Алаштың асыл арысы. Халел Досмұхамедов дүниеге келген күн

1716
Adyrna.kz Telegram

Алаштың асыл арысы Халел Досмұхамедов өз заманында қоғам қайраткері, этнограф, әдебиетші, тарихшы, табиғат зерттеуші және ағартушы ретінде, дәрігер болғаны тарихтан белгілі. Бір сөзбен айтқанда "әмбебап" тұлғаның бүгін - туған күні, деп жазады “Адырна” порталы.

56 жыл ғана ғұмыр кешкен Халел Досмұхамедұлының тағдыры 1916-ның дүрбелеңіне, 32-нің қырғынына, зұлматты жылдардың қыспағына тап келді. Оның ұлт алдындағы алғашқы еңбек жолы Петербордағы императорлық әскери медициналық академияға түскен кезінен басталды.

Халел Досмұхамедұлы сол тұста «Қазақ» газетіне «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды еңбектерін жариялап тұрды.  Дәрігер-көсемсөзші 1917 жылы тұңғыш рет Орынборда өткен I Жалпықазақ съезіне төрағалық етті.

Бізге Халел Досмұхамедұлы Алашорда қозғалысының мүшесі, білікті дәрігер ретінде белгілі. Ал, халелтанушы ғалымдар еңбектерін әлі де болса, зерттей түсу керек, дейді.

Қазақстан  аумағында болған ұлт-азаттық көтерілістерге тұңғыш рет ғылыми сипаттама берген Халел Досмұхамедұлы. Әсіресе, Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары бастаған көтерілістің бізге беймәлім тұстары оның еңбектерінде көрініс тапқан.

«Біз Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде танимыз. Ал, Халел Досмұхамедұлы оған біржақты қарамаған. Ол Кенесарының Кіші жүздегі қандай руларды шапқанын, Кіші жүздің рулары мен Кенесарының қорғанысына қатысқан Орта жүздегі рулардың арасындағы қайшылықтарға дейін жазады»,-дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбек.

Сонымен қатар, Халел Досмұхамедұлы Еуропа ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, қазақ тілінде сапалы оқулақтарды дүниеге әкелді. Медицина мен гигиена, биология мен адам анатомиясы, жалпы табиғаттану саласында ғылыми еңбектер жазды.

Алаш Орда үкіметі құрушылардың қатарында болған ол "халық жауы" атанып, 1939 жылы өзінің туған күнінде ату жазасына кесіледі. Алайда ол көп ұзамай, сол жылы абақты ауруханасында өкпе ауруынан қайтыс болады. Тек қана 1958 жылы ғана ақталды. Халел Досмұхамедұлының бес перзентінен тараған әулеттен он үш ұрпақ дәрігер мамандығын иеленіп, атадан қалған мұраны жалғастырып келеді екен.

Пікірлер