Наурыздың тарихы Қазығұрттан басталады

3768
Adyrna.kz Telegram

Ежелгі қазақтар жылды он екі айға бөліп, жыл басын Наурыз деп атаған.

«Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.  (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі тарих ғылымы Наурыз мерекесінің шығу тегін де, Наурыз деген сөздің өзін де парсыға апарып теліп тастаған.  Бұл түп-тамырымен қате тұжырым. Дәлел ме? Тыңдап көріңіз!

Наурыз мерекесі – жаратылыстың өз заңымен үйлескен, нағыз табиғи мереке. Бұл мереке әрі жаңа жыл болып саналады. Жылдың төрт мезгіліндегі, көктем мезгілі – бүкіл тіршілік атаулының жанданатын, жаңарып түлейтін кезеңі. Сондықтан күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы «ұйқысынан оянып», қайта түлейтін осы наурыз айы – жыл басы болып есептеледі және бұл мереке қазақта «Амал» деп те аталады. Бұл сөздің жалғасы «Аман». (Қыстан амалдап, жазға аман жету).

Дәстүр бойынша – Наурыз мерекесі қазақ халқында жастардың жасы үлкен туыстарына, өздері сый – құрмет көрсететін басқа да жасы үлкендерге қос қолын беріп амандасудан басталады. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады.  Бұл күндері әр үйде жеті түрлі дәмнен, наурыз көже дайындалып, бір-бірінің үйінен дәм татысады. Сонымен қатар, Наурыз мерекесін бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден басталатын болған. Мереке  «Ақ сүйек», «Алқа қотан», «Ақ серек пен көк серек», «Жасырынбақ»  және т.б. түрлі халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күрес, ат жарысымен жалғасып, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталады екен.

Ежелгі шежірелік деректерде, Наурыз мерекесі 127 ғасырдан бері қазақ елінде  Қазығұрт тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған күннен бастап тойланып келе жатқаны айтылады. Өткен ғасырдың аяғында Тәжікстандағы 3000 м. биік таудың басынан акуланың тасқа айналған сүйегі табылғаннан кейін, бүкіл әлем ғалымдары Нұх пайғамбардың кемесі қалған жер Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт тауы екенін мойындауға мәжбүр болды. Бұл мерекені қазақтардың «Ұлыстың ұлы күні» деп атайтындарының  сыры осыдан болса керек.

Қазақтың этнограф-ғалымы Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудің Ленин атындағы кітапханасынан төте жазумен жазылған «Наурыз» деп аталатын ұзақ жырдың қолжазбасын тапқан. Бұл жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні екені, осы күні үлкен той жасалғаны, сол ұлы мерекеге адам мен жан-жануарлар түгел қатысып, Нұх ғ.с. олардың бәріне өзінің жақсы көретін нәрсесінен мол шашу шашқандығы, осылайша бұл күн жаңа жылдың басы ретінде тойланатын болғаны айтылады. Осылайша, Наурыз мерекесі – нағыз табиғат мерекесі және тарихы өте ұзақ мереке. Бүкіл әлемде бұған тең келетін бірде-бір мереке жоқ. Бұл дегеніміз, бүкіл адамзат тіршілігінің, мәдениетінің қазақ жерінен, қазақ елінен бастау алғанын көрсетсе керек.

