Алтын баладан – алып эпопеяға

3850
Adyrna.kz Telegram
Солдан оңға қарай: Мұрат Әуезов, Рахымғали Құл-Мұхаммед, Мұхтар Құл-Мұхаммед
Солдан оңға қарай: Мұрат Әуезов, Рахымғали Құл-Мұхаммед, Мұхтар Құл-Мұхаммед

Мұраттың дүниеге келуі Әуезовтің шығармашылығындағы ең ұлы белес – «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруімен тұспа-тұс келді.

М. Әуезов қанша ұлы адам болса да, ол ең алдымен, ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде еді. Ұрпағы еркек кіндікпен жалғасатын елдің өкілі ретінде алғашқы үш ұлы сәби кездерінде шетінегенде басқа түскен батпандай қасіретті қара нардай көтеріп алса да, шерлі жүрекке шемен байланды.

Данышпан Абай айтатын: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, үмітті сәуле етіп көз көп қадалған», – дейтін кезеңге аяқ басқанда көкейдегі тұманы сейіліп, үзіле бастаған үміті жарқырай жанды. Мұраттың өмірге келуі беріштене бастаған шер-шеменді жібітіп, оның әкелік бар мейір-шапағаты дүние есігін ашқан кішкентай тіршілік иесіне ауады.

Фатиманың айы-күні жақындай бастаған 1942 жылдың қараша айында Мұхтар сырқаттанып қалады. Желтоқсанда ауруханадан шығып, Фрунзе арқылы Меркіге соғам деген жоспары да орындалмай, қаңтарға дейін төсекке таңылады. Фатимаға 1942 жылдың 4 желтоқсанында жазған хатында: «Операция дұрыс өтсе, өзім сапарға жүруге жарар болсам... қайтарда жолшыбай Меркіге соқпақпын. Осы жолға барып, сенің босанған халіңді көріп, баламды өз көзіммен көріп, біліп қайтсам деген қатты құмартып ойлаған ойым осы», – деп перзентінің өмірге келуін асыға күтіп жүргенінен хабар береді.

Мұраттың дүниеге келгендігі туралы сүйінші хабарды ағасы Разақ жеткізіпті. Фатимаға 1943 жылдың 26 қаңтарында жазған хатында:  «Аман-есен айыққаныңа қуанышты болдым. Аты кім екенін әлі білмеймін. Кішкенеңнің өмірі ұзақ болсын. Тым құрыса, бір қысқа хат жазсаңшы», – деп мінезі бұртаңдау Фатимадан хат жазуын қиыла сұрайды.

«Шебер құдай» дегенді қазақ тегін айтпаған ғой, Мұрат анасының құрсағына біткен 1942 жылы ұлы жазушының ғұмыр бойы армандаған, 1937 жылғы «Татьянаның қырдағы әнінен» басталып, «Абай» трагедиясында жалғасқан, одан «Абай Құнанбаев» атты іргелі монографияға ұласып, енді міне, «Абай» атты ғажайып романға айналған болашақ эпопеяның алғашқы кітабы қазақ қауымына жол тартып, алыстағы ауыл мен арпалысқан майдан даласына дейін шарлап кетті.

Жер-жаһанды соғыс өрті шарпып, адамзат атаулы жан алысып, жан берісіп жатқан шақта қазақтар ата салтына сай аруақ шақырып, бабалар рухына сыйынады. Халықты жеңіске жігерлендіретін қолбасшылар, батырлармен қатар, ұлттың ұлы ұстазы, кемеңгер Абайдың да аты аталады.

Қайғыдан қан жұтқан халықты серпілтіп, жеңіске жетелейтін күрескер «Абайдың» тезірек жарық көруіне сол кездегі билік те мүдделі болды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сияқты Алаш ұранды ақын-жазушыларды былай қойғанда, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған қазақ кеңес әдебиеті классиктерінің аты-жөні мен шығармаларының атын атауға тыйым салынған кер заманда «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқандай» жарқ ете қалған жаңа роман бүкіл қазақ қауымын дүр сілкіндіріп, қолдан түспейтін кітапқа айналды.

