Дәстүр дегеніміз не?

 “Ұлттық дәстүр” тіркесі – қазіргі таңда өмір¬де жиі қолданылатын, екінің бірінің аузын¬дағы сөз. Бірақ оның мәні мен мазмұнына сол екінің бірі жете бара бермейтіні де шындық. Қазіргі таңда оны ұлттық таным тұрғысынан ғылыми талдап, анықтамасын айқындап, мән-мағынасын жалпы көптің түсінігіне жеткізіп жатқан ғалымдарымыз да байқалмайды. Содан да болар, дәстүр сөзін әркім өз таным-түсінігіне қа¬рай орынды, орынсыз қолдана беретіні байқалады. Мысалы, қалың көпшілікті былай қойған¬да, қазіргі ат арқасында жүрген басшы азамат¬тарымыздың өзі дәстүрді тар шеңберде, экзоти¬калық-сахналық көрініс тұрғысынан қабылдап, оны қазақтың байырғы тұрмыс-тірлігіне қатысты әдет-ғұрпының, кәсіби ерекшелігінің, өнерінің және басқаларының бір бөлігі деп қарайды.

Олар жайшылықта ешкім кимейтін, әлем-жәлемі көп, ою-өрнекті киімді қазақтың қыз-жігіттері мереке күндері киіп, осы мереке үшін арнайы тігілген киіз үйде отырып, қазақы тамақ ішілсе, дом¬бырада күй тартылып, халық әндері шырқалса, соғұрлым ата-баба салтын сақтап, халықтық дәстүрімізді өмірге батыл енгізіп жүрміз деп ойлайды. Әрине, мұнда қандай бір ұғымға болсын орыстық таным-түсінік тұрғы¬сы¬нан қа¬рауға қа¬лып¬тастырған кешегі кеңес¬тік тәрбиенің табы жатқаны түсінікті. Өйткені, кеңес ғылымы бізге “дәстүр дегеніміз белгілі бір қо¬ғам¬да, таптар мен әлеумет¬тік топтарда ұзақ уақыттар бойы сақта¬лып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырылатын әлеуметтік және мәдени мұраның элементтері” (Советский энциклопедический словарь. М. 1982. стр. 1338-1339.), — деп үйретіп келді ғой. Ал бұл, шындап келгенде, дәстүр жөніндегі қазақы таным-түсінікпен сорпасы қосылмайтын, үйлесімі жоқ, шолақ қайырым, келте түйін еді. Дәстүрді әдет-ғұрыппен де, мәдениетпен де шатастыруға әсте болмайды. Әдет – әдет, ғұрып – ғұрып, дәстүр – дәстүр. Әрқайсысы өзінше жеке атауға ие. Соған сай әрқайсысының өзіндік ұғымы, мән-мағынасы бар. Сондықтан оларды “ағайындас екен” деп бірін-біріне шатастырудың реті жоқ. Дәстүр дегеніміз, біздің таным-түсінігіміз бойынша, белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жо¬лын¬дағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау тезінен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни бүгінгі түсінікпен айтсақ, қатал тір¬лік¬тің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекі¬тіп берген конституциясы. Оған басқа ұлттың ор-тақтығы жоқ. Оның бір ұлтқа тәуелділеніп, “ұлт¬тық дәстүр” деп аталуы да сол бір ғана ұлт¬қа тәндігінде, жалғыздығында. Қазақтың дәстүр сө¬зіне “салт” сөзін тіркеп айтатындығы¬ның мәні де, оның осы даралығында. “Салт” сөзі жа묬ғыздықты, даралықты білдіреді. Сонда “ұлт¬тық салт-дәстүр” деген белгілі бір ұлттың өзіне тән жеке дара дәстүрі деген ұғымға саяды. (Са¬лыс¬¬тырыңыз: салт ат, салт бас, салт жүріс, т.б.). Белгілі бір ұлттың адамзат өркениетінің ортақ өрісіне шығып, дамып жетілуі де, құлды¬рап төмен кетуі де осы ұлт дәстүрінің сақталуы мен бұзылуына байланысты. Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады: қазақ қазақ болудан, орыс орыс болудан, шүршіт шүр¬шіт болу¬дан, т.