Ақиқатында да, Наурыз мерекесі бастауын Нұқ пайғамбар заманынан алады. Оны қазақи шежіре былайша түсіндіреді: Ұлы Жаратушы - Алланың бұйрығымен Нұқ пайғамбар алып кеме жасап Алланы мойындаған мұсылмандарды,  өз туыстарын және әртүрлі аңдарды жұбымен кемеге отырғызады. Айтылған күні «тандырдың» астынан атқылап су шығып, аспаннан жеті күн нөсер жауын жауады. Жер бетін толқыны көкті шарпыған топан су басады. Кемеге мінгендерден басқаларының бәрі топан суға қарық болып, ажал құшады. Кеме ұзақ жүзеді. Біреулер алты ай, біреулер одан да көп дегенді айтады. Кеменің суда ұзақ жүзуіне және азық-түліктің азаюына байланысты кеме ішінде қобалжу, өмірден түңілу, деген сияқты наразылықтар басталады. Нұқ пайғамбар бастап кемедегілердің барлығы күні-түні Аллаға жалбарынып, күніне бес мезгіл намаз оқиды. Азықтары таусылуға жақындағаннан бастап күн аралатып қарлығашты ұшырып отырады. Қарлығаштан еш белгі білінбегесін азық-түлікті үнемдеу мақсатында Нұқ пайғамбардың бұйрығымен ораза ұстауға көшеді. Бір күні қарлығаш аузына ағаштың жапырағын тістеп келгенде кемедегілер судың тартыла бастағанын бағамдайды. Тағы бір де құстың аяғы балшыққа былғанып келеді. Кеме сол бағытпен жүзіп отырып қазіргі Қазығұрт тауының басындағы суы тартылған кішкене аралға келіп іліңгір (жәкір) тастайды. Жұрттың бәрі кемеден түсіп, қуаныштан көз жастарына ерік беріп, бірімен-бірі төс қағыстыра құшақтасып, қол алысып, құттықтасады. Қоймалардың түбінде қалған жеті түрлі астық түрінен көже жасап бәрі мәз-мәйрам болып тойлайды. Содан сол алғашқы кеме тоқтаған арал сол Аталарының құрметіне Ада деп аталады. Ежелгі түрік тілінде аралды  «Ада» деп атаған. Маңғыстаудағы Қазақ шығанағында Ада және Қоса деген аралдар күні бүгінде де солай аталады. Содан олар өле-өлгенше бірімен-бірі туысып бауырласқан деседі. «Кемедегінің жаны бір» деген мақалда содан қалған. Жыл сайын жасы кішілері жасы үлкендерін іздеп барып қол алысып көрісетін болыпты. Нұқ пайғамбар өз қауымын азғындаудан сақтандыру мақсатында жұбы жоқтарын некеге отырғызыпты. Содан бері сол жұптасу Нұқ пайғамбардың «авторлық құқығымен» Неке, яғни Нұқ әке деп аталып, кеме тоқтаған жер Қазығұрт, яғни Қазық жұрт (Қазақ жұрт) деп аталыпты.

Адай шежіресі бойынша Нұх пайғамбар қауымы Адай атаның екі ұлының үлкені Құдайкемен оның екі ұлы Тәзіке (үлкені) және Қосай (кішісі) болып таратылады. Суға қарық болғандар да, аман қалғандар да сол Құдайкенің екі баласының елі. Нұх пайғамбардың тегі Қосай. Кеменің тоқтаған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт (Қазық жұрт) тауы. Сол тауда «Кеме қалған» шоқысы мен осы аттас ауыл; Ленгер (Іліңгір, якор) елді мекені (ауданы); Әңгір ауылының аймағындағы тау шоқысының ернегінде Адам Ата мен Ауа Ана киелі тасы мен сол шоқының етегінде Қайып Ерен Қырық Шілтендер су ішкен бұлақ бар. Ол өңірде бұлардан да басқа «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», Ақ бура, Көзді ата, Шілтер ата (Қайып Ерен Қырық Шілтен) атаулары сақталған. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған» деп күні бүгінде де ел аузында айтылып келеді. Бұл күндері Қазығұрт атауының шығу тегі жөнінде әркімдер қазақтың шежіресі мен оның сөз жасау қағидасын білмегендіктен әр-түрлі жорамал-тұжырымдарға жол беріліп жүр. Дұрысы, Қазығұрт біріккен сөз, Қазық және жұрт деген екі сөзден тұрады. Атам Қазақтың сөз жасау жүйесінде «Қ» мен «Ғ» ауысып қолданыла береді. Манқыстау-Маңғыстау. Ал екі сөзден біріктіріліп бір сөз жасағанда, екінші сөздің бірінші дыбысы, немесе бірінші сөздің соңғы дыбыстары, дыбыс үндестігіне сәйкес түсіп қалады: Құдайке (Қу Адай әке), Тәзіке -Тәз (Әз) әке, Манқыстау (Мандардың қыстауы), Бидай (Би Адай), Отан (От Ман), Оғыз (Оқ қыз), Үстірт (Үстіңгі жұрт), Қазір – Қаз бір (пір), Қырат (Қыра Ат), Торат (Торы Ат, Таурат), Әкел (Алып кел), Апар (Алып бар), Биыл (биылғы жыл), Кенжахмет (Кенжеахмет), Зейнолла (Зейін олла, Алдоңғар (Алдыоңғар), Қожахмет (Қожа Ахмет) т.т. Қазық қазақтың балама атауы, яғни бүкіл әлем елдерінің қарашаңырағы. Сол сияқты қарашаңырақ пен қазықта синоним сөздер. Ал, Жұртқа келсек, бұл Қасиетті Құранда айтылатын ежелгі Жуды тауының атауы. Қазық пен Қазақтың, Жуды мен Жұрттың (Жұма, Жұмыс, Жұқа, Жуан, Жусан, Жуа, Жүгері, Жүз, Жүздеген, Жүздеп, Жүзінші, Жүзік, Жүзім, Жүзбасы, Жүзу (суда), Жүзгіш, Жүзбе-жүз, Жүздесу) түбірлес болатындары осыдан. Қасиетті Құранда айтылған Жуды тауы осы тау. Атам Қазақ та Сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес.

Бұл тұжырым шындық болатын болса, онда Нұх пайғамбардың моласы неге сақталмаған деген сұрақтың өз-өзінен туындап тұрғаны анық. Шындығын да, Атамыздың моласын табудың еш қиындығы жоқ. Бұл жерде де, сөз түбіріне (өз түбіне), яғни сөздің атасына сөз береміз. Таптық па? Иә, Иә! Ұқ (Үк), яғни Үкаша ата. Өздеріңіз көріп отырғандай атамыздың есімінің сөз түбірі Ұқ (Үк), яғни Нұқ (Нүк).

Үкаша Ата мазары – Қаратаудың күнгей бетінде, Өгіз тау шатқалы маңындағы қыратта, яғни Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 42 км жерде. Кесенесінің жалпы ұзын 16 м, ені 5 м, биіктігі 3,5 – 4 м. Ғимараттың батыс жағында, диаметрі 3,5 – 4 м, биіктігі 4 – 4,5 м болатын шірімейтін қаңылтырдан күмбез тұрғызылған. Негізгі құрылысы тау тастарынан тік төртбұрышты етіп қаланып, сырты ақ және сұр түсті цемент қоспасына қиыршық тас араластырылып сыланған. Кесененің ішіндегі мазардың биіктігі 160 – 170 см, ені 150 см, ұзындығы 12 м-ге жуық. Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар.

Ал, Ашаға келсек бұл екі дүниенің, немесе бір заттың екіге бөлініп айырылатын жері дегенді білдіреді. Мысалы, Ашатаяқ, Ашамай. Бұл қазақтың тектік шежіресінде де, сөз жасау жүйесінде де тек қана соны білдіреді. Алыпбидің (Әліппенің) бірінші дыбысы «А» мен басталып «А» мен аяқталатын сөздерде де солай: 1.Аға, 2.Ада, 3.Аза, 4.Ала, 5.Ана, 6.Апа, 7.Ара, 8.Аса, 9.Ата, 10.Ауа, 11.Аша, яғни Үкаша ата (Нұқ пайғамбар) 9-шы Ата мен 10-шы Анадан айырылып (бөлініп) кетіп тұр. Қайран Аталарым! Жарайсыңдар! Сөз жасасаң осылай жаса! Тарих жазсаң осылай жаз! Бұл тарихты Ұлы Жаратушы – Алладан басқа ешкім, ешқашан жоя алмайды.

Себебі, жер бетінде бір қазақ тірі тұрса, домбыра жойылмайды. Қазақтың домбырасына, Салдардың бас киімдеріне, қазақ келіндерінің сәукелесіне «Үкі» тағатын себебі де осы. Біздің үкілеп, аялап жүрген атамыз (Нұқ пайғамбар) осы Үкаша атамыз. Үкілі домбыра, Үкілі Ыбырай, үкілі почта, үкі, үкі ою, үкім, үкімет, үкімет басы атаулары осы атамыздан қалды.

