалы-қарындасты болады. Яғни, бір-біріне ғашық болу жол емес. Ал кемпір иісе де Ләйлі сүт еме алмады. Бұл – таза қазақы нұсқа. Басқа ешқандай нұсқада мұндай жоқ. Бұл тек қазақтарда ғана бар. Себебі басқа елдерде, мәселен, Ләйлі-Мәжнүннің бір-біріне ғашықтығы аңыз болып тараған арабтар туыстарына үйлене береді. Мен Шәкәрімнің Ләйлі мен Мәжнүнді соншама көркем бейнеде қазақыландырып жібергенін Иран аудиториясына түсіндіруге тырыстым.  

АУДАРМАДАН АУДАРМАНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

- Аударма қанша уақытты алды?

- 2020 жылы бір аптаның ішінде 24 сағат үйден шықпай осының аудармасымен айналыстым. Солай бір демде аударып тастадым. 

- Аударма барысында қандай қиындықтар туды?

- Этномәдени лексика деген бар. Ол тек бір ұлтқа ғана қатысты сөздер. «Оны басқа ұлтқа қалай жеткізуге болады?»  деген мәселе болды. Поэмада мақал-мәтелдер қолданылған. Тура соның мағынасын мен жеткізіп беруге тиісті болдым. Мысалы «Көп түкірсе – көл» деген мақал алғашқы беттерде қолданылған. Мен соны жолма – жол аудардым. Мағынасы «көп тілегі көл» түрінде шықты. Бұдан басқа «сай сүйегі сырқырады», «еміренді», «балқыды» деген сөздердің бәрін өзімше парсыша жеткізуге тырыстым. Кейбір мақалдың аудармасы дұрыс болса, ендігі біріне сын айтылды. Себебі сөзбе-сөз аударма болғанда мағынасы да өзгеретіні бар. Солар бірқанша қиындық тудырды. 

- Кітап сатылымға шыға ма?

- Жуырда мен өзім жеке онлайн дүкенін ашқанмын. Сол жерде кітап сатылымда бар. Одан бөлек баспаның өзі Тегеранда онлайн сатып жатыр. Дүкендерге тапсыру келісімі бар, сол арқылы тарайды. Мен өз тарапымнан өз адамдарыма, ирантанушыларға Қазақстанға апарып қойғанмын.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер