Дипломат, қоғам және мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровқа «Нәзір Төреқұлов» монографиясы үшін Ресейдің 2024 жыл қортындысы бойынша «Мәдени империум. Кітаптар мен жобалар» (Культурный империум. Книги и проекты) ұлттық сыйлығы табысталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл еңбек Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасынан атақты «Өнегелі өмір» (Жизнь замечательных людей) сериясымен жарық көрген және бірнеше шетел тіліне аударылған. Сыйлықты жазушы, тарихшы, сараптамалық кеңес төрағасы Святослав Рыбас табыстады.
Нәзір Төреқұлов — дипломат, тілтанушы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, 1930–1935 жылдары КСРО-ның Сауд Арабиясы корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болған.
Нәзір Төреқұловтың мұрағаты толық көлемде 1997–1998 жылдары Евгений Примаковтың қолдауымен (ол 1994–2001 жж. Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі болған) алынған.
Бұл істі жүзеге асырған — 1994–2001 жылдары Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болған, экономика және саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров.
Төреқұловқа қатысты құжаттар Ресейдің сыртқы саясат мұрағатынан, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатынан, Ресей мемлекеттік мұрағатынан және Ресей ФСБ Орталық мұрағатынан алынған. Мұрағаттық материалдарды Тайыр Мансұров терең зерттеп, Нәзір Төреқұлов туралы орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде 9 кітап шығарған.