Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары барысында қазақстандық 35 компания Кабулда өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның бизнес-делегациясының құрамында серіктестіктің жаңа бағыттарын құру үшін QarMet компанияларының, Doscar Group дилерлік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансформатор зауытының, Kaspy Group компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайындау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақтарды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер келді.
Бизнес-форумның ашылуында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес екіжақты тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салды.
«Біз химия өнеркәсібіндегі, тау-кен металлургия кешеніндегі өндірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, IT-технологиялар саласында, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды қарастыруды ұсынамыз. Қазақстан тарапы Ауғанстанда автокөліктерге қызмет көрсететін дилерлік орталықтардың орналасу орнын кейіннен анықтай отырып, отандық өндірістің автомобильдерін жеткізуге мүдделі», — деді ол.