"Жала" ма, нала ма? "Имамның үйінен" видео таратқан адамға 700 мың теңге айыппұл салынды

1235
Adyrna.kz Telegram
Фото: ixbt.com
Фото: ixbt.com

Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде "жала жапқаны үшін" азамат Б.-ға қатысты істі қарады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Соттың анықтағаны бойынша, азамат әлеуметтік желілерде видео жариялап, онда бір үйді көрсетіп, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін және халықтың қайырымдылық ақшасына салынғанын айтқан. Осылайша, ол әлеуметтік желілерде қасақана жалған ақпарат таратқан, бұл басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін таптап, беделіне нұқсан келтірген.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Ол үйдің кімге тиесілі екенін және қандай қаражатқа салынғанын нақты білмейтінін айтып, видеоны тек көру үшін жариялағанын түсіндірді. Жәбірленуші болса, соттан кінәліге заң бойынша жаза тағайындауды сұрады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің сәйкес бабында 180 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы 707 760 теңге) көлемінде айыппұл немесе 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.

Сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушының кінәсін мойындағаны және шын жүректен өкініш білдіруін жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Әлеуметтік ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

«Соттың қаулысымен Б. әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, оған 180 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады сот.

Пікірлер