«Абайды» оқудан алған оқырман ләззатын көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 1943 жылғы жиналыста сөйлеген: «Абай» романын неше рет қайталап оқысам – сонша, әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын байқамай келген тереңдік табам», – деген сөзінен аңғаруға болады.

Қазақ қауымы жазушының «самородный сары алтындай» ойы қайшыға да, талқыға да түспей, саф күйінде жарыққа жеткен ғажайып романын жабыла мақтап, жағалай оқуға кіріскен кезде шекесі торсықтай Мұраттың өмірге келуі қаламгердің шабытына шабыт қосып, Әуезов өндірте жазуға кіріседі.

Мұраттың жолы құтты болып, 1943 жылдың қарашасында Мұхаңның киелі шаңырағында тағы да іңгәлаған сәби үні естіліп, Ернар дүние есігін ашты. Бұл жазушыны одан әрі қанаттандыра түсті. Әуезов «Абайдың» екінші кітабын жаза жүріп, замана талабымен «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш» және «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесаларын, «Абай» операсының либреттосы мен «Абай әні» кинофильмінің сценарийін де сәтімен аяқтайды.

Фатиманың мұрағатында Мұхтардың қат-қабат оқиғалар мен қауырт шаруаларға толы 1943–44 жылдарда жазған үш хаты сақталған. Хаттардың сирек тартуы бір жағынан көңілін көп алаңдатқан ұлы қаз тұрып, қадам басқан соң жазушының жаны жай тапқанын көрсетсе, екінші жағынан «Абайдың» бірінші кітабын орыс тіліне аудару, аудармашылармен, редакторлармен күнделікті жұмыс және романды Мәскеуде басып шығарудан туындаған машақаты мол тірлікпен де түсіндіруге болады.

Солардың бірінде: «Кішкентай Мұраттың саушылығы, өсуі қалай? Өзің анда-санда Мұрат жайын, өз күйіңді жазып тұр. Кейде аса қатты көргім келеді. Қызығыңды аз көргеніме өкініп те қоям. Жаңа жыл құтты болсын. Мұратайым жақсы өссін!» – деп жазады. Хаттың датасы қойылмаса да, жаңа жылға мегзеуіне қарап, 1944 жылдың қаңтары деп шамалауға болады.

Қырық төртінші жылдың жазы деуге келетін келесі хатта: «Мұратайға бір кішкене туфлиді Мәскеуден әкеп ем, аз үлкендеу ме, өлшеуін біле алмадым. Бірақ кеңірек болса, ешнәрсе етпес дедім, болмаса дәл туфлиге айырбастап аларсың», – деп бір жарым жасқа енді толып, аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай сәбиіне шынашақтай  ғана туфли алғанын айтып, жаны қалмай бәйек болады.

Мұхтар Әуезов «Абайды» орыс тіліне аударуға ерекше ден қояды. Ол Мәскеуде танылмай, Одақтық деңгейге шықпай «Абай» романының да, өзінің де тағдыры әлі бұлыңғырлау екенін жақсы түсінді. Біз жазушының жеке басынан өткен оқиғаларды оның шығармашылығындағы айтыс-тартыспен шендестіре қарастыру арқылы оның өмірінің қаншалықты мехнатқа, күреске толы болғандығын аңғарамыз.

«Абай» романының алғашқы кітабының қазақ тілінде басылуы сәтімен түссе де, оның орыс оқырмандарына жетуі оңай бола қойған жоқ.

Қазақ әдебиеттану ғылымында «Абай жолы» эпопеясы 4 кітабының жазылуы, талқылануы, сынап-мінелуі, тіпті сыңаржақ сыншылар бастап берген бұл даудың соңы үлкен саяси науқанға айналып, ақыр соңында      М.Әуезовтің бас сауғалап, Қазақстаннан кетуі жайлы аз жазылған жоқ.

