Туғанына 165 жыл толған Мүрсейіт Бікеұлы алғашқы абайтанушы ма?

619
Adyrna.kz Telegram

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толмақ. Ал ұлы ақын мұрасын халыққа аман жеткізген алғашқы абайтанушы Мүрсейіт Бікеұлының туғанына 165 жыл толды. Абайтанушылар Мүрсейіттен кейін оның жазғандарын большевиктерге көрсетпей мазарға көміп сақтап, Абайдың «қара сөздерін» бүгінге жеткізген Мүрсейіттің ұлы Рақымбайды да айрықша атайды.

165 жыл бұрын (1860-1917) Абайдың шығармаларын насихаттаушы, ел арасына таратушы Мүрсейіт Бікеұлы дүниеге келді. Ол Семейде төрт жылдық орыс мектебін бітірген. Орыс, қазақ, араб әдебиетімен біршама таныс болды. Біраз жыл Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь болып жұмыс істеді. Ел ішінде мектеп ашып, бала оқытады. Кейін ұлы ақын Абайдың әдеби хатшысы болған. Мүрсейіт Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан тұңғыш басылымының түпнұсқасын құрастыруға қатысып, оған корректорлық еткен. Бүгінге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен.

Қазір бұл қолжазбалар Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мүрсейіттің абайтану ғылымына қосқан үлесін М.Әуезов «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалады.

Қазақтың ойшыл тұлғасы, біртуар перзенті Абай Құнанбайұлын сан қырынан зерттеген ғалымдар аз емес. Дегенмен, олардың зерттеуіне арқау болып, Абайдың көзін көріп, өлеңдерін қағазға түсіріп, ақынның қолжазбаларын ұрпаққа жеткізген кім екенін көбі біле бермейді. Абайдың әдеби хатшысы болған Мүрсейіт Бікеұлы туралы не белгілі? Бұл туралы абайтанушы ғалымдардан сұрап көрдік.

АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ХАТШЫСЫ 

«Абай Академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абайдың қазіргі таңға дейін жарық көрген академиялық толық жинақтары, түрлі құрастырушылардың басшылығымен әр қилы баспада жарияланған жинақтар Мүрсейіттің қолжазбалары негізінде жарық көріп келгенін айтады.

- Қазақ әдебиеттану ғылымының абайтану саласындағы есімі құрметпен аталатын абзал жандардың бірі – Мүрсейіт Бікеұлы. Мүрсейіт қара жаяу адам да емес. Ол Семейде орыс мектебінде, кейін Бұхарада білім алған. Семей оязының кеңсесінде тілмаш, сонымен қатар қағаздарды жазушы болып қызмет атқарған. Мектепте мұғалім де болған. Оның тиянақтылығы мен көркем жазуын байқаған Абай еліне алдырып, қасында ұстап, балаларының сауатын ашу ісіне, жазу мәдениетіне үйретуіне пайдаланады. Ең негізгісі Абайдың жазған өлеңдерін жазып, тарату, насихаттау ісіне белсене араласады. Ел ішіне Мүрсейіттің қолжазбаларымен ақынның қаншама өлеңдері тарап, Шыңғыстау жерінің, Абай елінің қыздары тұрмысқа шыққанда жасауымен бірге хәкім мұрасы тарап жатты. Осылайша Абай мұрасының алғашқы насихатшысының бірі де осы Мүрсейіт болатын.

Жандос Әубәкір Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы да осы Мүрсейіт нұсқасымен жарық көргенін айтады.

- Әлихан Бөкейханұлының ықпалымен, Мүрсейіттің ыждағатты жазуымен, Турағұл мен Кәкітайдың құрастыруымен жарық көрген тұңғыш жинақ 1909 жылы Санкт-Петербургте «Бораганский» баспасында жарық көргенін жақсы білесіздер. Қазіргі таңда Абай шығармаларына текстологиялық жұмыстарды жасау барысында алғашқы жинақтармен бірге, Мүрсейіттің көркем жазуымен жеткен әр жылдардағы қолжазбаларына негіз жасайтыны анық. Абайдың мұрасын жинақтаған 1905, 1907 және 1910 жылдары даярлаған қолжазбалары абайтану ғылымының басты байлықтары. Мүрсейіт қолжазбаларының басты құндылығы: оған жазған шығармаларын жазып, жинап жүруін Абайдың өзі тапсырғандығы, ұлы ақынның қасында жүріп әдеби хатшысы болғандығында. Мүрсейіттің жазып қалдырған жазбаларының тағы бір маңыздылығы – оның өзге қолжазбаларға қарағанда көлемінің мол болуында ғана емес, оның қадім жазу үлгілерін, араб-парсы сөздерін толық сақтап жазуында. Сол себептен де Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа ретінде қабылданады. Ендеше осы бір мерейлі мезетте Абайдың әдеби хатшысы қызметін абыроймен атқара білген Мүрсейіт өмір жолы мен абайтанудағы еңбегін назардан тыс қалдырмайық, - дейді Жандос Әубәкір.

