Қазақстан қоқыс алаңына айналып барады. UNITAR дерегінше, 2050 жылға қарай еліміздегі электронды қалдықтың көлемі 422 мың тоннаға жетуі мүмкін. Оның тек 8%-ы ғана полигондарға шығарылып, қайта өңделуде. Жалпы, бүгінде елімізде тұрмыстық қоқыстың 21%-ы және өнеркәсіп қалдықтарының 38%-ы ғана пайдаға жаратылады.
Соңғы бес жылда электронды қалдықтардың саны әлем халқынан үш есе және дүниежүзілік ЖІӨ-ден 13%-ға жылдамдап өскен. Электрондық қалдықтардың жаһандық саны әлем халқын алаңдатып отыр: дамыған елдерде оның қоршаған орта мен адам денсаулығына әсері туралы жиі айтылуда. Сонымен қатар, бұл өсім темір, мыс және алтын сияқты бағалы шикізаттардың жоғалуына, яғни, жыл сайын 57 млрд АҚШ долларын құрайтын шығынға әкелуде.
Ұялы телефон, компьютер, гаджеттер, кір машинасы, тоңазытқыш, теледидар, тізбектей берсек өте көп, адамзат қолданатын түрлі электрлі техникаланың барлығы – электрлі және электронды жабдықтар деп аталады. Ал егер олар істен шығып, жарамсыз болып қалса электронды қалдыққа айналады. Бұлардың барлығы күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болғанымен, олардың қоршаған ортаға зиянды әсерін елемеуге болмайды.
Электронды қалдықтардың түрлері
Инфографика: Арай Еділбай
«ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЛДЫҚТАҒЫ ЗИЯНДЫ ЗАТТАРДЫ КҮНДЕЛІКТІ СУМЕН ТҰТЫНЫП ЖҮРМІЗ»
«Біз білетіндей қоқыстың бәрі бірнеше жерге әсер етеді. Ауаға, жаңбыр, су, қармен араласып, жерге сіңеді. Көмілген электроникадағы қауіпті заттардың барлығы дерлік топыраққа сіңіп, ағынды сулар барған сайын тереңдеп, бір-бірімен араласып, өзара әрекеттеседі. Одан кейін өзендер мен көлдерге түседі, сайып келгенде, жеткіліксіз тазартудан өткен ауыз сумен бірге біздің үйлерге енеді. Электронды қалдықтағы зиянды заттарды күнделікті сумен тұтынып жүруміз мүмкін. Бұл табиғи түрде жанды организмдердің денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдарының аурулары және қатерлі ісік аурулары пайда болады. Сонымен қатар, жаһандық жылынуға да алып келеді», - дейді эколог маман Пакизат Сайлаубекова.
Пакизат Сайлаубекова
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Мамандардың айтуынша, электронды қалдықтардың құрамында бірнеше улы қоспалар мен қауіпті металдар, соның ішінде сынап, бромдалған отқа төзімді заттар (BFR), хлорфторкөміртектер (ХФҚ) де бар. Бұл материалдар, егер дұрыс бақыланбаса қатерлі ісік, неврологиялық зақым және IQ төмендеуі сияқты адам денсаулығына елеулі қауіп тудыруы мүмкін.
ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЛДЫҚТЫҢ ҚҰРАМЫ МЕНДЕЛЕЕВ КЕСТЕСІНДЕГІ 69-ҒА ЖУЫҚ ЭЛЕМЕНТТІ ҚАМТИДЫ
«Электрондық қалдықтардың құрамы қара және түсті металдар, шыны, пластмасса, ластаушы заттардан тұрады. Химиялық элементтердің периодтық жүйесіндегі 69 элементке жуығын қамтиды. Шойын мен болат электр және электрондық жабдықтар қалдықтарының негізгі бөлігін құрайды, одан кейінгі көп бөлігі пластмасса. Түсті материалдар, соның ішінде мыс және алюминий сияқты металдар және күміс, алтын, платина сияқты бағалы металдар көптігі бойынша үшінші орында және маңызды коммерциялық құндылыққа ие. Улы материалдарға платалардағы қорғасын мен кадмий, катодтық түтіктердегі қорғасын оксиді, ажыратқыштар мен жалпақ экранды мониторлардағы сынап, баспа платаларындағы бромдалған отқа төзімді заттар және оқшауланған кабельдер жатады. Олар шекті мөлшерден асқанда, ластаушы заттар ретінде қарастырылады және кәдеге дұрыс жолмен жаратылмаса қоршаған ортаға зиян келтіреді. Қорғасын, сынап, кадмий, мышьяк және полихлорлы бифенилдер сияқты заттар қоқыс алаңдарына түскенде топырақ улы болады», - дейді химия маманы Інжу Қуаныш.