Солардың ішінде белгілі ғалымдар Р. Нұрғали, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Қ. Мұхамедханов, Т. Жұртбай, А. Ісмақова, Д. Қамзабекұлы еңбектерін ерекше атап өткен ләзім. Әсіресе, профессор Т. Жұртбайдың мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағаттық материалдары негізінде жазылған үш томдық «Ұраным – Алаш!..» атты іргелі монографиясы бұл салаға қосылған сүбелі үлес болды.

Кеңес заманында «халықтар достығына», «әдебиеттер байланыстарына», «ұлт жазушыларының ынтымағына» көлеңке түсіреді деген желеумен, ал шын мәнінде сұм заманның сұрқия шындықтарын ашатын бұл мұрағаттардың құпия қорлары зерттеушілерге мүлде жабық болды.

Қазақ әдебиеттанушыларының басым көпшілігі «Абай жолының» негізгі аудармашысы ретінде ленинградтық жазушы Леонид Соболевтің атын жиі ауызға алады. Бүгінде есімі Қазақстанды былай қойғанда, Ресейдің өзінде ұмытыла бастаған, жазғандарының түгелге жуығы қазіргі орыс әдебиетінің жағасына жаңқадай лақтырылып тасталған бұл қай жазушы, қандай аудармашы? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Социалистік Еңбек Ері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, КСРО Жоғарғы кеңесінің бірнеше мәрте депутаты, әуелі Ленинград Жазушылар ұйымын басқарып, 1957–70 жылдарда Ресей Жазушылар одағының төрағасы сияқты лауазымды қызметтерді атқарған, атақ-даңқынан ат үркетін Соболевтің бар оқып, тауысқаны – орта білім деңгейіндегі теңізшілерге арналған кадет корпусы екен. Оның «Ревелдегі Ленин» деген алғашқы очеркі Әуезов өзінің классикалық пьесалары, әңгіме-повестерімен европалық әдебиет биігіне көтеріліп үлгерген 1926 жылы ғана жарық көріпті.

Соболевтің өмір бойы жазып, замана саясатына қарай ылғи түзетулер енгізумен болған жалғыз романы – «Капитальный ремонт» (шынын айтқанда, сөз өнерін сыйлайтын аудандық газет журналисі де өз мақаласына мұндай ат қоя бермейді) 1932 жылы алғаш басылғанда бірден Сталиннің назарына ілігіп: «Пусть Соболев пишет, что хочет и когда хочет», – деген екен. Мұндай индульгенциядан кейін бетімен кеткен Соболев аяғын талтаңдай басып, ойына келгенінің бәрін істепті.

1934 жылы өткен КСРО жазушыларының тұңғыш съезінде оның тағы бір «жұлдызы жанып», ол Сталиннің құлағына майдай жаққан: «Партия и правительство дали советскому писателю решительно все. Они отняли у нас только одно – право плохо писать», – дейтін «тарихи» сөзін айтады.

Бүкіл Украина, Кавказ, Волга бойы мен Қазақстанды голодомор – ашаршылық жайлап жатқан зұлмат заманда «бізге партия бәрін берді» деп сайрап тұрған жазушыны большевиктер партиясы атақ-марапатқа қарық қылып, топырлата төгіпті.

Әуезов Соболевпен түрме деген тар қапастан шыққанына екі-ақ жыл болған, алғашқы шығармалары «Еңлік–Кебек», «Қарагөз», «Хан Кене» пьесалары мен тарихи романы «Қилы заман» қатты сыналып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұстаздары абақтыда отырғанда, «Абай» журналын бірлесе шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен бірге мақала жазған Жүсіпбек Аймауытов атылып кетіп, мойнына зіл батпан ауыртпалық түскен зобалаң заманда танысыпты. Қазақтың игі жақсыларының басынан бақ тайған кезде Мұхтар Мәскеу мен Ленинградтағы қолы ұзын, ығы зор жазушылардан таяныш іздейді.

Тарихи съезден кейін Ілияс Жансүгіров бастаған Қазақстан қаламгерлері революция бесігі – Ленинград жазушыларымен шығармашылық байланыс орнатып, біздің қаламгерлерді Б. Лавренев, Л. Соболев бастаған жазушылар сол кездің тілімен айтқанда «шефтік қамқорлыққа» алады. Әрине, мұның соңы Соболевтің Қазақстанға келіп, қонақжай қазақ жазушыларының көл-көсір дастарханы мен ыстық ықыласына бөгумен аяқталады.

М. Әуезов 1939 жылы автордың ғана емес, қазақ драматургиясының зор табысы ретінде танылған «Абай» трагедиясын аяқтайды. Жазушының Алматыдағы мұражайында шығарманың араб қарпімен жазылған үш түрлі нұсқасы сақталған. Әлбетте, оның бірде-бірінде Соболев қаламының ізі де жоқ және болуы да мүмкін емес. Бірақ кеңес заманында жарық көрген М. Әуезов кітаптарының бәрінде және сол замандағы театр афишаларында өмірінде орыс тілінде сыңар пьеса жазбаған Л. Соболевтің есімі менмұндалап тұр.

Трагедияны орыс тіліне де Мұхаңның өзі аударады. Оның да 1941, 1944, 1948 жылы жарияланған үш нұсқасы бар. Теңавтор құқығын иеленген Соболев орыс көрерменіне түсініксіз деген желеумен ондағы қазақ өмірінің тұрмыс-салтынан туындайтын көріністерді сыпырып тастап, тіпті кейбір кейіпкерлерді «қысқартуға» дейін барады. Соболевтің сөлекеттеу кеңестерін амалсыздан қабылдаған Әуезов трагедияның үзінділерін 1940 жылы «Литературная газетада» екеуінің авторлығымен бастырып, келер 1941 жылы орыс тіліндегі толық нұсқасын жарыққа шығарады.

Әуезов проза және драматургиядағы қазақ эпосы мен фольклорынан тамыр тартатын жойдалы туындыларының түп негізін ғылыми тұрғыдан тереңдете зерттеп, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген орыс тілінде жазылған іргелі еңбегін 1939–40 жылдары Мәскеудегі «Литературный критик» журналында жариялайды. Қазақ халқының жар-жар, беташар, жоқтау, естірту т.б. тұрмыс-салт жырлары, ертегілер мен аңыз әңгімелер, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты батырлар жыры, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман–Шолпан» тәрізді ғашықтық жырлары терең талданған бұл зерттеуді оның дәл қылышынан қан тамған сталиндік репрессияның ызғары басылмай тұрған 1939 жылы Қазақстанда жариялай алмайтыны анық еді. Тіпті жарық көре қалған күннің өзінде онсыз да тағдыры қыл үстінде тұрған жазушының жағдайы тым қиындап кетуі әбден мүмкін болатын.

Алысты болжайтын кемеңгер өзінің бүгінгі және болашақ көркем шығармаларына өзек болған эпостық кейіпкерлерді қорғау үшін өмірде қазақ ауыз әдебиетін былай қойғанда, орыстың былина, сказание, скоморошиналарына қатысты қалам тартып көрмеген, бірақ Сталиннің еркетотай жазушысы Л. Соболевті қосалқы авторлыққа алады. Ол «мынау ыңғайсыздау ғой» дегенді мүлде жиып тастап, шиыра қол қояды. Мәскеудің беделді журналында басылып, орыс фольклористерінің үлкен бағасына ие болған бұл еңбек М. Әуезовті он шақты жыл бойына таптық принциптен басқа талғампаздық атаулыдан жұрдай, ұрда-жық сыннан қорғауға әжептәуір септігін тигізді.

