24 cәуір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын зерттеу мен талдауға және баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Қазақстандағы баспа ісі және Зейнолла Сәніктің баспагерлік, редакторлық қыры» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Салтанатты рәсім жазушының шығармашылық мұрасын зерттеу мен талдауға және баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған. Конференцияға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Зейнолла Сәніктің отбасы, әріптестері, шәкірттері, белгілі баспагерлер мен дизайнерлер, студенттер қатысты.
Шара университеттің журналистика факультетінің фойесінде Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған кітап көрмесі және “Өмірінен үзік сырлар” атты фотокөрмені тамашалаудан басталды.
Көрмеден соң факультетте Зейнолла Сәнік атындағы «Баспагерлік – редакторлық орталықтың» ашылу рәсімі болды. Эстетикалық талғаммен, заманауи талаптарға сай жабдақталған кабинет журналистика факультетінің студенттерінің игілігіне пайдаланылмақ.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсімінің лентасын Зейнолла Сәніктің жары, ақын Шәмшабану Хамзатқызы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жамила Айтжанова кесті.
Конференцияға журналистика факультетінің деканы Темірғали Мұратбекұлы модераторлық етті.
Іс-шараны Жамила Айтжанова бастап, сөз сөйлеп, университет атынан Шәмшабану Хамзатқызына камзол кигізіп, орамал жапты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, профессор Гүлжахан Орда мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Дүйсенгүл Жақан Зейнолла Сәніктің шығармашылығы туралы баяндама оқыды.
Сондай-ақ, конференция барысында Зейнолла Сәніктің көзін көріп, еңбегімен танысқан ақын-жазушылар сөз сөйледі.
“Зейнолла ағамызбен 90-шы жылдардың ортасында танысып, содан бері білемін. Ол кісінің энциклопедиялық біліміне риза болмасқа амалым жоқ. Жан-жақты адам. Бүгінгі орталықтың атын беруде өте симфоникалық мәні бар. Өйткені, ол кісі баспагерлік қызметте айналысты. Қаншама ақын-жазушылардың кітабын басып шығарған адам. Көзінің тірісінде жиырмадан астам кітап шығарған екен. Сонбықтан бұл шара маңызды”, деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.
“ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС”
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов Зейнолла Сәніктің қазақ фольклорына қосқан үлесін атап өтті.
“Зейнолла Сәнік – қазақ руханиятындағы ерекше құбылыс. Өйткені, бізде фольклордың барлығы жиналған, жүз томдық жинап қойдық деп отырамыз. Бірақ бұл әлі толық жиналған жоқ. Тіпті, басым көпшілігі ұмытылып кетті деуге болады. Кеңестік дәуір кезінде біздің бүкіл этнографиялық құбылыстарымызға қарсы күрес басталды. Сөйтіп, біз санамыздан шая бастадық. Ал бұл Қытай қазақтарының ортасында қаймағы бұзылмай бертінге дейін сақталды. Сол дүниенің екінші нұсқаларын жинаған, кейбір жиналмай қалған дүниелерді зерттеген осы Зейнолла ағамыз деп айтуға болады.
1989 жылы бізде батырлар туралы әңгімелер енді қозғала бастаған кез. Сол кезде Зейнолла Сәнік бірінші рет Қытай қазақтарының арасына араб әліпбиінде жарияланған “Қабанбай батыр” жырының толық нұсқасын алып келді. Екі жылдан кейін Қабанбай батырдың үш жүз жылдығы аталып өтілді. Сол кездегі шығарылған еңбектер Зекең әкелген нұсқамен жазылып сақталды. Осындай қазақ руханияты үшін ерен еңбек етті” деді ол.
Ал “Атамұра” корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы Зейнолла Сәніктің баспагерлік қырына тоқталып өтті.
“Мен Зейнолла Сәніктің баспагерлік қырын айтайын. Мен Зейнолла ағамызбен екі рет кездестім. Бір рет үлкен мәдени шара болғанда “Атамұраға” келді. Соңында менімен жеке сөйлесті. Әлі есімде ол кісінің баспагерлік қасиетіне таң қалдым.
Ол: “Жақсы редактор болу үшін адам бірінші жазушы болу керек. Ал егер өзңнің жазған ештеңең болмаса мықты жазушыға қалай редактор боласын. Ол саған өз жазғанын түзетпейді де” деген болатын. Мен үнемі осы сөзді басшылыққа аламын. Баспаға қызметкер аларда да жазбаған адамды алмаймын,-" деді ол.
Сондай-ақ, Рақымғали Абрарұлы орталыққа “Атамұра” баспасының атынан жүз кітап сыйлады.
Іс-шарада Зейнолла Сәнік туралы естеліктер мен еңбектерін айта кете, композитор Секен Тұрысбек күй шертті.
Конференция соңында «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындысы жарияланып, Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалды. Үш номинациядан тұратын байқаудың қазылар алқасында “Қазақ газеттері” ЖШС директорының орынбасры Думан Анаш, Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбербек Көшенов, “Шалқар” радиосының директоры Болатбек Төлепберген, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Бейсен Серікбай, филология ғылымдарының кандидаты Қоңыр Мұқатаева, “Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының” атқарушы директоры Серік Қалиев болды.
“Жылда қазақ баспасөзін қолдауға көлемді қаржы бөлеміз. Зейнолла Сәнік мұрасын насихаттап жүрген студенттерге, ғылыми жұмыстардың авторына шәкіртақы тағайындау,сондай-ақ ұлт руханиятының, әдебиетінің өркендеуіне қор қолдау жасап келеді”, – деді «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев.
Шара соңында Зейнолла Сәніктің жары Шәмшабану Хамзатқызы мен жазушының ұлы Қанат Зейноллаұлы сөз сөйлеп, шара қатысқандарға алғыстарын білдірді.
“Бүгін қолдап келіп отырған ел ағаларына, баяндама жасаған ғалымдарға, бәріңізге рахмет! Біз қор өсіп жатыр, алда көп жоспар бар.Әр жылы осы жерде үлкен шаралар ұйымдастыруға ат салысайық. Осы жерде елімізге танымал журналистер шыға берсін,-" деді Қанат Зейноллаұлы.