«МҮРСЕЙІТТІ ДЕ ТАНУ ҚАЖЕТ»

Абайтанушы ғалым Асан Омаров Абай мұрасын жинақтауда Мүрсейіт Бікеұлының жазғандары көп көмегін тигізгенін айтады.

- Абайды танығандар Мүрсейітті де тану қажет. Мен Мүрсейіт Бікеұлы туралы жақсы білемін. 15 жылдай «Абай» журналында ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Сонда Мүрсейіт туралы материалдар түсіп жататын. Екінші жағынан Мүрсейіттің баласы Рақымбай, оның баласы Мүфтибек деген азамат болды. Семейдің педагогикалық институтын оқыды. Менен 3-4 жасқа ғана үлкен болатын. Сондықтан Мүрсейіттің тікелей ұрпағын да білемін, - деген ол Мүрсейіттің шежіресін де тарқатып берді.

- Мүрсейіт Әнет деген атадан тараған. Ол 1723 жылы Ақтабан шұбырындыда тобықтының бас биі, абыз әулие, данышпан адам болған. Содан тараған ұрпақтар, кейін кедейленіп, жер жетпей, басқа үлкен руларға, ауылдарға бөлініп кетеді. Абай мен Ысқақ 1861 жылы Ақшоқы деген жерге жаңадан қоныс салады. Сол Ақшоқыға екеуі жап-жас болып, жаңа үйленіп барған кезде, ауылда 4-5 үй болады. Сол Ысқақтың ауылындағы 4-5 үйдің екеуінде Бікі және Мікі деген ағайынды Әнеттер тұрды. Бікінің шаңырағында Мүрсейіт 1860 жылы дүниеге келеді. Ол 10 жасқа келген жылдары орыстар Семейден алғаш рет мектеп ашады. Абай ол кезде болыс болды. Бікінің баласы Мүрсейітті Абай оқуға апарып береді. Кейін екі жылдық оқуын бітіріп, қалада 2-3 жыл қызмет істейді. Сөйтіп ауылға келеді, ауылда молда болады. 1896 жылы Абай 51 жасында алғаш рет "Менің жазған өлеңдерім, қара сөздерімді көшіртуге болады" деп ұлдарына айтады. 1890 жылдан бастап Абай өлеңдерін молдалар көшіре бастайды. Әрбір бір топ өлеңді көшіргені үшін 1 қой алады. Сондықтан бұл молдаларға кәдімгідей кәсіп болды. Сөйтіп Ғабитхан деген үлкен молда, Мұхамед, Кәрім, Дайрабай, Аққожа деген молдалардың ішінен Мүрсейіт те Абай өлеңдерін көшіріп жүреді, - дейді Асан Омаров.

Ол 1904 жылы жазда Абай қайтыс болған кезде өріс алған оқиғаларды еске алды.

- Сол жылы Әлихан Бөкейханов ат басын бұрып, Абайды іздеп келіп, қайтыс болғанына өкінеді. “Абайдың мұрасын жинаңдар” деп тапсырма береді. Тұрағұл, Кәкітай бұл іске кірісіп, “Мүрсейіт жазған дұрыс” деген шешімге келеді. Себебі оның жазуы ерекше, ап-анық болған. Сөйтіп, жаз бойы Мүрсейіт Абайдың өлеңдерін түгел жазып шығып, оны алып, Омбыға Әлиханға апарып береді. Ары қарай Әлихан Петербургқа жіберіп, алғашқы кітабы Петербургта шықты -, дейді Асан Омаров.

«РАҚЫМБАЙ БОЛМАҒАНДА «ҚАРА СӨЗДЕН» АЙРЫЛАТЫН ЕДІК»

Сонымен қатар, абайтанушы ақынның мұраларының ұрпаққа аман жетуіне Мүрсейіт Бікеұлыны баласы Рақымбайдың еңбегі зор екенін айта кетті.

- Мүрсейітпен бірге оның ұлы Рақымбайды да айту керек. Рақымбай жетіліп келе жатқанда молдадан оқып, ары оқымай қояды. Оған қанша айтса да, қырсығып оқымаған. Оның осындай қырсықтықтарынан “қисық” деген де аты бар. Дегенмен, Рақымбай оқымаса да, зерек болады, - дейді Асан Омаров.