Соғыс қарсаңы – 1940 жылы Мәскеуде Абай шығармалары орыс тілінде жарық көреді. Әрине, мұның алғы сөзін де өзі орыс тілінде ең болмағанда пышақтың қырындай поэзия жинағын шығармаған, Абайдың бір өлеңін орыс тіліне аудармаған «қазақ эпосы мен фольклорының білгірі», әйгілі «Абай» трагедиясының тең дәрежедегі авторы Л. Соболев жазды. Бұл мақаланы жазуға кім «көмектескенін» айтудың өзі артық...

Жұртшылық жылы қабылдаған «Абайдың» алғашқы томы қара тақтаға жазылмай тұрғанда Әуезов оны тездетіп орыс оқырманына жеткізуге барын салады.

АННА МЕН ТЕМІРҒАЛИ

Бұл кезде Алматыға әуелі бекзат қыздарға арналған Александров институтын, 1924 жылы Ленинград университетін, кейін оның аспирантурасын тәмамдаған, француз әдебиеті классиктерін орыс тіліне еркін аударудан жақсы тәжірибе жинақтаған Анна Никольская дейтін Әуезовпен өмірінің соңына дейін достық, шығармашылық, отбасылық жақын қарым-қатынаста болған білімдар әдебиетші келеді.

Сахаров орталығының деректері бойынша Анна Борисовнаның әкесі                Санкт-Петербург университетінің құқық профессоры Б.В. Никольский монархистік көзқарасы үшін 1919 жылдың өзінде атылып кеткен екен. Анна бұдан соң кіндік әкесі саналатын сол кездегі Ресей Федерациясының Сыртқы істер халық комиссары, атышулы революционер Г.В. Чичеринге жолығып, бұтаны қорғалаған торғайдай пана іздейді. Кейін КСРО Сыртқы істер министрі қызметіне дейін жоғарылаған қара жүректеу қайраткерден еш қайран болмапты.

Алматыға үш жылға жер аударылып келген Анна Никольская сол кезде оқытушылары тапшы Қазақ педагогика университетінде доцент міндетін атқарып, француз тілінен сабақ береді. Зиялы, жан-жақты білімді, Европа, орыс әдебиетін жақсы білетін, француз, неміс тілдерін еркін меңгерген Анна қазақ фольклоры, әдебиетімен танысып, қазақ тілін үйренуге ықылас қояды.

Анна Никольская Әуезов туралы «Листки воспоминаний» атты әдемі естелік қалдырыпты. Екеуі 1935 жылы Қазақстан Жазушылар одағында                       С. Сейфуллиннің төрағалығымен өткен қазақ эпостарын орыс тіліне аударуға арналған жиында танысыпты. Бейтаныс ортадағы өзіне тапсырылған жаңа міндетке Никольская қатты жүрексінген екен.

Ол Мұхаңды алғаш көрген сәті туралы: «Вошел очень яркий человек. Молодое, совсем не похожее на другие лица. Яркая улыбка. Яркий блеск больших, немного на выкате темных глаз. ...И опять улыбка – такая приветливая, такая сверкающая, что все мои колебания и сомнения по работе сразу находят опору: пришел доброжелатель, пришла помощь», – деп жазады.

Иә, Никольскаяны ішкі түйсігі алдамапты. Әуезов оған ұзақ жылдар бойы қол ұшын созған қайырымды жанға айналды. Осы кездесуден кейін Никольская Мұхтар Әуезовпен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, Мұхаңның ұсынысымен және кеңесшілігімен қазақ фольклорының інжу-маржаны «Қыз Жібекті» түпнұсқадағы бар бояуын сақтап, орыс тіліне аударады. Анна Мұхаңның үйінде жиі қонақта болып, өзімен жерлес Валентина Николаевнамен жақын араласып, қызы Ләйлаға бауыр басып кетеді.

Албан көтерілісіне арналған «Қилы заман» авторының нұсқауымен 16-жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысушылардың өлең-жырларын аударып, «Революционные песни повстанцев-казахов ХІХ в.» атты жинақ шығарады. Оның бұл еңбектері әлемдік деңгейдегі шығыстанушы, академик А. Самойлович бастаған ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болады.

