Тасқындар мен Ағындар командасы. Су басқан өлкеде 400-ден аса әйел босанды

1448
Adyrna.kz Telegram

Табиғи апат кезінде су басқан елді мекендерден 422 жүкті әйел эвакуацияланып, 405 әйел аман-есен босанды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеп.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, барлық сәбилер мен аналар патронаждық қызметтердің қамқорлығына алынған.

Айтуынша, медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің жұмысы күшейтілді.

«Су тасқыны басталғалы эвакуациялық пункттерде барлығы 106 медициналық пункт ашылды, оның ішінде бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының эвакуацияланған тұрғындары үшін 59 медициналық пост жұмыс істеуде. Медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 2100 медицина қызметкері, оның ішінде 299 дәрігер, 90 психолог тартылды», - деді Ә. Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсетуге 742 медицина қызметкері, оның ішінде 143 дәрігер, сондай-ақ 69 психолог тартылды.

«Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан созылмалы аурулары бар 1360-қа жуық адам эвакуацияланды. Олардың әрқайсысы медицина қызметкерлерінің бақылауында, дәрі-дәрмектермен қажетті көлемде қамтамасыз етілуде. Тасқыннан зардап шеккен 2 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілді», - деген Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева.

Сәуірдің 1-інде Ақтөбе облысының Ырғыз  ауданындағы су басқан Нұра ауылында әйел жүктіліктің 36 аптасында мерзімінен бұрын босанғаны хабарланған. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының  жіберген акушер - гинеколог, анестезиолог-реаниматологтан құралған бригада тасқын салдарынан межелі жерге дейін бара алмаған. Сонда ауыл дәрігерлері ананы өз беттерінше босандыруына тура келген.  Сонда жергілікті дәрігерлік амбулаторияға жеткізілген ана жалпы тәжірибелік дәрігер мен медбикенің қатысуымен әйел сәтті босанған.  Салмағы 2.8 кг және 3.50 кг болатын егіз қыз дүниеге келген. Соңынан анасы мен нәрестелері Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген.

Пікірлер