Інжу Қуаныш
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
Қазақстан Республикасның Экология және табиғи ресурстар министрлігіне елдегі электронды қалдықтардың соңғы жылдардағы мөлшері мен өндірілу қарқыны туралы сұрап, хат жолдадық. Дегенмен, мардымды жауап ала алмадық.
Министрлік жолдаған ақпарат бойынша, 2023 жылдың қорытындысы нәтижесінде елімізде шамамен 4,1 млн тонна коммуналдық қалдықтар түзілді, оның 24%-ы қайта өңделген. Қазақстанда осы қалдықтарды жинау ескерілгенімен, қайта өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған көрінеді.
Инфографика: Арай Еділбай
Қазақстанда жиналатын электронды қалдықтың түрлері (2019)
Инфографика: Арай Еділбай
UNITAR дерегінше, Қазақстанда жылына 140 мың тоннадан астам электронды қалдық жиналады. Оның тек 8,8%-ы қайта өңделеді. «KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметі бойынша, қазір Қазақстанда электронды қалдықтарды жинау және өңдеу бойынша 19 мамандандырылған кәсіпорын бар. Оның ішінде: Алматыда – 7, Астанада – 5, Ақтөбеде – 2, ал Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Қызылорда қалаларында 1 кәсіпорыннан жұмыс істеуде. Дегенмен, бұлар түгелдей электронды қалдықтарды өңдеумен айналысады дей алмаймыз. Басым бөлігі оларды тек бөлшектеп, сұрыптап, елдегі және шетелдегі арнайы компанияларға тасымалдайды.
Қазақстанның мамандандырылған кәсіпорындарында электронды қалдықтарды қайта өңдеу циклі екі кезеңнен тұрады. Бірі, қалдықтарды және оның фракцияларын алдын ала бөлшектеу және сұрыптау болса, екіншісі – бағалы фракциялар мен қайталама шикізатты өндіру және өндіру үшін кәсіпорындарға өнім ұсыну.
Өз тарапымыздан біз Алматыда орналасқан электронды қалдықтарды жинау және өңдеу бойынша мамандандырылған кәсіпорындарға хабарласып, жұмыс барысымен таныстық.
Қазақстан бойынша «ПромТехноРесурс» ЖШС электронды қалдықты өңдейтін компаниялардың алдыңғы қатарында. Зауыт 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
«ПромТехноРесурс» зауытының жұмыс барысы
Фото: Зауыттың жеке мұрағатынан
«Бізде жұмыс барысы бірнеше бөліктен тұрады. Алдымен электрондық және электр жабдықтарын қайта өңдеу кезінде фракцияларға бөлшектеудің қолмен жасау әдісі жүзеге асырылады. Металл, түсті металл, электронды тақталар, пластик шыны және т.б. Кейіннен қажетті масса мен консистенцияны алу үшін фракциялар тартылады немесе жұмсартылады. Ал пластиктерді ұсақтап, түсі бойынша сұрыптап, мамандандырылған кәсіпорындар мен зауыттарға өңдеуге жібереміз.
