Жайық суы тағы көтерілсе де ТЖД "қауіп жоқ" дейді

1410
Adyrna.kz Telegram
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Жайық өзенінің су деңгейі қауіпті деңгейден 7 см асты, бірақ Оралға қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі су тасқыны жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

БҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қасыбаевтың айтуынша, саяжай тұрғындарын алдын ала ескерту жұмыстары жүргізіліп, барлығы қауіпсіз жерге шығарылды, делінген Орталық коммуникациялар қызметінің Telegram-дағы арнасында жарияланған ақпаратта.

«Су көтерілгенде саяжайды күзетеміз деп қайтып барған азаматтар бар екені анықталды. Құтқару жұмыстары жүргізіліп, су басқан саяжайлардан адамдар шығарылды. Стеновик, 1, 2, 3-саяжайларда су деңгейі көтеріліп, авариялық құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 тікұшақ, 10 қайық, жеке құрамнан 230 жуық адам тартылды. Осы жұмыстардың арқасында Орал қаласына қауіп жоқ», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов эвакуациялаудан бас тартқан азаматтар мәжбүрлі түрде эвакуацияланатынын атап өтті.

«10 эвакуациялық пункте 2360 адам орналасқан, әлі 2786 адамға орын бар. Онда барлық жағдай жасалған», - деді спикер.

Пікірлер