Репрессия дауылы сормаңдай Аннаны тағы да есеңгіретіп, ол 1937 жылдың 10 желтоқсанында НКВД-нің Алматы облысы бойынша үштігінің шешімімен 10 жылға сотталып, Сиблагқа айдалады. Денсаулығы әбден нашарлап, өлім халіне жақындаған А. Никольскаяны 1943 жылы лагерьден шығарып, Алматыға қайтарады. Ол өмірінің соңына дейін дертіне – қуат, жанына шипа болған осы қалада тұрақтап қалды.

Әуезов Никольскаяны қазақ фольклорымен таныстыруды жұлдызды аспаннан бастаған. Бұл туралы Анна: «Я слушаю, как завороженная. Ауэзов – великолепный рассказчик. Казахское небо открывается для меня, я как будто читаю по звездам древние легенды народа. В своих рассказах он восхищается фантазией своих далеких предков», – деп тебірене жазады.

Мұхаң Аннаға қазақ эпосы мен әдебиеті жайлы мол мағлұмат беріп, біртіндеп болашақта атқаратын басты мақсат – «Абайды» аударуға дайындайды. Ұлы жазушы өз басының аңдуда жүргеніне қарамастан, НКВД органдарының талап етуі бойынша А. Никольскаяға келісті мінездеме жазып, мүбәрак қолын қойған.

Тақырыптан ауытыңқырап, А. Никольскаяның өмір деректерін қазбалап кетуіміздің бір себебі – ұлт әдебиетінің ұлы мұрасы саналатын «Абай жолы» эпопеясының орыс оқырмандарына жетуіне зор үлес қосқан, кейін Махамбет, И. Байзақов, Н. Байғанин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Т. Ахтанов т.б. шығармаларын орыс тіліне аударған, қазақ әдебиетінің шын мәніндегі жанашыр досы саналатын осы бір мұңлық жанның өмірі мен шығармашылығы, әсіресе «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі кітабын орыс тіліне аудару тәжірибесі арнайы, іргелі зерттеуге сұранып-ақ тұрғанына жас ғалымдардың назарын аудару.

А.Б. Никольскаяның әкесіне, өзіне қатысты тергеу материалдарынан әлдеқашан құпиялық грифі алынып тасталған. Әсіресе, оның өмірінің қазақ әдебиетінің тарихымен тығыз байланысты Алматы кезеңі өзінің зерделі зерттеушісін күтуде. Мұндай жанға қол ұшын беруге біз де дайынбыз.

«Абай» романы республикада қазақ әдебиетінің зор табысы  ретінде мойындалып, бүкілхалықтық ықыласқа ие болған соң ол 1943 жылы Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Орыс тіліне аударылмаған шығарманы Мәскеу тарапынан қолдаушылар табылмай, роман сыйлықтан қағылады. Сапалы аударманың жоқтығынан алғашқы талабы сәтсіздікке ұшыраған Мұхтар бес жылдан астам сталиндік лагерьде азап шегіп, 1943 жылы ғана бостандыққа шыққан Анна Никольскаяның Алматыға оралуына ақ періштенің келуіндей қуанады.

Әуезов «Абайдың» орысшаға аударылуына зор жауапкершілікпен кіріседі. Романның жолма-жол аудармасын жасауды Ленинградта жоғары білім алған, орыс, қазақ тілдеріне бірдей ағып тұрған Темірғали Нұртазинге тапсырады. Мұхаң Темірғали інісімен Ленинградқа келіп-кетіп жүрген 1934 жылы танысыпты. Әуезов әр сапарында Ленинградтың драма және опера, балет театрларындағы жаңа қойылымдарды түгел қарап, осы саладағы жаңалықтардың бәрінен хабардар болып жүреді екен. Екеуі алғаш театрда ұшырасыпты. Кейін әңгімесі, пікірі жарасқан соң аға мен іні ұстаз бен шәкірттей араласып кеткен. Т. Нұртазин ұлы жазушымен қалай танысып, қандай қамқорлық көргені жайлы «Жадымдағылар» атты келісті естелік қалдырыпты.