б. қалады. Ал бұған керісінше, қалып¬тасқан дәстүрі бұзылмаған елдер халықтық қал¬пына селкеу түсірмей, өзіндік өмір сүру заңды¬лық¬тарын сақтай отырып, ел көшін замана тала¬бына сай жетілдіре дамытып, алға ілгерілей бере¬ді. Мұндай елдің іргесі берік, мәртебесі биік. Олар отарлану салдарынан қалыптасқан дәстүр¬лерінен айырылып қалған біз құсап, Ата Заңын өзге елдің Конституциясы¬на негіздеп жазбайды. Заң баптарын ұлттық дәстүрлеріне негіздейді, соны басшылыққа алады. Хатталып қағазға түс¬пегенімен, дәстүрдің әр бабы сол ұлттың әр аза¬ма¬тының бойына анасының сүтімен, атасы¬ның тәрбиесімен, ортасының өнегесімен дарып, санасына жазылып қалған. Бұл жағдайлар, не¬гізінен, өмірі бодандық қамытын киіп көрмеген азат елдерге тән. Мұның жарқын мысалы – Англия. Ұлттық дәстүр сол ұлттың құрамына кірген халықтардың өмір сүру заңдылықтарын бойына сіңіре отырып, өзіне тән ерекшелікпен дамып, сол ұлттың негізіне, моральдық-эстетикалық болмысына айналады. Оның ұлттық дәстүр аталуының мәні де осында. Бұл ретте оны, яғни ұлттық дәстүрді белгілі бір байырғы құрылыстың суға шайылса да, желге мүжілсе де небір дауыл соққысына шыдап, құламауын қамтамасыз ететін берік іргетасымен салыстыруға болады. Өйткені, кез келген ұлттың замана дауылына төтеп беріп, кезеңдік саясат ағымының иіріміне түсіп кетпей, халықтық бірлігін, ұлттық тұтастығын сақтап қалуы үшін де ұлттық дәстүр сондай қажет. Мұның солай екеніне көз жеткізу үшін тарих тағылымына ден қойып, кешегі отарлау зама¬нында мәдениеті мен экономикасы әлсіз, артта қалған елдерді жаулап алып, боданына айнал¬дыр¬ған қуатты елдердің жүргізген отарлау сая¬сатының астарына сәл үңіліп, зер салсақ, жетіп жатыр. Сонда отарлаушылардың қай-қайсысы да – мейлі ол ағылшындар ма, француздар ма, болмаса орыстар ма, – бәрібір, бәрінің бірдей, ең алдымен, отарлап алған елінің ұлттық дәс¬тү¬рін өзгертуге, тарихи жадын өшіріп, ұлттық са¬наны жоюға мақсатты түрде кірісетіні бірден көз¬ге түседі. Өйткені, олар, америкалық үндіс¬тер¬дің белгілі көсемдерінің бірі Чарльз Минс айт¬қан¬дай, ұлттық дәстүрінен айырылмаған ел¬дің ұлттық намысының күшті, ұлттық мүд¬де-сінің ортақ болатынын, ондай елді басым қару кү¬ші¬¬мен құртып жіберуге болғанымен, құл қы¬лып тұрақты ұстап тұра алмайтынын жақсы білген. Сондықтан да олар, ең алдымен, отар¬лаған елдерінің ұлттық дәстүрін жойып, оның орнына өз дәстүрлерін кіргізуге бар күштерін салған. Кешегі орыс пат¬ша¬лығы да, кеңес өкіметі де бізге солай істеді. Елі¬мізді бөлшектеп, мемлекетсіздендіруге; тұтас¬тығымыздан айырып, ұлтсыздандыруға; дәстүрі¬мізді жойып, ұрпақты рухсыздандыруға; тарихи жадымызды өшіріп, мәңгүрттендіруге күш салды. Бұл ретте, ұлттық дәстүрді бейнелі түрде айт¬¬сақ, сан бұтағын самсата өсіріп, жапырақ жайып, жайқала көркеюін қамтамасыз етіп тұр¬ған сүйекті ағаштардың тереңге тартылған та¬мырына теңеуге болады. Тамырынан айырылған ағаш, ол: терек пе, емен бе, қарағай ма, т.б. – бәрі¬бір, өзіндік қасиетінен айырылып, діңі әлсі¬реп, бұтағы қурап, жапырағы желге ұшады. Ақы¬ры құлап, кәдімгі қураған дөңбекке айналады. Дәстүрінен айырылған халық та солай. Ол: қазақ па, орыс па, жоқ, әлде басқа ма, бәрібір, ұлт¬тық қасиетінен айырылады, тұтастығына жарықшақ түседі. Ұрпағы “жеңіл тулақ желге ұшадының” кебімен, ағымдағы саясат желінің өтіне төтеп бере алмай, соның ығына жығылып, қайда айдаса, сонда кетеді. Сөйтіп, дәстүрінен айы¬рылған ел елдігінен, халықтығынан айыры¬ла¬ды, өзгеге тәуелді болып, соның айтқанына көніп, айдағанына жүретін болады. Ал халықтық салт-дәстүрінен айырылмаған ел, бұған керісінше, тамыры қиылмаған өсімдік секілді, қанша езіліп жаншылса да, қолайлы жағдай туса болды, қайта көктеп, жетіліп кете береді. Мұның жарқын мысалы ретінде шығыстағы көршілеріміз қытай мен жапон халықтарын айтсақ та жеткілікті. Өткен ғасырдың басында санының көптігіне қарамай, отарлаушы елдердің талауына түсіп, жері мен елі бөлшектеніп кеткен қытай халқы енді есін жинай бастағанда кешегі коммунистердің қолдан ұйымдастырған Мәдени төңкерістің (революция¬ның) дауылына ұшырағаны белгілі. Сондай есең¬гіреп қалған қабырғалы елді қайта қатарға қосқан құдыретті күш – халықтың қалыптасқан байырғы төл дәстүріне оралуы еді. Елдіктің ежелгі тамы¬рынан нәр алған халық аз жылда ес жиып, ауырт¬палықтың бәрін артқа тастап, әлемнің ең мықты ел¬дерімен терезе теңестірді. Кейбір саясат¬кер¬лер “ХХІ ғасыр – қытай ғасыры” дегенді айта бастады. Әрине, негізсіз емес! Болмаса, екінші дүниежүзілік соғыс өртінен өлімші болып, құр сүлдері шыққан жапондарды алы¬ңыз. Олар да бастарына қандай қиындық туса да, халықтық салт-дәстүрден айырылмай, соның арқବсында ХХ ғасырдың екінші жартысының есігін “жа¬пондық дәстүр, еуропалық білім” деген ортақ ұранмен ашты. Сөйтіп, олар өз діндерін, өз¬дерінің ұлттық мәдениетін сақтай отырып, Батыс өркениетіне енді. Осының арқасында жапон¬дықтар әр салада еуропалықтарды тез қуып жетті де, әлем¬дік өркениет төрінің қақ ортасынан ойып тұ¬рып, орын алды. Ешкім “сен былай тұр” дей алма¬ды. Қазір жапондықтарға өзгелер қызыға да қыз¬ғана қарайды. Өткен жылы Токиода өткен басқосуда әлемнің ең мықты сегіз елінің басшы-лары¬ның жапондықтардың кимоносын киіп, балаша мәз болып, суретке түскенін көріп, дүниежүзі дәстүр¬ге берік елдің киесін сезінгендей болғаны әлі есте. Міне, ел болып өсіп, өркендейміз десек, бізге де көсегемізді көгертер күретамырымыз – халық¬тық дәстүрімізге адал болып, ХХІ ғасырдың есігі¬нен “қазақы дәстүр, әлемдік білім” деген ұранмен аттап, өркениет төрінен тиесілі орнымызды енші¬леу¬міз қажет. Даму қарқыны зымырандық жыл¬дам¬дыққа ілескен қазіргі заманда бізге енді еуро¬па¬лық біліммен бірге әлемдік білімге құлаш ұру қажет. Солай дегенімізбен, біз, өкінішке қарай, кешегі бірін-бірі жалғастырған патшалық, кеңестік отарлаушылардың екі жарым ғасырға созылған ойраны салдарынан бұзылған халықтық дәстүрімізді қалпына келтіруге әлі күнге мақсатты қадам жасай алмай отырмыз. Дәстүр – ата-бабамыздың өзге жұрттардан кем қалмай, іргелі ел болсын деп бізге қалдырған асыл мұрасы, алтын қазынасы екенін ұғынатын кез жетті. Қазынасынан айырылғанның қайыршыға айналатыны да өмір дәлелдеген шындық. Көне заман ақылгөйлерінің ірі өкілі атақты Пифагордың: “жақсы жасалған заңнан жақсы салт-дәстүр артық”, – деп тұжырым жасауы да; өз халқымыздың: “қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан (дәстүріңнен) айырылма” деп өсиет қалдыруы да; ұлы әулие Қожа-Ахмет Ясауидің көшпелілер өміріне исламды кіріктіруге олардың халықтық дәстүрін негіз етуі де тегінен-тегін болмаса керек. Шынында, ақыл таразысына салып, зерделеп байқасақ, біздің бүгінгі қызылкеңірдек болып: “ел болу үшін өйту керек, бүйту керек” деп, айқайласып жүргендегі көп керектің шешілер түйіні, түптеп келгенде, бұзылған халықтық дәстүрімізді қалпына келтіріп, оны қастерлеп, замана талабына сай жетілдіре алуымызға тікелей байланысты екенін сезіне алар едік. Сезінген сайын халықтық дәстүріміздің құнын біліп, қаншалықты қажеттілігін ұғынар едік. Ұғынсақ, халықтық қасиетіміздің қорғаны дәстүрімізді қалпына келтіруге жабыла кірісер едік. Бірақ, өкінішке қарай, біз оның орнына, керісінше ұлттық дәстүрімізден бірте-бірте алшақ¬тап, ажырап бара жатқан сияқтымыз. Ең жаманы – соны сезініп, “солай екен-ау” деп, оған мән бе¬ріп жатқан да жоқпыз. Соған орай бүгінгі тірлігі¬міздегі көрініс беріп отырған келеңсіздіктердің пай¬да болуының басты себебі – халықтық дәстүрдің не екенін өзіміздің жете білмегендігімізден, соны өмір сүру заңдылығының негізіне айналдыра алмағанымыздан ба деп ойлаймын. Өйткені, қазір ұлтымызға қатысты бір нәрсенің байыбына барып, бағамдау орнына, қит етсе аттанға айқай қосып, байбалам салуға бейімделіп барамыз. “Ойбай, құртып жатыр, құрып жатыр” деп бажылдаймыз, бірақ “неге олай болып жатыр” дегенге жауап іздеп бас ауыртпаймыз. Құрып жатқанмен, құртып жатқанмен қалай күресу керектігін білмейміз. Ал бұл – берекесіздікке бастар жаман әдет. Мысалға бәріміздің жанымызды ауыртып жүрген ана тіліміздің жағдайын алайықшы. “Ана тілі қуатынан айырылып, құрып бара жатыр” деп бажылдағанымызға жиырма жылға жуық уақыт болды. Әйтеуір еркіндіктің жылымығы сезілгеннен бері дуылдатып келеміз. Не тындырдық? “Тіл туралы заң керек” деп шуладық, арнайы заң қабылданды. “Қазақ тілі қоғамы құрылмай болмайды” дедік, ол да құрылды. “Негізгі заңымызға “Ана тілі — мемлекеттік тіл” деп жазылуы қажет” дедік, ол да жазылды. Ана тілі мәселесіне арналған конференциялар өткізу керек дедік, оның да бірнешеуін дүрілдетіп өткізіп тастадық. Алайда осыдан тіліміз оңалып, төрт аяғынан тік тұрып кете алды ма? Жоқ, кете алған жоқ. Тіліміз сол баяғы босағадан сығалаған өгей баланың күйінде. Тілді дамыту орнына, тіл үшін күресіп жатқандардың бейнесін (образын) жасадық. Қабылданған қаулы қабылданған, жазылған заң жазылған күйінде қалды. Өткізілген шаралардың қағазға түскен қомақты мәліметі қалды. Өйткені, біз мәселенің неге бұлай болуының, яғни тіліміздің бұлайша тұралауының түпкі себебін ашқан жоқпыз. Бұл ретте біздің жасаған әрекеттеріміздің бәрі науқас адамның ауруының диагнозын дәл тауып қоймай тұрып, әйтеуір қиналып жатқан жанға қол ұшын беру керек қой деген ниетпен қолда бар дәрісін соның ауызына тықпалай бастаған емшінің тірлігіндей еді. Шынында, ана тіліміздің