Ұшақ апатын бөгеудің жолы қандай? Сарапшы ұшқыштың пайымы

1192
Adyrna.kz Telegram

Маман авиация саласындағы қауіпсіздік кешенді қимылды талап ететінін айтады. Әр апаттың өз себебі болғанымен, салаға ортақ ережелерді бұлжытпай орындау – қатерді азайтатын фактор.   

Соңғы уақытта әуе апаттарының саны күрт өсті. Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырағаннан кейін бұл мәселе қоғамда бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Алайда осы апаттан кейін тағы үш әуе апаты – Оңтүстік Кореяда, Канадада және Норвегияда орын алды.

31 қаңтар мен 1 ақпанда АҚШ-тың Вашингтон және Филадельфия қалаларында да екі әуе апаты болып, ондаған адам қаза тауып, жарақат алды.

АПАТТЫҢ АЛДЫН-АЛУ

Түрік ұшқышы, нұсқаушы, полковник Мұстафа Текиндордың айтуынша, әуе апаттарына қатысты ең жиі талқыланатын мәселе – олардың алдын алу мүмкіндігі.

«Егер әуе апаттарының алдын алуға болса, онда олар неге орын алады?» деген сұрақ туындайды. Зерттеулер көрсеткендей, апаттардың 80 пайызы адам факторының әсерінен болады және олардың көбін болдырмауға мүмкіндік бар. Әрбір әуе рейсінің қауіпсіздігі – ұшақты дайындайтын техникалық мамандардан бастап, оны басқаратын ұшқыштар мен әуе кеңістігін бақылайтын диспетчерлерге дейінгі барлық мамандардың дұрыс шешім қабылдауына байланысты», - деп түсіндірді ол.

АНЫҚ КӨРІНУ

Маманның айтуынша, авиацияда көріну деңгейі өте маңызды.

«Технология дамыған сайын әуе қозғалысы да артып келеді. Әуе кемелерінде басқа ұшақтарды анық көруге мүмкіндік беретін арнайы жабдықтар мен жарықтандыру жүйелері бар. Мысалы, апаттың алдын алуға арналған жарықтар әрбір ұшақта орнатылады. Олар қозғалтқыш іске қосылғанда жанып, рейс аяқталған соң сөнеді. Осындай жүйелердің көмегімен әуе кеңістігіндегі басқа ұшақтарды визуалды түрде бақылауға болады»,- дейді Текиндор.

Жарықтандыру жүйелерінен бөлек, заманауи ұшақтар әуе қозғалысын бақылау және соқтығысудың алдын алатын TCAS (Traffic Alert and Collision Avoidance System) жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе жақын маңдағы екіншілік радиолокациялық SSR (Secondary Surveillance Radar) жүйесінен сигналдар қабылдап, басқа ұшақтармен соқтығысу қаупі туралы ескертеді. Сондай-ақ, экипажға дыбыстық және визуалды белгі беріп, қауіптен құтылу үшін биіктікті өзгерту бойынша нұсқаулық ұсынады.

ДҰРЫС ЕСТУ

Ұшқыштың айтуынша, авиацияда басқа ұшақтарды көрумен қатар, есту де маңызды.

«Әуе кеңістігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қозғалысты үйлестіру және қызмет көрсету үшін бірыңғай тіл – авиациялық фразеология қолданылады. Мысалы, әуедегі ұшақтың ұшқышына «сіз әуедегі басқа ұшақты көріп тұрсыз ба?» деген сұрақ қойылса, ұшқыштың дұрыс жауабы «қай ұшақ?» болуы керек. Себебі түнде ұшқанда көру мүмкіндігі күндізгіге қарағанда аз болады. Сондықтан ұшқыштың «көріп тұрмын» деп жауап беруі аса дәл болмауы мүмкін. Диспетчерлер ұшақтарды үнемі бақылап, төтенше жағдайлар туралы ұшқыштарға ескертіп отырады. Мұндай жағдайда олар ұшақтың бағыты мен қашықтығы туралы мәлімет береді», - деді ұшқыш.

«Бір сөзбен айтқанда, апаттар – авиация саласының ажырамас бөлігі. Жер үсті, теңіз және теміржол көліктері сияқты, әуе көлігінде де апаттар болуы мүмкін. Зерттеулерге сәйкес, әлем бойынша күн сайын мыңдаған рейстер ұшатынын ескерсек, әуе көлігінде өлім қаупі миллионға он жағдайды құрайды. Сондықтан ұшақтар әлі де әлемдегі ең қауіпсіз көлік болып табылады», - деп қорытындылады Мұстафа Текиндор.

Пікірлер