Жылына шамамен 5000 тоннаға дейін электронды қалдықтарды қайта өңдейміз. Осылайша, өңдеп, салық төлеп, экономикаға үлес қосудамыз. Дегенмен, қаржылық мәселелері де кездеседі. Қоқыс өңдеуші кәсіпорындар мемлекеттік қолдау жүйесінде пысықталған жоқ. Қаржылық қолдау мен субсидиялардың арқасында компания 2016–2018 жылдары электронды және электр жабдықтарын жинауды және қайта өңдеуді 7 есеге арттырған еді. Біз мемлекеттік органдармен және қоршаған ортаны қорғау департаментімен тығыз байланыстамыз», - дейді «ПромТехноРесурс» ЖШС өндіріс орнының басшысы Павел Мухин.
Павел Мухин
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Электронды қалдықтарды қабылдап, сұрыптайтын компаниялардың тағы бірі – «New Capital Company» ЖШС. Өндіріс орны электронды қалдықтарды тек бөлшектеп, сұрыптаумен айналысады. Компания директоры Азамат Омаровтың айтуынша, жылына 200 мың тонна электронды қалдықты сұрыптау жоспарда бар.
Зауыттағы жұмыс барысы
Фото: Дана Нұрмұханбет
«Электронды қалдықтарды бізге арнайы компаниялар, мемлекеттік мекемелер, жеке тұлғалар әкеліп береді. Біздің қызметкерлер, егер тұрғындар хабарласып, жарамсыз электрлі жабдықтары барын айтса, барып барлығын тегін алып кетеді. Егер бізге келіп өткізсе, технианың платалары үшін салмағына қарай 500 теңгеден жоғары ақша ала алады. Қазір компанияда 20-ға жуық қызметкер бар», - дейді зауыт директоры Азамат Омаров.
Азамат Омаров
Фото: Дана Нұрмұханбет
Кәсіпорын аккумлятор, лампа, батарейка сынды лицензия талап ететін қалдықтарды қабылдамайды. Ал қалған техниканың барлығын бөлшектеп, қалдық қалдырмай кәдеге жаратады. Бөлінген алюминий, мыс, темірді Қазақстандағы өндіріс орындарына жібереді.
Электронды қалдық платалары
Фото: Дана Нұрмұханбет
Ал телефон, компьютер, гаджеттерден шығатын платаларды, өкінішке қарай, еліміз өңдей алмайды. Өзге электронды қалдықтардың платаларына қарағанда смартфонның платалары жоғары бағаланады. Өйткені мұндай платалардың құрамында мыс, темір, алтын, күміс, палладий сынды бағалы металлдар көп. Мәселен, 1000 кг смартфоннан 300 гр алтын өңдеуге болады.
Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2020 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда 34 млн мобильді құрылғы тіркелген. Бұл бір адамға 2,5 абоненттік құрылғыдан келетінін білдіреді. Шамамен, телефонды 4 жыл пайдаланамыз десек, қазірде бұл көрсеткіштің барлығы электронды қалдыққа айналған. Сонда Қазақстан 755 тонна алтынды шет елге жіберуде.
Инфографика: Арай Еділбай
Ал смартфонның батареясында никель, литий және кобальт бар. Дәл осындай металдар біздің электр көліктерімізді, үйлер мен кеңселерді қуаттандыру үшін және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін қажет.
Никель телефонның көптеген бөліктерінде, сонымен қатар, медициналық жабдықтарда кеңінен қолданылады. Литий әртүрлі психикалық денсаулық жағдайына көмектесетін «көңіл-күй тұрақтандырғыштары» деп аталатын дәрілерде кездеседі. Кобальт негізінен аккумулятор жасау үшін қолданылады, бірақ зергерлер арасында да жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ, олардың үш құраушы элементі жаһандық жылынуға қарсы күресте шешуші рөл атқаруы тиіс.
«ЗАҢСЫЗ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ КЕДЕРГІ»
Айтқандай, елде 140 мың тонна электронды қалдық шығарылып, олардың 8%-ы ғана өңделсе де, кәсіпорындардың үлкен мәселесі – өңдейтін электрониканың жетіспеуі. «ПромТехноРесурс» компаниясы басшысының айтуынша, заңсыз өңдейтін компаниялардың болуы мен электронды қалдықтардың полигондарға тасталуы осындай мәселе туындатуда.