бұлайша құл¬дырауы¬ның да басты себебі – сол баяғы отарлаушылардың мақсатты түрде тұрақты жүргізген ішкі-сыртқы саясатының күшімен ата-бабамыз қалыптастырған отбасы тәрбиесінің, яғни тәрбие дәстүрі мәдениетінің бұзылуынан болатын. Әр үйге өңмеңдей кірген жат дәстүр өз дәстүріңді сыртқа ысырып тастап, қазақты бір-бірімен орысша сөйлеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, ата-бабамыз сөйлеген аяулы ана тіліміз отбасында қолданылудан қалды. Әр қазақ өз үйінде әке-шешесімен, туған-туысымен, бала-шағасымен өзге тілде шүлдірлесті. Кейбірі соны кәдімгідей мәртебе санады. Егер халықтық дәстүріміз қалыптастырған отбасы тәрбиесі бұзылмай, әр қазақтың баласы бұрынғыдай өз ұясында өз тілінде ауызданып, өз әке-шешесімен, бауырлары¬мен өзінің сол ауызданған ана тілінде сөйлессе, қазақ тілі бүгінгідей күйге ұшырар ма еді?! Ұшырамас еді. Ұшырамаған соң, қазақ тілі елімізде бүгінгідей халықтық проблемаға айналмас та еді ғой. Олай болса, бүгінгі дімкәс тіліміздің ауруын емдеуді де сол бұзылған отбасы дәстүрін қалпына келтіруден бастау қажет емес пе! Бұл арада, әрине, тіл мәселесінің тағдырын тек отбасы тәрбиесімен ғана шешеміз деген жалаң ұғым тумаса керек. Мұнда мәселе бастау-бұлақтардың суынан құралып, арналы ұлы дариялар ағатынындай, қайнар көзі отбасы тәрбиесімен ашылып, бұлқына аққан бала-бұлақтың ана тілі дариясын тасытар құнарлылығында болып отыр. Сондықтан тіл тағдырын ойлаған, оған жаны ашыған әр адам айқай-сүрен салмай-ақ, ұрандатпай-ақ, өзінің отбасындағы бұзылған тәрбие дәстүрін қалпына келтіріп, үй іші болып, бір-бірімен ана тілінде сөйлессе, бүкіл адамгершілікті ұғымдар бала санасына сол тіл арқылы сіңірілсе, бұл мәселе біраз уақыттан кейін өз-өзінен шешіліп қалмас па еді. Мысалы, тіл мәселесін көтергенімізге жиырма жыл болыпты. Осы уақыт ішінде әр қайсысымыз өз отбасымызда бір-бірімізбен өз тілімізде шүйіркелесіп, сәбиіміздің ана тілінің уызымен ауыздануына мүмкіндік беріп, ұлттық танымның тұнығынан нәр алдырсақ, қазір қаншама бала қазақ тілінде сайрап, ұлттық дәстүрге сай тірлік жасап жүрген болар еді. Бірақ біз, өкінішке қарай, олай істеген жоқпыз ғой. Ендеше, неге даурығамыз, неге бұған әлдекімдерді кінәлап, әуре боламыз. Соңғы кезде бейне сырттан біреу келіп жасап беретіндей-ақ, енді “тілдің дамуы үшін тілдік орта керек” дегенді айта бастадық. Рас, тіл тағдырына қатысты тілдік ортаның қа¬лып¬тасуы басты шарт. Онсыз тілге кең өріс жоқ. Бірақ сол ортаны толықтыратын, оған ұйытқы болатын да осы өз ошағында ана тілінің уызына жарып, ұлттық ұғым-түсінікті бойына сіңірген ұрпақ, яғни жаңағы алды бұл күнде жиырмаға келген жастар емес пе? Балаларымызды өзіміз тәрбие¬леп, ана тілінде сөйлейтіндердің санын өзі¬міз көбейтпесек, қанша жерден ұрандатқаны¬мызбен, ойдағыдай тілдік орта қалыптастыра алмаймыз. Баяғы даурыққан қалпымызбен, әлдекімдерді кінәлап, әлдекімдермен айтысып-тартысып әлі талай жиырма жылды өткізуіміз бек мүмкін. Оған басқаны былай қойғанда, ана тілімізге жанашыр болып, мінберлерден көсіле сөйлеп, көп көңілін өзіне аударып жүрген, та¬ным-түсінігі дұрыс деген кейбір