Алаш партиясының құрылуы және ұлт зиялылары

0
40

Еліміз егемен болып, атымыз шартарапқа танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту — әр азаматтың қасиетті борышы. Қазақ тарихында XX ғасырдың бас кезі – түрлі оқиғаларға, саяси өзгерістерге толы кезең. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар одан әрі дамытты. М.Сералин бастаған  «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылып, белгілі бір бағдарламалық  тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Сонымен, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек ақпан революциясынан кейін қалыптасты [1]. Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды [2]. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» — дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік  кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Съездің күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелердің бірі – «қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» болды. Бұл мәселелерге байланысты бюро жасаған тұжырым мынау еді: Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Қазақ мақсаттарын теріп, бағдарлама жасап, сол мақсаттарға жету шарасын қарастырып қазақ партиясын қалай жасау, қандай жол құру, оны осы жалпықазақ съезінде кеңесуіміз керек [3]. Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның  мынадай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсібір авторлардың  «Алаш» партиясы шілдедегі жалпықазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін біржола жоққа шығарды. 1917 жылғы жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған «Алаш» партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллигенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым  «Алаш» партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірінің негізсіз екендігін көрсетеді [4]. Империялық езгідегі қазақ қоғамы жағдайында «Алаш» партия ретінде  өзінің идеологиялық негізі етіп, әрине, жалпыұлттық мүддені, қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша болуы да мүмкін еместін. Ә.Бөкейханов  «бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынды. Олардың арасында Ж.Ақбаев, А.Бірімжанов, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А.Кенжин, С.Сабатаев, М.Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар; Уақытша үкімет комиссарлары мен мұғалімдер, дәрігерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді. Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан мәселелер қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Сөйтіп, бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы  шешім қабылдағанымен, күзге дейін, яғни Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқаны қызғанға дейін ол партияның  түрлі деңгейдегі ұйымдарын құру ісімен ешкімде айналыса қоймады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 5 қазандағы санында Ж.Досмұхамедовтың хаты жарияланады. Ол Құрылтай жиналысын дайындайтын кеңесте, «Шура-Исламда» , Бас жер комитетінде және басқа көптеген орындарда жалғыз өзі жүргендігін білдіріп, қазақ партиясының бағдарламасын жазуға уақыты мүлде қалмайтындығын айтып шағым жасайды.       Уақыттың тым аз қалғандығын түсіне отырып, «Қазақ» газетінің басқармасы  Ж.Досмұхамедовтың хатын алған соң, 5-қазан күнгі санында «Алаш партиясы» деген бас мақала жариялап, онда былай деп көрсетеді: «Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалмағанымен жалпықазақ съезінің қаулысы жасалмақ программаның негізі болсын делінген еді. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш » ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін  «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек». «Алаш» партиясының ұйымдарын ашу және бағдарламасын жазу қалай жүрді. Ғылыми әдебиетте «Алаш» партиясы негізін сәуір және мамыр айларында құрылған қазақ комитеттері құрды, ал осы комитеттердің активистері «Алаш» партиясының мүшелері болды деген пікір бар. «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Мәселен, Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен  және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жұлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылады. «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер  өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұратын уақытша комитетін  ашумен аяқталады. Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланды. Комитет мүшелері оған құрметті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды. «Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза» сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов, төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазынашысына Ж.Жәнібеков сайланады. «Алаш» партиясының жарияланбағанымен, белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы (жарғы) да болған. Ол жөнінде партияның Семейдегі облыстық комитетінің құрылуына байланысты «Қазақта» жарияланған материалдан мынадай деректі оқимыз: «Алаш» партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты-комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шышынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн» [5]. Қорыта келгенде, Алаш — Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы. Алаш- Қазақстанның «Мәңгі ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы [6]. Ұлт зиялыларының қажырлы еңбегі кеңестік мемлекеттік мекеменің негізін қалады. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған – Алаш қозғалысы тақырыбы қазіргі таңда отандық тарихымыздың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қайта зерттелуде. Алаш зиялыларының өмірі мен ісін мұқият зерттеп, олардың жетістіктерін бағалап, қателіктерінен сабақ алу, даналығын бағамдап, олар ашқан ақиқатты пайымдау қажет.


Айгерім ЖҮСІПОВА, ҚР Ұлттық музейі Қорларды жинақтау,

есепке алу және сақтау қызметі,

қорларды жинақтау секторының қызметкері 

Источник: http://e-history.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