«Бұл Қазақстан Республикасының экологиялық Кодексінде белгіленген лицензияланған қызмет түрі. Бірақ өзін «қайта өңдеу» деп атайтын компаниялардың көпшілігі рұқсатсыз жұмыс істейді. Бұл қызметтердің «сұр нарығы» деп аталады, ол адал компаниялар үшін үлкен проблема», - дейді «ПромТехноРесурс» компаниясының директоры Павел Мухин.
Еліміз бойынша 204 қала мен ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау енгізілген. Дегенмен, Қазақстанда қалдықтарды өңдеудің негізгі әдісі полигондарға шығару болып табылады. Елде 3007 полигон бар, бірақ 603-і, яғни 20%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Қалған 80% полигоның жағдайы мәз емес. Ал мұны болдырмас үшін не істемек керек?
Қуанышбек Дүйсенов, Sana Analytics орталығының –экономист сарапшысы:
«Заңның іске асырылуын қадағалау керек! Қазақстанның экологиялық кодексі бойынша, полигондарға электрлі және электронды жабдықтарды тастауға болмайды. Одан кейін азаматтарды хабардар етіп, экосауатын арттыру қажет. Заңсыз өндіріс орындарын бақылап, тексеру маңызды. Өйткені, ондай жерлердің санитарлық деңгейі төмен болуы ықтимал. Шетелдерде мұндай жұмыс күшіне әйелдер мен балаларды пайдаланып, қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Сондықтан өндіріс орны мен полигондарды тексерген жөн. Одан бөлек, мемлекет электронды қалдықтарды өңдеумен айналысамын дегендерге қаржы бөліп, қолдау көрсету керек».
Қуанышбек Дүйсенов
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Халықтың экосауаттылығын арттырып, жоғарыда айтылған мәселені болдырмас үшін экобелсенділер барынша атсалысуда. 2024 жылдан бастап олар ай сайын арнайы эконауқандар өткізуді қолға алған. Онда пластик, макулатура, алюминий, полиэтилен пакеттері, дәрі-дәрмек пен батареялар және электронды қалдықтарды қабылдап алады. Одан бөлек, мамандар дәріс өткізіп, халықтың экосауатын ашуға ат салысады. Мұның өзі электронды қалдықтарды аз мөлшерде тұтынып, экологияға зиянын тигізудің алдын-алады.
Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын арнайы пункт
Фото: Дана Нұрмұханбет
«ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ КЕЛЕСІ ШИКІЗАТ»
Пакизат Сайлаубекова, эколог:
«Қазақстан бойынша, тек электронды қалдықтарды қабылдайтын пунктер, компаниялар аз. Сондықтан, ең бірінші, инфроқұрылымды дамыту қажет. Екінші – технологияны дамыту, толық өңдеу үшін үлкен зауыттар керек. Үшінші – экосауаттылықты арттыру маңызды. Біз экоакциялар ұйымдастырып тұрамыз. Былтыр 6 рет өткізілді. Биыл айына 1 рет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қалдықтардың барлығы келесі шикізат. Сондықтан барынша айтып, халықты құлақтандыруымыз қажет. Мектептер, сабақтарға барып, барлығы білсе, адамдар үйрене бастайды»
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Global E-Waste Monitor 2020 мәліметтері бойынша, әлемде 2019 жылы 53,6 млн тонна электронды қалдықтар өңделді. Бұл орташа есеппен жан басына 7,3 кг. Бұл көлем 2014 жылғы 44,4 млн тоннадан 21%-ға өсті және 2030 жылға қарай 74,7 млн тоннаға жетеді деп болжануда.
Азия таза салмағы бойынша электронды қалдықтардың жетекші өңдеушісі (24,9 млн тонна), одан кейін Америка (13,1 млн тонна), Еуропа (12 млн тонна), Африка (2,9 млн тонна) және Океания (0,7 млн тонна) .
