«Назарбаев кезіндегі оппозиция». Ел шетін су алғанда зиялы қауым сыналды

3231
Adyrna.kz Telegram

Су тасқыны басталғалы көмекке ұмтылғандар мақталып, көмектесе алмағандар сыналып жатыр. Сарапшылар оның өзіндік себептерін де тарқатып түсіндіреді.

Елде судың беті әлі де қайтпай тұр. Бірнеше өңірлерде тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілсе, ендігі бірі су қайтқан мекеніне оралуда.

ТЖМ бүгінде 118180 адамды, оның ішінде 44254 баланы су құрсауынан құтқарғанын хабарлады. Алайда биылғы апат адам шығынынсыз болмады. Су тасқынынан 7 адам көз жұмды. Апатты аймақтағы халыққа көмектесу үшін құтқарушылардан бөлек, өнер адамдары да  жетті.

ҚОЛЫНАН КЕЛГЕНДЕР ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ АУДАРҒАН

Зардап шегіп жаққан өңірлерге барған әншілердің қатарында жастар арасында танымал Райм, Мирас, продюсер Гүлзира Айдарбековалар бар. Қолға күрек ұстап, қапқа құм толытырп жүрген бейнелері әлеуметтік желіде тараған.

Одан бөлек, халық арасында «елдің баласына» айналған Димаш Құдайберген де су тасқынынан зардап шеккендерге басу айтып, тілекші болды. Ол қиын сәтте Ақтөбеліктердің жанынан табылып, қайырымдылық қорына 15 миллион теңге қаржы аударды. Ал Dauletten қоры ешқандай қаражат жинаусыз зардап шеккендерге 20 миллион теңге көмек көрсеткен.

Блогерлер де түрлі қор ашып, көлемді қаражат, азық-түлік, гуманитарлық көмек жібергендер де бар. Жансерік Қадырбаев, Дархан Жолшыбеков, Ырысбала Икрамбай, бетперде киген белгісіз азамат сынды бірқатар блогерлер қор арқылы миллиондап, қаржы жинап, көмек көрсетуде.

ОЛАР ОРМАНДА ЖҮР

Су тасқыны кезінде елдің сынына ұшырағандар да жоқ емес. Желіде «жұлдыздардың берген қаражатының тізімі» тарап түрлі пікір тудырды.

Себебі онда өнер жұлдыздарының аты-жөнімен, қанша теңге аударғаны жазылған. Тізімде көрсетілген дерек бойынша көпшілігі 100 мың теңгеден аударған. Осылайша жұрт жұлдыздардың бұл «сараңдығын» сын етіп, «Масқара, миллиондап ақша алып, аударғаны 100 мың теңге ме?», «Халық өзі кінәлі, сонша ақша шашып шақырады, бұлардың аударған ақшасының түрі мынау» деп мысқылдап, әжуалап жатты.

Алайда арасында жұлдыздарды жақтағандар да жоқ емес. «Бергенге риза болыңдар», «Олар міндетті емес» деп жазып, қоғамдық пікір туған.

Сынның астында қалған әншілер қатарында әнші Қыдырәлі мен Қарақат бар. Қарақат Әбілдина 44 жасқа толып, туған күнін Германияның Франкфурт қаласында отбасылық достарымен атап өткен.

Әнші Instagram парақшасында жеке мерекесін жолдасы Қыдырәлі Болмановтың достарымен бірге орманда өткізгенін жазған.

"Германиядағы  достарымыз аяғымызды жерге тигізбей күтіп жатыр. Бәрі керемет. Тек балаларымыз қасымызда емес. Қалғаны бәрі тамаша” , -деп жазды әнші. 

Ал артынша оқырмандары жезтаңдай әншіге «Халықтың қолдауымен тапқан табыстарыңнан көмек бермейсіңдер ме?» «Өзіміз құтыртып жібердік. Миллиондап тойға шақырамыз, соны шетелге шашады», «әркімнің өз өмірі» деп жазған.

ПАРТИЯ ҚАЙДА БОЛСА, ЖАЗУШЫ СОНДА МА?

Саясаттанушы Дос Көшім өнер мен әдебиет саласында жүргендерді қоғамнан бөлмеу керектігін айтады.

- Менің ойымша, оларды қоғамнан бөліп алудың қажеті жоқ. Бірақ олар да көмектесуі керек, солардың тарапынан қандай көмек болды деу де тырнақ астынан кір іздеу секілді. Қоғамның басына түскен зұлмат бәрімізге тең. Бірі «жастар неге қозғалмайды?» десе, бірі «зиялы қауым неге үнсіз?» деп жатады. Менің ойымша әрбір азамат қолдан келгенше атсалысып жатқан сияқты, - дейді ол.

Дос Көшім осындай кезде спортшылардың көрінбей қалғанына назар аударады.

- Көптеген әншілер халықтың арқасында көтерілгенін түсінеді, олар соны көрсетіп, көмектесіп жатыр. Спортшылар неге көмек көрсетпейді деп те айтуға болады. Олардың алатын жалақысы белгілі. Мен спортшыларды көрген жоқпын. Әркімнің мүмкіндігін де ескергеніміз жөн, - дейді ол.

