ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚОҢЫР ОЮ — ӨРНЕКТЕРІ

Қазақ халқының ескі заман дәуірінен сөнбес мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен елімізді бүкіл әлемге мәдени қол өнерімен танытып келген «далалық өркениеттің» алтын бесігі Ұлы Дала кеңістігінде қалыптасқан. Қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы. Көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі қоңыр адамзат мәдениетінің дамуын қарастыратын болсақ, мәдениеттер арасындағы қарым-қатынастың, сұхбаттың үзілмей келе жатқанын көреміз. Белгілі ғалым Л.Н.Гумилев көшпелілер жайында былай дейді: «Біздің дәуірге дейінгі I ғасырдағы көшпенділер мәдениеті ерекше дараланды. Оның үстіне ХҮIII-ХIХ ғ.ғ. көшпелілер мәдениетінен көп жоғары болған.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті ғасырдан бастама алып, осыған орай мәдениеттің тарихи қозғалысын, заңдылықтарын біліп-танудың мәні артып отыр. Халық арасында көне мәдениет сырттан келген мәдениет ықпалымен жаңарып, толыққан үстіне толыға түсті деп ойлаймыз. Өйткені қазақ халқының еңбек етуінде көптеген өзгерістер болды. Сырттан келген мәдениетті өз өмір тіршілігіне байланысты өзгерткен. ХІХ ғ. 2-ші жартысы мен ХХ ғ. басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері ең жоғарғы даму баспалдағына көтеріліп, өмірде өз орнын ала білді. Қазіргі таңда біздің пікірімізше, қазақ қолөнерін жан-жақты этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы өте зор. Қазақтың қолөнері жалпы қазақ мұраларының даму жолындағы, мәдениеттің ішіндегі негізгі бір саласы. Біздің пайымдауымша, бүгінгі күн талабы ұлттық мәдениетті зерттеу, танып білу. Ұлттық мәдениеттің бір саласы қолөнер, яғни ою-өрнек болғандықтан, қолөнер шеберлерінің дәстүрлі талабын да жан-жақты зерттеу болашақ жастардың ісі. Қолөнер – баға жетпес, өшпес мұра. Оны қорғай да, қолдай да білуіміз керек.

Қазақтардың өнері дамыған сайын, тынысы кеңейіп, өнер түрлері Қазақстанның барлық жерлерінде түгелдей өрістеді. Әр өңірдегі өнердің қалыптасып, дамуына көрші халықтардың ықплы зор.

Ата-бабамыздың қолөнер мұраларын жақсарту – қазіргі заман жастарының ісі, халықтың ертедегі істері жарасымды жалғасын тапса, өнер дамыған үстіне дами береді.

Қазақ «өнер алды-қызыл тіл» дейді. Дегенмен, сурет өнері осы тілден бұрын пайда болған тәрізді. Өйткені сонау тас ғасырынан қалған таңбалы тастарда ою-өрнектер арқылы адам баласы тым ерте-ақ өз ойын суретпен жеткізуге талпынған көрінеді.

Сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінде үңгірді мекендеген адамдар өздерінің тірлігін сурет арқылы баяндап, үңгір қабырғаларына қашап салған екен. Бұл туралы археологиялық деректер мен ғылыми еңбектерде көрсетілген. Одан бері келетін болсақ, б.д.д. V-ІІІ ғ.ғ. сақ дәуіріндегі Пазырық қорғандарынан табылған ою-өрнектер қазіргі біздің ою-өрнектерден айна қатесі жоқ дүниелер. Сондықтан біздің тегіміз тым әріде жатқандығын, тіпті ұлт болып қалыптаспай тұрғанның өзінде ою-өрнектің тілі қазіргі біздің ою-өрнектің тілімен бірдей болып тұрғандығы. Соған қарап, бейнелеу өнерінің тарихы тіл өнері қалыптаспай тұрғаннан да бұрын басталғаны байқалады. Күні кеше Берел қорғанынан табылған зергерлік алтын бұйымдар қазақ халқының материалдық байлығының негізі екендігінде дау жоқ. Ондағы аң стилімен жасалған бұйымдарға қарап, зергерлік өнердің тым ерте дамып, биік шеберлікке жеткендігіне ғалымдар қауымы көз жеткізіп отыр. Сондай-ақ Жетісудан, Шілікті жазығындағы обалардан табылған Алтын адамдардың бойындағы әшекейлер тым биік талғам, асқан шеберлікпен орындалуы, тіпті бүгінгі зергерлердің қолынан келе бермейтіндей.

Ою-өрнек (латын тілінен аударғанда әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды, архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған жүйелі ырғақ пен қайталанып отыратын әр үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштар. Ұлттық ою-өрнек өзіне тән белгілерінің жүйелерін қазақ халқының қалыптасуымен әрі республиканың қазіргі аумағын мекендеген Азияның басқа да халықтары мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Бұл ортағасырлық архитектуралық ғимараттардағы көгеріс және геометриялық ою-орнектерден (Айша-бибі, Ахмет Яссауи кесенесі) айқын көрінеді. Қоңыр ою-өрнектің дәстүрлі тоқыма өнері үлгісінде, кестеде, ағаш, мүйіз, сүйек, металл мен теріге өрнек салу мейлінше жетілдіре түсті.

Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қазақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.

Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, ою-өрнек деп қосарланып айтылады.

Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнердің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.

Түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Түркі халықтарының қолтаңбаларында өрнексіз заттың мәні жоқ. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген. Қырғыздарда «қошқар мүйіз», «тұмар», «теке мүйіз», ұйғырларда «бадам», «шәдә», өзбектерде «пахта гүл», «бадам» деп аталады. Қазақтардың оюын сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деп үш топқа бөледі.

Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Ескіден келе жатырған мешіт, күмбез ою-өрнексіз жүзеге аспаған. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

Зергерлік – өте ертеден келе жатырған өнер саласы. Әсіресе, оған қазақ халқы көп көңіл аударады. Әртүрлі сәнді бұйымдар асыл тастардан жасалған қымбат заттар әлгі шеберлер қалдырған халықтық мұра болып табылады.

Қазақ даласында оюлар әр түрлі үлгіде дамыған. Еліміздің әрбір ай-мағының өзінің стильдік ерекшеліктері, үлгілері болған. Соған карамастан, барлық оюлардың бастапқы элементінің негізі — «мүйіз» тектес ою-өрнек болып саналады. Қазақ халқының түрмысында жиі қолданылатын: өру, тігу, тоқу, құрау, еріту, балқыту, қию арқылы үй жиһаздарын, құрал-саймандарды, киіз үйлерді, зергерлік бұйымдарды, кілем, алаша, сырмақ, терме алаша, қоржын, ыдыс-аяқтарды, киім-кешектерді ою-өрнектермен әшекейлеп, безендіріп отырған. Ғалымдардың пайымдауынша қазақ ұлттық ою-өрнектерінің, әзірше 230-дай түрі ғана анықталған. Біз солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған «мүйіз» тектес ою-өрнек туралы сөз етпекпіз.

«Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаула­ры ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «бүғымүйіз», «қырықмүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «төртқұлақ», «түйетабан», «сыңарөкше», «қосалқа», «қүсқанаты», «қаз-табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бүйымдарға ұтымды пайдаланып келеді.

Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нүсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп, оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер.

Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады.

Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін түспалдаудан пайда болған.

Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.

Қошқармүйіз оюы неше түрі формалаға еніп, қазақ бұйымдарының көбінде кездеседі. Әсіресе киіз үй жасауларының барлық түріне де салып тоқуға болады. Мәселен, текеметтің ортасына “қошқармүйіз” шет-шетіне “тұмар”, “шаршы” немесе “су” оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман – тілегі, Омыртқа – мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынады. Мұндай оюлардың формасы қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз тәрізденіп келеді де, кейде осы мүйіздің қолтығында қойдың құлағын долбарлаған шолақ мүйіз тәрізді тағы екі буын тұрады. Байқап қарағанда бұдан қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.

«Мүйіз» — қазақ оюының ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мүйіз»ою-өрнек кейде ұсақ кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «өркешмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши) мен түрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, ожау, жүкаяқ, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, садак), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады.

«Қосмүйіз» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен түрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бүғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, камзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«Тоғызтөбе» ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі болып саналады. Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде сақталған және кезінде «тоғыз-төбе» ою-өрнегі Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған. Ал қазіргі кезде қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ қолөнерінде кездеседі.

«Арқармүйіз» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді. (Кілем, тұскиіз, сырмақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).

«Сыңармүйіз» «қосмүйіз», «қошқармүйіз» деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Шебер орналастырылған «сыңармүйіз» өрнек композициясында дараланып тұрмай, жымдасып келеді, үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және текемет, сырмақты әшекейлейтін, жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.

Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі.

«Қырықмүйіз» ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт-бүрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. (Тұскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, архитектура сәулет өнерінде молырақ кездеседі).

«Сынықмүйіз« морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне үқсайды.

«Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе көгеніс оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Төрт тармақтан дөңгелек, «төртбұрыш», «төртжапырақ» құрайтын ою-өрнектер жасалады. Бұл оюлар, кебеже, жүк-аяқ, аяққап, батырлардың шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына, дөдегенің ортасына немесе шет бүрыштарына салынады.

«Үшқұлақ», «Үшжапырақ» ою-өрнектері барлық қолөнерге тән үш мүйізді, үш жапырақты, үш тармақты болып бейнеленеді. Х-Х1 ғасырда Тараз қаласындағы моншаның қабырғалары үш жапырақты ою-өрнекпен бейнеленген.

«Түйемойын« ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап иіле көтеріліп барып тармақталатын мүйіз оюы. Мұндай өрнек мәнері көбінесе күрделі бір мүйіз оюларымен түтас келеді де,»түйемойын» өрнегі сол топта өз алдына оқшауланып өзге денелерден озып тұратын түйенің ұзын мойнына ұқсайды.

«Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салы­натын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

«Айыр» ою-өрнегі «ашатұяқ», «айыртұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айыр құралға ұқсас болып келеді.

«Ботакөз» ою-өрнегі әшекейлі композицияның ортасына салынатын немесе бірнеше қайталанып келіп, шетін көмкеретін жиектеме түзейтін ою. Сырт пішіні ботаның көзіндей дөңгеленген ромбқа үқсайтын геометриялық ою-өрнек. Бұл орамалдың шетін көмкеретін жиектеме түзейді.

«Каңқа» ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдың құрап қалған сүйегін тұспалдайды. Алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.

«Қаpma» ою-өрнегі төрттүлік малдың дене мүшелеріне еліктеуден шыққан, және сол мүшелердің атымен аталып кеткен. Бұл өрнек түрі ағаш оюда, зергерлік бұйымдарда, кесте тігуде кездеседі. «Қарта» өрнегі жүрекке ұқсаңқырап келеді.

«Қабырға» бұл өрнекте қарама-қайшы түстер қатар алынады. Ақ не­месе сары фонда қара өрнек жүргізіледі. Бұл өрнек ағаш бетіне бедер түсіруде, кесте тігуде кездеседі және басқұрға да осы өрнектер жиі бейнеленеді.

«Омыртқа» ою-өрнегін кестелерден, өрме шилерден, сүйек пен ағаштан жасалған бұйымдардан жиі көреміз. Бұл өрнек түрі омыртқаның түрін тұспалдайды, ол әртүрлі үйлесімде түрленіп ою композициясының ортасына және жиегінде қолданады.

«Қайнар» ою-өрнегі малды өлкеде өмірге келген, оюдың түстері салкын түстер гаммасынан кұралады. Бүл ою-өрнек жайылымдар мен суаттардан тапшылық көрген елде пайда болған өрнек мал таңбасына ұқсайды немесе судың бір тамшысынан тұспалдайды.

Қорта айтқанда ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы ою ойған адамның жүрегі жылы, жаны нәзік болады.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқармүйіз онымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «түйетабан», «құсмұрын» т.б.аттармен аталған.

Бұл мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық қоңыр ою-өрнектерімізді, кәзіргі жаһандық заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялата білу біздің парызымыз.

Жұмагелді Нәжімеденов,

Мәдени саясат және өнертану институтының, акустика және музыкалық технология лабораториясының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент, домбырашы, дирижер

Пікірлер саны: 9

  1. Гүлханыс 19-Қаңтар, 2012, 12:50 пп

    Құрметті Жұмвгелді аға!
    Тілге тиек қылар тақырыпты қозғадыңыз. Осы оюларды суреттерімен жинақтадыңыз ба? Электронды адресіңізді маған жолдай аласыз ба?
    Гүлханыс Мекенбайқызы gulhanis@mail.ru

  2. Гүлханыс 19-Қаңтар, 2012, 1:10 пп

    Арман сәлеметсің бе!
    Маған Жұмагелді ағаның электронды адресін алып бере аласың ба? Алдын ала рахмет!І Іске сәт!
    Гүлханыс

  3. Орынғаным 21-Наурыз, 2012, 12:28 пп

    Қазақтың ұлттық өрнектерін жаңғырта берейік достаррр!!!!!!!!!!

  4. Ұлпан 29-Наурыз, 2012, 8:46 дп

    сәлеметсіз бе!
    Бұл сайтта ою-өрнек түрлері жайында ақпарат жазылған. бұл үшін Сізге өз алғысымды білдіремін.
    Оқырман тілегі ретінде жоғарыда аталған ою-өрнектің суреттері де көрсетілуін қалар едім.

  5. Сымбат 4-Сәуір, 2012, 9:57 дп

    Құрметті Жұмагелді аға!
    Тілге тиек қылар тақырыпты қозғадыңыз. Осы оюларды суреттерімен жинақтадыңыз ба? Осы ою-өрнектерді әдемі көйлектерге, көрпелерге, құрақ көрпелерге тігейн дегенмін. Алла разы болсын!

  6. Пазылова Жайна Балтабайкызы 26-Қыркүйек, 2012, 11:09 пп

    Ассалаумағалейкум! Құрметті Аға! Сіздің жазған ою-өрнек туралы мақаланыз өте унады.Электронды нұсқасы болса, отиниш: жіберсеңіз екен? Алла разы болсын!

  7. Пазылова Жайна Балтабайкызы 26-Қыркүйек, 2012, 11:12 пп

    Жумадил агамен калай хабарласуга болады?Маган комектесе екен.

  8. саягүл 29-Қазан, 2012, 12:47 пп

    Өю-өрнектерді суретімен салсаңыздар жақсы болар еді.

  9. мөлдір 8-Ақпан, 2013, 4:49 пп

    Рахмет! жазған маліметтерінізге қазақтын өнері жайында мәліметтер көп болса деп тілеймин, Алланың нұры жаусын.

Пікір жазу