Инфографика: Арай Еділбай
Алайда, егер жан басына шаққандағы өңдеуді қарастыратын болсақ, Еуропа 16,2 кг-мен бірінші орында, одан кейін Океания (жан басына 16 кг), одан кейін Америка (жан басына шаққанда 13,3 кг), Азия (жан басына шаққанда 5,6 кг) және Африка (жан басына 2,5 кг).
2020 жылы жаһандық бақылау мониторингі жер бетінде түзілген электронды қалдықтардың тек 17,4%-ы (9,3 млн тонна) ресми түрде жиналып, қайта өңделетінін анықтаған. Бұл 1,8 млн тоннаға өсті. 2014 жылы түзілген электрондық қалдықтардың басым көпшілігі (82,6%-ы немесе 44,3 млн тоннасы) ресми түрде жиналмады және экологиялық таза жолмен кәдеге жаратылмады.
Сондықтан мұндай нәтижеге жету үшін электронды қалдықтарды өңдейтін алдыңғы қатардағы елдер жарамсыз электрлі жабдықтарды қайта өңдеп сату және шикізат көзі ретінде қолдануды қолға алды.
«АҚШ, Ұлыбритания елдерінде электрлі жабдық өндіретін компаниялар өнімі жарамсыз болып қалғанда немесе ескіріп кеткенде қайта қабылдап алып, қалдықты жаңартып беруге дағдыланған. Оларда импортер болсын, өндіруші болсын қалдығына жауапкершілікпен қарайды. Қалдықты компаниялар қайта өңдеп, қайта сатады немесе экспорттайды. Осылай элетронды қалдықты үнемдеп, пайда тауып отыр», - дейді экономист Қуанышбек Дүйсенов.
ТИІМСІЗ ЭЛЕКТРОНИКАНЫ ЭКОНОМИКАҒА БЕЙІМДЕУДЕГІ БІЗДЕГІ МӘСЕЛЕ НЕ?
Қазақстанда қара және түсті металдарды өңдеу жолға қойылған, басқа да бағалы фракциялар, мысалы, электронды сынықтар, корпустық пластик және т.б. көбінесе шетелге экспортталады. Ал электронды тақталарды тереңдетіп өңдеу технологиялары жоқ. Жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттары («Тау-Кен Алтын» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, «Kazakhmys Smelting» ЖШС) электронды жабдықтан бағалы металдарды алу технологияларын қолданбайды. Сонымен қатар, нашар техникалық жабдықтар және электронды қалдықтардың қауіпті компоненттерін, соның ішінде литий-иондық аккумуляторларды залалсыздандыруға арналған технологиялық желілердің жетіспеушілігі байқалады.
Электронды қалдықтарды басқару саласында да бәсекелестік аз. Одан бөлек инфрақұрылымның дұрыс болмауы, яғни қоқыс тастау орындарының барлығында арнайы жәшіктердің қойылмауы, ел ішінде экологиялық мәдениет тетіктерінің жетіспеуі, полигондардың санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келмеуі, шетелдік инвесторлардың тартылмауы Қазақстандағы электронды қалдықтарды экономикаға бейімдей алмай жатыр. Мәселені шешу үшін не істеу керек?
«215 ӨНДІРІС ОРНЫН САЛУ КЕРЕК»
Қазақстанда электронды қалдықтарды экономикаға бейімдеудің ең бірінші шешімі – өндіріс зауыттарын көбейту. Атап өткеніміздей, қазіргі таңда Қазақстанда электронды қалдықтарды өңдейтін 19 кәсіпорын жылына тек 8,8% ғана электронды қалдық көлемін өңдей алады, қалған 92%-ы – заңсыз жолмен өңделеді және полигондарға тасталады. Экономист маманның дерегінше, электронды қалдықтарды Қазақстанда 100% деңгейінде өңдеу үшін 215 өндіріс орнын әр аймаққа салу қажет. Дегенмен, химиктер мен экологтар мұндай кәсіпорындар экологияға кері әсерін береді деп те дабыл қағуда.