Дос Көшім осы орайда зиялы қауым қоғамы сияқты көрінетін Жазушылар одағының да іс басында байқалмағанын айтады.

- Менің ойымша, қоғам ұлт алдында жүрген «Жазушылар Одағының көмектеспеуін» айтып, себепті сондай ұйымдарды іздейтін сияқты. Одақтың мүшелері қазір 1000-ға жуық. Жалпы біз әр уақытта зиялы қауымды алда жүреді деп ойлаймыз. Менің өз басым, біздің зиялы қауымға баяғыдан өкпем қара қазандай. Себебі тәуелсіздік алу кезіндеде 80 жылдардың аяғы мен  90 жылдардың басында біз оларды көрмедік. «Азат» қозғалысы, «Желтоқсан» ұйымы жұмыс істеген кезде олар тағы да өздерін көрсете алмады. Қысқасы біздің зиялылар Кеңес үкіметі кезінен қалыптасқан үрдіс – мемлекеттің үгіт-насихатын жүргізетін «қол балаға» айналып кеткен сияқты. Сондықтан әлі күнге дейін біздің зиялылар сол жүйеден шыға алмай келеді. «Зиялы қауым тіл, оралмандар мәселесіне неге араласпады?» деп мен де ренжимін. Ұлттық құндылықтарды қайта орнына келтіру мәселесінде бұлар неге көрінбейді деп айтуымызға болады. Менің өз басым, зиялылардан ерекше бір батырлық па, қайсарлық па, ондай мәселені күтпеймін. Кеңес үкіметі кезіндегі идеологияның құралы болған зиялы қауым әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Кейін шығатын зиялы қауым әлі қалыптасып үлгермеді. Иә, бірді-екілі адамдар бар шығар. Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Бейбіт Қойшыбаев сынды үн қосатын адамдар бар шығар. Бірақ бұлардың топтық деңгейдегі ұлтқа деген жан-айқайын біз көрмей отырмыз, - дейді саясаттанушы Дос Көшім.

НАЗАРБАЕВ НАРАЗЫЛЫҒЫНЫҢ САЛДАРЫ

Әнші Ерлан Төлеутай да осындай қайшылыққа қарамастан халықтың зиялы қауымға арқа сүйегісі келетінін айтады

- Қай уақытта да халық сол ақын-жазушысынан мұндай сәтте қолдау күтеді, солар мәселені шешетіндей көреді. Бұл бұрынғы идеологияның салдары ғой енді. Кезінде ақын-жазушы, қаламгер қандай майданның болсын алдыңғы шебінде жүрді. Идеология оларды пайдаланды. Ал қазір ақын-жазушы деген далада қалған. Олардың қолында қазір түк жоқ. Не билік, не қаржы жоқ. Қаламгер қауым өз күнін өзі әрең көріп жүр. Оның сөзін билік естімейді, тыңдамайды. Бұрын мысалы Ғабит Мүсірепов сөйлесе билік те, халық та тыңдайтын. Олар ұлтты оятатын. Ал енді тәуелсіздіктен кейін жағдай өзгерді. Оларда тіпті апаттық орынға баратын ақша да жоқ. Бұрын билік жазушыларды ондай жерге өзі жіберетін. Ақын-жазушылар барып, рухани күш-қайрат беріп, халықты сабырға шақыратын, - дейді Ерлан Төлеутай.

Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезіндегі жағдайды да былай сипаттап өтті.

- Назарбаев дәуірінде ақын-жазушы деген оппозиция саналды. Олар жазушылардың өздеріне маза бермей, халықты тонауға маза бермейді деп ойлады. Қаламақы деген жүйені жойып, кітаптарын бастырмай қойды. Ғалымдар үшін Ғылым Академиясын жапты. Өнердің беделін түсірді. Есесіне қанында өнері, бойында таланты жоқ адамдарды бүкіл БАҚ арқылы көтермелеп жұлдыз жасады. Ал шын мәнінде нағыз өнерпаздар далада қалды. Қазір оларды апаттық жерге жіберсең, халық танымайды да. Қоғам қазіргі әншілерді іздейді. Себебі мысалы Атырау халқы берекелі болды. Олар жұлдыздарға көп ақша шашып, әншісымаққа дейін ақша төкті. Олар соны іздейді, бұл заңды. Қарап отырсақ, ары мен ұяты оянғандар барып жатыр. Бірақ олар жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойламаймын. Бірақ, шын ниетімен көмектесіп жатқан өнерпаздар бар. Шың көңілмен жұмыс істеп жатқан өнерпаздарды құптаймыз, - деп пікір білдірді әнші Ерлан Төлеутай.

Айтыскер ақындар Сырым Әуезхан мен Жандрбек Бұлғақов су тасқынына әзіл-шыны аралас ән арнап, халықпен бірге күрек ұстап жүр. Ал композитор Марат Омаров су тасқынынан зардап шеккен отандастарына судың аржағында отырып, мұхит асқан Америкадан ән арнады. Ал кезінде Назарбаевқа күй арнап, ол биліктен кеткенде күйінің нотасын жыртып жүрген Шәміл Әбілтаев та қарап қалмай, өзінің «Тасқын» күйімен қиналған жұртқа жанашырлық білдірді.

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер