Қарағандыда құстарға арналған қолайлы ұялар көбейді

1554
Adyrna.kz Telegram

Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында құстарға арналып жаңа 100 ұя салынды. Бұл игі шараға еріктілер мен ардагерлер, депутаттар және белсенді тұрғындар қатысты.

– Біз қазір өз қаламыз бен бүкіл ел бойынша өтіп жатқан экологиялық акцияны қолдауға шешім қабылдадық. Қаламызда құстар ән айтып, шаһарымыз жайлы және әдемі болғанын қалаймыз. Бұл балалар табиғатты сақтау керек екенін түсінуі үшін қажет. Құстарға арналған ұяшықтарды балалар өз қолдарымен жасады, бұған тіпті бірінші сынып оқушылары да қатысты. Кейбіреулеріне ата-аналар көмектесті, - дейді Мартбек Мамраев атындағы мектеп-интернатының биология пәнінің мұғалімі Айжан Оспанова.

№ 2 лицейдің 5-сынып оқушысы Азалия Қадырова ерекше құс ұясын жасапты.

-  Шаңырақ түріндегі құс ұясын жасадым. Оны құстарға әдемі және жайлы болу үшін жасанды гүлдермен безендірдім. Мен бәрін өзім жасадым, анам тек қалай жақсырақ жасау керетігін айтты. Мен құстарға ұнайтынына сенімдімін, - дейді Азалия.

Қарағандыда құстар мен жануарлар үшін қолайлы орта құрудың маңыздылығын қалалық мәслихат депутаты Айдос Есжанов та атап өтті. Ол сондай-ақ орнатылған құс ұялары табиғатты аялайтынымыздың белгісі ғана емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін, құстарды қаламызға көптеп тартуға жақсы тәсіл болады деген пікір білдірді.

Акцияны ұйымдастырушылар қатарында Қарағанды Жастар ресурстық орталығы да бар.

– Біздің акцияға 150-ге жуық адам қатысады: кішкентай балалар да, жоғары сынып оқушылары да. Мақсат - қоршаған ортаға қамқорлық жасау. Орталық саябақта құстарға ыңғайлы болу үшін жүзге жуық құс ұяшығы ілінді, – дейді Қарағанды Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.

Құстарға арналған ұялар саябақтағы үшінші көлдің жанында ілінді.

Қалада барлығы 1000 құс үйі орнатылған.

Жоба "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясындағы "Жасыл аймақ" апталығында жүзеге асырылып отыр.

Пікірлер