Т. Нұртазин да 1937 жылы ұсталып, төрт жыл абақты азабын тартты. Түрмеден шыққан соң Мұхаңа жолығып, ақыл-кеңестерін алып тұрған. Ресей тарапындағы қазақи отбасында тәрбиеленіп, ана тілімен қатар, жастайынан орыс тілінде мектеп, жоғары оқу орнын бітірген Т. Нұртазин студент кезінен орыс және қазақ тілдерінде өлең, әңгіме, публицистикалық мақалалар мен әдеби сын еңбектерін жазып көзге түсе бастайды.

Түрмеде отырған жылдары шығармашылық еңбекке әбден сусаған                   Т. Нұртазин мен А. Никольская «Абайды» аударуға қуана кіріседі. Әдетте, бірнеше тілді меңгерген полиглоттардың тілдің нәзік иірімдерін айрықша сезе білетін ерекше интуициясы болады. Ал өз ісіне мұқият, асқан жауапкершілікпен қарайтын Темірғали мен Анна осындай жандардың қатарынан еді.

Аударма жұмысының ерекшеліктері жайлы А. Никольская: «Қызғану – завидовать и қызығу – проявлять интерес, восхищаться, ...жорға, например, значит – иноходец, а также дипломат, человек обходительный, красноречивый и тонкий в разговоре, ... слово «бауыр» означает «печень», а также «родственник», «сородич». Каждый такой случай приходится разрешать в отдельности, стараясь по мере возможности сохранять специфику оригинала», – деп әр сөздің мағынасына қалай бойлағанын тәптіштеп көрсетеді.

«Абай жолын» Сталиндік сыйлыққа ұсынуға сақадай сай дайындықпен бару үшін 1944 жылдың 15 мамыр күні Алматыда ғылыми және шығармашылық қауымның кеңінен қатысуымен романның жан-жақты қоғамдық талқылауы өткізіледі. Бұл талқылаудың жай-жапсары туралы                         А. Никольскаяның естеліктері мен М. Әуезовтің 50 томдығында ештеңе айтылмаған. М. Әуезов мұражайы 2013 жылы «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» атты жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын жарияланбаған еңбектердің бір парасын шығарды. Аталған жинақта осы талқылаудағы Анна Никольскаяның: «Книга носит название «Абай». А я бы сказала, что это больше, чем Абай: это подлинная эпопея, книга о Казахстане третьей четверти прошлого столетия. Эта книга... самого широкого познавательного значения, в которой найдет интереснейший материал и историк, и этнограф, и литературовед, и психолог», – деген көрегендік сөздері келтірілген («Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова». А., 2013, 355-бет).

«Көрегендік» дейтініміз, бұл кезде романның бір ғана кітабы жарық көрген. Оның неше том болып жоспарланғанын автордан басқа ешкім білмейді. Ал Рабле, Флобер, Гюго, Стендаль, Бальзак, Золялардың ұлы романдарын түпнұсқа тілінде оқып, мөлдірете талдайтын Анна ханым «Абайдың» алғашқы кітабын аударып шыққан соң қазақ халқының ғаламат эпостарынан қуат алған эпопеяның лебін сезіп, зор әлеуетін бірден аңдаған.

Анна Никольская сияқты орыс аристократиясынан шыққан, Императорлық Санкт-Петербург университетінің белді профессорының қызы, өзі Кеңес Одағы сияқты ұлы империяның ең беделді университетін аспирантурасымен қатар тауысқан білімді, білгір, тумысынан зиялы жанның роман табиғатын тамыршыдай тап басып берген бағасына Мұхаң да қатты риза болады. Ол өзінің Никольскаяға жазған хатында: «Дорогая Анна Борисовна! Договорился с Сатпаевым о том, что по напечатании одного (самого лучшего) экземпляра будет представлен ему Вами с Вашим отзывом о романе (высказывание Ваше на обсуждении)», – деп жаза келіп, сол кезде түсіріліп жатқан «Абай» кинофильмінің сценарийіне қосылған Көкбайдың өлеңдері мен ертекші Баймағамбетке қатысты тұстарын тездетіп аударып, режиссер Е.Е. Аронға тапсыруды өтінеді.

