22 cәуір күні MNU университетінде “AL Jazeera week” ашылу салтанаты өтті. “AL Jazeera” халықаралық журналистика мектебінің студенттеріне бір апта бойы тренинг өткізеді. Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен AL Jazeera Media Network компаниясымен ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында университет басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен AL Jazeera Media Institute басшысы Эман Аль-Амри ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Катар телеарнасының мамандары студенттерге жаңалықтар репортажы, деректер журналистикасы, мобильді журналистика, цифрлық журналистика және жаңалықтар жүргізу курстары сияқты тақырыптар бойынша теориялық және тәжірибелік дәріс оқиды.
Спикер Ресул Сердар Атас бұл ынтымақтастық өзара тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік деп санайды.
“MNU студенттері шынымен өте ақылды екенін байқадым. Олардың лекция барысында қоятын сұрақтарына қарап оқуға деген қызығушылығы бірден көзге түседі. Бұл тренинг Аль Жазира медиасы мен Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет арасында байланысты нығайтады. Дегенмен бұл тек Аль Жазираның тренингі деп қабылдау қате. Себебі, бұл екі ұйым арасындағы ынтымақтастық - яғни екі жақтық жұмыс”, - дейді ол.
Халықаралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалова іс-шараның бір жыл аралығында ұйымдастырылғанын айтты. Болашақта тағы тренерлерді алып келу тіпті жас журналистерді практикаға жіберу ойда бар дейді.
“Аль Жазира бүкіл әлемдік топ 10 телеарна қатарына кіреді. Оларда BBC сияқты бұрыннан қалыптасып келе жатқан медиа тарихы болмағанымен, 15-20 жылдың ішінде осындай деңгейге жетті. Бұл арна ашылған кезде Британия мен Американың CNN, BBC, ABC-да жұмыс істеген ең мықты журналистерді тартып жергілікті мамандарға білім берді. Сол себепті бір апта бойы өтетін тренинг студенттерге күшті практика”, - дейді Айгүл Жамалова.
AL Jazeera — Дохада орналасқан, 1996 жылы Катар Әмірінің жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Ол Ауғанстандағы коалиция күштерінің әуе соққылары жайлы хабарлап, Усама бен Ладеннің мәлімдемелерін көрсете бастағаннан кейін әлемге танылды. Телевизиялық компания әлемнің көптеген елдерінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады. Жалпы 50-ден астам шетелдік бюролары бар.
Ақбаян Арапшаева