Ол мынандай бір қызықты жайтты әңгімелеп берді

- 1920 жылы Мүрсейіт дүние салғанда, Рақымбай әкесінің қағаздарын қайда жіберемін деп ойланады. Себебі, сол жылдары Абай, Құнанбай жайлы әңгіме болса, бәрін “байлардың құйыршығы” деп соттауға дейін барып жатқан. Рақымбай ол кезде 30-35 шамасында болатын. Әкесінің жазбалары араб жазуында болғандықтан, оның өзі Кеңес үкіметіне қарсы адам деп жала жабуға болатын еді. Содан ол әкесінің қағаздарын жинап, бір бума қылып, әкесі мен шешесі жатқан зиратына апарып көмеді. Көмген қағаздар жердің астында 2 жыл жатады. Кейін Семейден Ғайса Сармузин деген азамат келіп, Рақымбайдың үйінде отырғанда, Рақымбай көп қағазды көміп тастағанын айтады. Сосын екеуі түнделетіп қазып алады. Әйтеуір, жазбалар аман болып, Ғайса Алматыға қайтады. Алматыда Мұхтар Әуезовпен жолығып Мүрсейіт жазған қолжазбаларды тапсырады. Сол кезде Әуезов қуанып кетеді. Өйткені, ол жерде өлеңдерден басқа, қара сөздердің үш түрлі жазылғаны бар екен. Оны Мұқаң алып, бірден “Абайдың толық жинағын шығару керек” деп ойлайды. Ол кезде Абайдың толық жинағы шықпаған, қара сөзін ешкім оқымаған, тек Тобықты елінің ақсақалдары ғана білетін. Абайдың қара сөздерін зиялылар, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып та оқи алмай кетті. Осы өкінішті. Одан кейін Мұхтар Ілияс Жансүгіровпен ақылдасады. Сөйтіп жүргенде Әуезов абақтыға жабылады, - дейді Асан Омаров отызыншы жылдар оқиғасын еске алып.

Айтуынша, Мұхтар Әуезов абақтыдан шыққаннан соң Ілияспен бірігіп, Абайдың жинағын шығаруға кіріседі.

- Егер Рақымбай болмағанда, біз «қара сөзден» айырылатын едік. Біз Рақымбайға алғыс айтып, Мүрсейітті айтқанда Рақымбайды да бірге айта кетуіміз керек, - дейді Асан Омаров.

«МҮРСЕЙІТТІҢ «КІНӘСІ»

Ал абайтанушы ғалым Мақсат Әліпхан Мүрсейіт Бікеұлы Абайдың жазбаларын көшіргеннен бөлек, оның сөздерінің терең философиясын Абайдан анықтап, ұрпаққа айту керек еді дейді.

- Кей абайтанушылар Мүрсейіт Бікеұлын алғашқы абайтанушы деп көкке көтеріп мақтайды, Абайдың шығармаларын оқуға сол кісінің көмегі көп болды, дейді. Бұл рас. Сол Мүрсейіт жеткізген үш қолжазба арқылы Абай шығармалары жарық көріп жатыр. Дегенмен, мынандай да мәселе бар. Абай ақындыққа дендеп кіріскенде Мүрсейіт жас болды ма, әлде Абай сөздерінің мәнісін түсінбеді ме, кейбір ұрпақ үшін маңызын білмеді ме екен, белгісіз. Сол кезде жанында өз көзімен көріп жүрген, қолжазбаларын дайындап, оны сатып, несібесін тауып жүрген Мүрсейіт Абайдың көзі тірісінде өзі ұқпаған, түсінбеген екі ұшты ойларды неге сұрап, жазып алмады екен, деген ой туады. Мысалы, қолжазбаларды қайта-қайта көшіріп, халыққа сатып ақша тапқаны жақсы ғой. Бірақ сол жазбадағы сөздің мәнін түсініп, сол жайлы ойлап, соның қамын жеп, оның сөзінің тереңіне үңіліп, Абайдан анықтап алу керек еді. Біз сол жазбада көп жерлерде күмәніміз болғаннан кейін, түсінбегеннен кейін, шын Абай жазған мәтінді білмегеннен кейін бүгінде қиналып жүрміз. Осы орайда Мүрсейіттің “кінәсі” бар деп ойлаймын, - дейді Мақсат Әліпхан.

Мүрсейіт Абай өлеңдерін көшіргенде ескермеген жайт ретінде ол мына мәселені де атап өтті.

- Мұхтар Әуезов Абай өмірден өткеннен кейін көп ұзамай, оны көргендердің барлығын ескеріп, тез арада Абайдың өмірбаянын жазып алғаны секілді Мүрсейіт те Абайдан шығармаларын дұрыстап, үлгілі тамаша нұсқасын жазып, Абайдың көзі тірісінде өзіне көрсетіп, бекітіп алу керек еді. Бірақ өкінішке қарай, олай болған жоқ, - дейді абайтанушы Мақсат Әліпхан.

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

 

Пікірлер