азаматтары¬мыз¬дың әлі күнге өз отбасында баласымен, неме¬ре¬сімен орысша шүлдірлесетіні де айғақ бола алады. Ал мұны мәселенің төркінін танып, түбегейлі шешім жасамаудың, айтуға бар да, жүзеге асыруға жоқтықтың қырсығы демеске не шара?!. Өз ұясында өз ата-анасымен өзге тілде шүлдірлесіп өскен баланың сыртқа шыққанда қазақша көкірек ашып, күмбірлемесі анық. Қазіргі қазақ мектебінде оқитын балалардың сабақ аралық үзіліске шыққанда бір-бірімен қазақша шүйіркелеспей, орысша шүлдірлесетіні осының айғағы. Тіліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз. Оған салғырт қарау – өзгені емес, өзімізді сый¬ламау, ұрпақ тағдырын ойламау. Тіл мәселесінің байыбына жетіп, түйінін шешу – біздің төл ша¬руамыз, атқарар ісіміздің киелісі. Біздің проб¬лемамызды сырттан келіп біреу шешіп бермейді. Сондықтан даурықпа сөзді қойып, уақыт оздырмай жұмыла іске кірісу қажет және оны әркім өзінен, өзінің отбасынан бастағаны жөн. Дәстүрді заң дедік, ал заң бұзған адамды қылмыскер деп есептейді. Олай болса, халықтық дәстүрге деген адалдығымызды танытып, ұрпақ алдында қылмыскер болмауды ойлағанымыз жөн болмақ бәрімізге!. Осы орайда қадай айта кетуді тілейтін бір жәйт – тіл мәселесін саясат ойынына айнал¬дыру¬ға жол бермеу қажеттігі. Істің тағдыры шеші¬лер құзырлы орындарда мәселенің білікті¬лікпен талап етілмеуін орыстілділер өз мүдде¬леріне пайдаланып, “қазақ тілі” мен “мемле¬кеттік тіл” ұғымдарын саяси ойынның жаңылтпашына айналдырып келеді. Сондықтан да олар “қазақ тілі” мен “мемлекеттік тіл” деген ұғымдардың арасына әдейі жік қоймай, олардың мәні бір болғанымен, әлеуметтік статусы екі бөлек екенін ажыратпауға тырысады. Сөйтіп, олар тіліміздің Ата Заң берген құқығына толық ие болуына байланысты мәселе қаралғанда, сөз арнасын әдейі “мемлекеттік тіл” ұғымына емес, “қазақ тілі” ұғымына аударады да, оған қарсы өз уәждерін айтып, шулап шыға келеді. Өйткені, “Қазақ тілі” – қазақтың тілі, оны білу-білмеу әркімнің өз шаруасы, мемлекеттік тұрғыдан оны біреуге біл деп міндеттеуге болмайды, ол – адам құқығына қол сұғу. Ал “мемлекеттік тіл” – сол мемлекеттің азаматы деп саналатындардың, ол қазақ па, орыс па, басқа ма – бәрібір, бәрінің ортақ тілі. Елдің Ата Заңы “мемлекеттік тіл” деп бекіткен тілді білу – сол мемлекетте тұратын, сол мемлекеттің мемлекеттік мекемесінде қызмет істейтін адамдар үшін заң, бәрінің ортақ міндеті, конституциялық құқығы. Мемлекеттік тілді білмеу – Ата Заңды мойындамаушылық, заң бұзу¬шы¬лық. Әлемнің барлық іргелі мемлекет¬терінде солай. Біздің жиырма жылға созылған, нәтижесі жоқ, дау-дамайымыздың көп болуының бір себебі осы – мәселенің әу бастан басын ашып, талаптың біліктілікпен нақты қойылмауының салдары екенін де мойындап, тиісті қорытынды шығарғанымыз жөн. Ендігі жерде мәселе қазақ тілі жөнінде емес, тек мемлекеттік тіл жөнінде ғана болуы керек және оны білуді баршадан бірдей табанды түрде талап ету қажет. Бұған ешкім қарсы да бола алмайды, уәж де айта алмайды.

Қойшығара САЛҒАРИН, жазушы-ғалым.

Пікірлер саны: 1

  1. асель 10-Наурыз, 2012, 1:47 пп

    жалпы салт дастур деген не

Пікір жазу