«Электронды қалдықтарды қайта өңдеу және қайта өңдеу үшін реттелмейтін аула операторлары (мысалы, бейресми сектор) қолданатын қарапайым әдістер жұмысшыларды бірқатар улы заттардың әсеріне ұшыратады. Компоненттерді бөлшектеу, дымқыл химиялық өңдеу және өртеу сияқты процестер пайдаланылады. Ол зиянды химиялық заттардың тікелей әсеріне және ингаляциясына әкеледі. Мысалы, денсаулыққа қауіп төндіретін болсақ, басып шығарылған сым тақталарын ашық күйдіріп, айналадағы диоксиндердің концентрациясын арттырады. Бұл токсиндер жұмысшылар мен жергілікті тұрғындардың тыныс алуы арқылы қатерлі ісік ауруының қаупін арттырады. Қымбат металдардың аздаған мөлшерін қолмен алу және жинау кезінде де улы металдар мен улану қанға түсуі мүмкін, ал жұмысшылар улы химикаттар мен жоғары шоғырланған қышқылдардың түтіндерінің үздіксіз әсеріне ұшырайды.
Оқшауланған сымдарды жағу арқылы қайта сатылатын мысты қалпына келтіру неврологиялық бұзылуларды тудырады, ал жартылай өткізгіштер мен чип резисторларында кездесетін кадмийдің өткір әсері бүйрек пен бауырды зақымдауы және сүйектің жоғалуына әкелуі мүмкін. Баспа платаларында, компьютер мен теледидар экрандарында қорғасынның ұзақ уақыт әсер етуі орталық және шеткергі жүйке жүйесі мен бүйректі зақымдауы мүмкін, ал балалар бұл зиянды әсерлерге көбірек бейім», - дейді химия маманы Інжу Қуаныш.
Пакизат Сайлаубекова, эколог:
«Негізі, өңдеу – шешім емес. Шешімі бұл – ойлану, электронды жабдықтарды аз тұтыну. Сонда өңдейтін заттар да аз болады»
Әрине, Қазақстанда 215 кәсіпорынды түгелдей салмасақ та, оның 20%-ын іске қосқанның өзінде бірқатар мәселенің шешімін табуға болады. Ресми түрде тіркелген кәсіпорындар мемлекетке салық төлеп те пайда әкеледі. Мәселен, Statsnet.co сайтының мәліметінше, Қазақстандағы электронды қалдықтарды өндіретін компаниялардың бірі – «EcoAlmaty» ЖШС жылына 7 910 998 263 теңге табады, оның 736 114 505 теңгесі салық ретінде төленген. Әрине, бұл компания тек электронды қалдықтарды өңдеп қана қоймайды. Ал қалдықтарды өңдейтін «ПромТехноРесурс» ЖШС компаниясының жылдық табысы 662 830 315 теңге, төлеген салығы 82 117 452 теңге деп көрсетілген. Осыдан-ақ, ел экономикасына салық арқылы табыс әкеліп отырғанын көруге болады.
«КӨРШІ ЕЛДЕРДІҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЛДЫҚТАРЫН ИМПОРТТАУ»
«Экономикалық тұрғыда елімізде электронды қалдықтарды өңдейтін компаниялар саны артса, жұмыс орны да көбейеді. Қазір 19 кәсіпорынның болуы жеткіліксіз. Бұл әрбір аймақта монополия қалыптастырады. Сәйкесінше, олардың қабылдау шарттары басқа болады, құны да төмендейді. Егер мемлекет осындай кәсіпорындар салуға мүмкіндік жасаса, ол кәсіпорындардың арасында бәсекелестік артады. Бәсекелестік артқан кезде қалдықтың құны да артады. Инфрақұрылым да көбейеді. Яғни, адамдар қоқысқа айналған қалдықты арнайы қоқыс орнына тастап үйренеді. Бәсекелестік артса, талаптарға көңіл бөледі.