Көп ұзамай Мәскеуге Сталиндік сыйлық беру жөніндегі комитетке ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың атынан ұсыныс хат, Т. Нұртазиннің жолма-жол тәржімесі негізінде А. Никольская жасаған романның көркем аудармасы, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының басшысы Қ. Сәтбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы атынан              Ғ. Мүсіреповтің қолы қойылған қорытынды пікірлері қоса жіберіледі.

Сталиндік сыйлық беру жөніндегі комиссияның 1945 жылдың 20 наурызында өткен отырысында келіскен көркем аудармасы, республика басшылығының ұсынысы, ғылыми және шығармашылық қауымдастықтың жоғары пікірі болғанына қарамастан «Абайдың» жолы екінші мәрте кесіледі. М. Әуезовке А. Фадеевтің өзі қарсы шығып: «Первый том сюжетно как обрезанные провода. Сюжетная линия пропадает. Сам Абай не стал Абаем, ему 25 лет, он еще не начал творить. Ауэзов человек нестарый, пусть поработает», – деп кісімсіне ақыл айтып, кекірт қорытынды жасайды.

Александр Фадеев – кеңес заманында асыра дәріптелген жазушы. Ол Әуезовтей алыпқа жоғарыдан төмен астамсына пікір айтып тұрған кезде саяси конъюнктура мен газеттік жалған ақпаратқа құрылған «Жас гвардия» романын әлі жариялай қоймаған, КСРО Жазушылар одағы көп хатшыларының бірі еді.

Фадеев кейін Әуезов жөніндегі пікірін өзгертіп, ол қудаланған 50-жылдары қолдау да көрсеткен. Оған орыс жазушысымен ұзақ уақыт сырлас дос болған, «Абай» романын өте жоғары бағалаған Ю. Либединский әсер еткен болуы мүмкін. Өйткені Ю. Либединский 1951 жылдың 13 желтоқсанында «Абай» романы туралы «Литературная газетаға» «Путь великого просветителя» атты көлемді мақала жазып, көтеріңкі баға берген.

Романды Сталиндік сыйлық комиссиясында талқылау барысында оның орысша аудармасынан кінәрат тапқандар болған. Сол себепті Әуезов «Абай» трагедиясының «телавторы», Сталиннің еркесі – Л. Соболевті тауып, оған романның орыс тіліндегі басылымының жалпы редакциясын басқаруды ұсынады.

Осы тұста мына бір мәселенің басын ашып алғымыз келеді. «Абайдың» бірінші кітабын автордың қатысуымен Т. Нұртазиннің жолма-жол аудармасы арқылы жеке-дара тәржімелеген – Анна Никольская. Романға сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Мұхтар Омарханұлы сол кезде толтырылған құжаттарда үнемі оның есімін көркем аударма жасаған жалғыз тәржімеші ретінде анық көрсетіп отырған.

Мәскеуде өткен екі бірдей талқылау барысында романның авторы да, екі бірдей аудармашысы да «халық жауы» ретінде айыпталып, түрмеде отырғаны, айдауда болғандары жайлы арыз-құрыздар комиссия мүшелеріне Қазақстан жағынан қардай бораған. Сол себепті Мұхаң болашақта осындай арызқойлардан қорғану үшін Мәскеу мен Ленинградтың емен есіктерін еркін ашатын Л. Соболевтің есімін амалсыздан «редакциясын басқарған» деп қоқита көрсетуге мәжбүр болды.

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед

академик

 

 

 

Пікірлер