Бұны азсынсаңдар, тағы бір дәлел келтірейін: қазақтың тек қана сөзі емес, сөйлемдері де осылай жасалған. Сөйлем арасы мен соңына қойылатын тыныс белгілері де (үтір, нүкте, үтір-нүкте мен қос нүктелер) осыны білдіреді. Үтір дегеніміз Аллатағаланың Ад еліне жіберген Һұд пайғамбардың есімі болса, қос нүктеміз — Қосай Нұқ атамыздың аты мен тегін білдіреді. Тағы қайталаймын. Сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) ешқашан жаңылыспайды.

Нұх пайғамбардың тегі қазақ, кеме тоқтаған жерде күні бүгінде де қазақтар отыр. Оларда осы біз сөйлеп жүрген тілде сөйлеген. Нұх пайғамбардың үш ұлының ең үлкені Қам өз әулетімен қазіргі Үнді жеріне кетіп, сонда қоныстанды. Қазақтан бөлініп өзге өңірге алғаш қадам басқан Қам атамыз болды. Қазақтың «Қадам (Қ-ада-м)» — Қамның атасы деген сөзі осылай дүниеге келді. Жылқы мен жылқышылардың пірі Қамбар атамыздың да тегі осы. Ортаншы ұлы Сам (Шам) өз әулетімен қазіргі Иран, Арабия жерлеріне барып қоныстанды. Ал, Нұхтың кенжесі Иафес, әке бұйрығымен солтүстікке қоныс аударды. Нұқтың өз елі қазіргі қазақ даласындағы Қазығұрт тауы (Сыр өңірі) алқабын жаз жайлау, Маңғыстауды қыс қыстауы етіп, мәңғі тұрақтап қалды. Ата жұрт бүткіл жер шарындағы үш ұлының елдерін осы өңірден басқарды. Осы өңір сан мыңдаған жылдардан бері бүкіл әлем елдерінің астанасы болып келеді. Көшпенді ел (қазақтар) бүкіл әлем елдерінің Ана тілін ешбір елдің тілімен будандастырмай бүгінгі күнге жеткізді. Біздер Нұх атамыздың қарашаңырағының иесіміз. Қазақтың Иа, Иә, Ие, Кие, Қия, Қарақия, Қиян, Қия деген сөздері сол Иафес атамыздан қалды.

«Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын солтүстік жаққа жіберді. Үшеуіне айтты: «Адам перзенттерінен үшеуіңізден өзге ешкім қалған жоқ, үшеуіңіз үш жұртқа отырыңыз, ұрпақтарыңыз көп болса, сол барған жерлеріңізді жұрт етіп отырыңыз».

Иафес атасының әмірімен Жуды тауынан кетіп, Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Иафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», -деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы (оғланы) деген лақап қойды.

Түріктің төрт ұлы бар еді; Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ. Түрік өзі өлер шағында үлкен ұлы Түтікті өз орнына отырғызып, қайтпас сапарға кетті» (Әбілғазы «Түрік шежіресі»).

Атам Қазақтың ең бірінші сөз болған, ал сөз басы дыбыстармен, буындардан басталады деген қағидасына және әрбір сөздің түбірінде (өз түбінде, яғни өз атасында) сол сөзді дүниеге әкелген Атамыздың аты, яғни бүгінгіше айтқанда «авторлық құқығы» сақталады деген қағидаға сәйкес:

Наурыз – таза қазақ сөзі. Негізі Нұқ (Нұх, Нух, Ной, Нау, Най болып әртүрлі лақап аттармен  аталып жүрген) пайғамбар атамыздың атынан шыққан. Ал екінші буындағы «рыз»-ға келсек, қазақта осы жалғаудан арыз, қарыз, парыз деп, адам баласына жауапты міндет жүктейтін (міндетіңді орындамасаң арыз туындайды) және «ыз» жалғаулығынан уыз, қыз, сыз, тыз деген адамзат ғұмырының бастауындағы тез өтетін ұғымды білдіретін сөздер жасалған.