Елдің халық саны аз. Бізде екі мүмкіндік бар. Бірі – елдегі электронды қалдықтарды экспорттау. Қазіргі кезде онсыз да сонымен айналысып жатырмыз. Құнын арттыра береміз және экспорттаймыз. Ал екіншісі, көршілеріміздің электронды қалдықтарын әкеліп, сұрыптап, кері экспорттау. Мәселен, территориясы тар, 40 млн-нан астам халқы бар Өзбекстан. Қытай қазіргі уақытта осымен белсенді айналысуда. Сол жағынан бізде мүмкіндіктер бар», - дейді экономист Қуанышбек Дүйсенов.
«АЙНЫМАЛЫ СЦЕНАРИЙДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ»
Инфографика: Арай Еділбай
Одан бөлек, электронды қалдықтарды өңдеуде экономиканың айнымалы сценарийін жүзеге асыру керек.
«Халықаралық ұйымдардың есебінде айтылғандай, елімізде 2050 жылға дейін қайта өңдеудің екі сценарийі күтілуде. Біреуі базалық сценарий, екіншісі – циркулярлық сценарий (айнымалы). Базалық өңдеу ол, қазіргі өңдеу деңгейі өзгермейтін жағдайдағы сценарий. Екіншісі – еліміздегі кейбір технологиялық басымдаққа байланысты электронды қалдықтар жойылып кетеді. Белгілі бір деңгейде айнымалы сценарий іске асқан кезде еліміздің азаматтары электронды жабдықтарды саналы түрде қолданады. Ары қарай арнайы орындарға жібереді. Бұл жағдайда электронды қалдықтар 100% өңделеді, экономикаға да пайдасын тигізіп, үш есе табысқа кенеледі. Жалпы, елімізде электронды қалдықтарды өңдеудің потенциалы жоғары», - дейді Қуанышбек Дүйсенов.
Айнымалы сценарийде қолданыстан моральдық тұрғыда ескіріп, тозған техника түрлері жойылады. Екіншіден, нарық қанығады, яғни халықтың көп бөлігі электронды жабдықпен қамтамасыз етілген кезде өсімін тоқтатады. Үшіншіден, техника сапасының артуы. Олар ұзақ уақытқа шыдаса, соғұрлым қалдық та азаймақ. Одан кейін қайта қолдануды іске асыру. Мысалы, қайтадан жөндеп, басқа деңгейде қолданатын болса, оның өмірі ұзарып, қалдықтың саны төмендейді.
СОНЫМЕН, БІЗ ҮСЫНАТЫН ШЕШІМДЕР ҚАНДАЙ?
- Қазақстанның әр аймағына электронды қалдықты өңдейтін кәсіпорын салу;
- Қалдықты өңдеуде айнымалы сценарийді қолдану;
- Электронды қалдықтарды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру;
- Электронды қалдықтарды өндіру, жинау және өңдеу туралы статистикалық деректерді жинау және өңдеу жүйесін жетілдіру;
- Инфрақұрылымды дамыту, әр аймаққа қоқысты сұрыптап тастайын орындар салу;
- Электронды қалдықты өңдейтін кәсіпорындарда технологияларды жетілдіру;
- Халықтың экосауатын арттырып, ақпараттандыру.
Айта кетейік, Қазақстанда «Жасыл Даму» қоры қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату жобаларын жүзеге асыруға 200 млрд теңге бөледі. 2024 жылдан бастап «Эко Қолдау» бағдарламасы іске қосылды, ол Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуге тиіс. Ресми өкіл, Қазақстан 2030 жылға қарай қалдықтардың 40%-ын қайта өңдеп, түптің түбінде қалаларда ескі электр жабдықтарын жинайтын пункттер пайда болады деп уәде берді.
Бірнеше жылдан бері қазақстандықтар тұрмыстық және электр құрылғыларын сатып алғанда, тауардың құнына қосылған қайта өңдеу ақысын төлеп келеді. Дегенмен, көптеген қалаларда келіп, ескі жабдықтарды тапсыруға болатын жинау орындары жоқ еді. Бұл мәселенің шешімі табылар күн алыс емес.
Дана Нұрмұханбет
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.