Нау дегеніміздегі «Н» дыбысы Нұқ атамыздың есімін берсе, одан кейінгі «Ау» - Ауа анамыздың есімін береді. Таудың да сөз түбірі «Ау» болатыны осыдан. Таудың атауы Ауа анамыздың құрметіне қойылған.

Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде айтарымыз, сонау бағзы заманнан бері бізге жеткен ұлы шежіреде қазақтың ежелгі жыл басы Наурыз мерекесінде 365 күнге арнап, 365 күй ойналғаны айтылады.

Маңғыстаулық Қаз Адайлардың малға шөп салатын кемеге ұқсас ағаш астауды «Науа» деп атауы да, осы айтқанымыздың айдай айғағы болып табылады.

Қазақта Наурыз мерекесіне байланысты: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз Наурыз, Қыдыр,  Самарқанның көк тасы деген сияқты атау сөздер бар. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген балаларға Наурыз, Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан, Наурызүл деген есімдер берген. Наурыз сөзі бізге өзге тілден енген болғанда мына сөздер Қазақтың сөздік қорында болмаған болар еді.

Айрықша атап өтетін жағдай, Әз (қазақтың лақап аты) Наурыз – Наурыздың тегі Қазақ дегенді білдіреді. Әз Түрік, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Бурахан Әзі т.т. осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.

Ал, Наурыздың тегінің парсыларға телінуіне келсек, сол парсылардың өздерінің шыққан тегі Қазақ даласы болып табылады. Оны ирандықтардың өздері де кәміл мойындайды. Біз оның дәлелді дерегін тарих ғылымдарының докторы, Тегерандағы Шәһид Беһеште атындағы университеттің профессоры Риза Шабанидің «Иран тарихы» атты еңбегінен табамыз (Алматы – 2002. 6-16 беттер). Бұл кітаптың бірінші тарауында  ирандықтардың тегі ежелгі МАД, яғни Ман Адай патшалығынан бастау алатыны айқын көрсетілген. Оны тіпті ол қалай деп бас ауыртпай-ақ «ар» деген сөз түбірінен (өз түбінен, өз атасынан) және «ан» деген жалғаудан да айқын көруге болады. Шындығында да ежелгі тарихқа «Парфия»  деген атпен енген патшалықтың негізін Аршақ атамыз қалады. Бүткіл әлемге жорық шеккен Серілер (Рыцарство) осы жерден бастау алған. Бұл патшалық Қазар (Қас би) теңізінің жағасында, қазіргі Манқыстау, Түрікмен, Парсы жерінде өмір сүрді. Қазіргі Иран елі, бізше айтқанда Парсылар сол Парфия мемлекетінің жалғасы. Қазіргі түрікмен жеріндегі бір жазық дала күні бүгінде де Ар жазығы деп аталады. Ал, Маңғыстаулық Адайлар Иранның емес, Қазақтың қарашаңырағы болып табылады. Сондықтан, парсылардың өзі Ман Адайдан тарайтынын кәміл мойындап отырғанда, Қазақтың Әз Наурызын парсыларға апарып телігеніміздің орынсыз болатыны өзінен өзі түсінікті болса керек.

Сөз соңында айтарым, Маңғыстаулықтар  14-ші наурызды - Ұлыстың Ұлы күні, Амал мерекесі, жыл басы деп, есте жоқ ескі замандардан бері тойлап келеді. Әңгімеміздің басында қазақ халқы, соған сәйкес бүкіл әлем елдері жылды он екі айға бөлетінін айтқанбыз. Міне осы 14 күні жаңа ай туады.  Бұл күні адамдар өкпе-наз, реніштерінің бәрін ұмытып, жасы кішілері үлкендеріне барып көрісуден басталады. Осы мақаланы жасы үлкендеріңіздің бәрі)не барып көріскеніміз ретінде қабыл алғайсыздар.

Баршаңызды Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз! Бастарыңыз аман, дендеріңіз сау, елімізде тыныштық, молшылық, татулық болғай! Амалдан амалға аман-сау жете бергейміз!


Мұхамбеткәрім ҚОЖЫРБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау

Abai.kz

Пікірлер