Оңтүстік Кореяда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Тірі қалғаны да бар – көп адам қаза тапты

443
Adyrna.kz Telegram
Фото: Yonhap
Фото: Yonhap

29 желтоқсан күні Бангкоктан Оңтүстік Кореяға ұшқан Jeju Air әуе компаниясының ұшағы Муан әуежайына қону кезінде апатқа ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap агенттігіне сілтеме жасап. 

Деректерге сүйенсек, бортта кемінде 175 адам болған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып, үлкен жылдамдықпен қоршауға соғылған. Алдын ала мәлімет бойынша, барлық жолаушы қаза тапқан. Тек екі адам ғана аман қалған. Reuters агенттігінің мәліметінше, олардың екеуі де экипаж мүшелері. Алайда басқа бірқатар БАҚ-тың мәліметінше, аман қалғандардың бірі – жолаушы.

"Бортында шамамен 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған ұшақ Бангкоктан қайтып келе жатқан", – деп хабарлайды агенттік.

Апатқа ұшыраған Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737 ұшағында 173 Оңтүстік Корея азаматы және екі Тайланд азаматы болған.

Аман қалған 33 жастағы стюардессаның ауруханада жатқаны белгілі болды. Оның өміріне қауіп жоқ. Бірақ, ол қатты күйзеліске ұшыраған

Қазіргі уақытта әуежайда құтқару жұмыстары жүргізілуде. Өртті сөндіруге 80 өрт сөндіру тобы жұмылдырылған. Билік апаттың себептерін анықтауда. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, ұшақ ұшу кезінде құстармен соқтығысқан. Бұл шассидің істен шығуына себеп болған.

Елдегі саяси дағдарыс салдарынан қызметінен шеттетілген Хан Док Судан кейін уақытша көшбасшы болып тағайындалған Оңтүстік Кореяның президент міндетін атқарушы Чхве Сан Мок тиісті мемлекеттік мекемелерге апаттан кейінгі құтқару жұмыстарын барынша тиімді жүргізуді тапсырды.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Сеулден 288 шақырым қашықтықта орналасқан Муана әуежайындағы барлық ішкі және халықаралық рейстер тоқтатылды.

Муандағы апат – Jeju Air компаниясының 20 жылдық тарихындағы алғашқы әуе апаты. Компания Boeing 737-800 ұшағын 2017 жылдан бері пайдаланған, оған дейін ұшақ Ryanair компаниясына тиесілі болған.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Баку–Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау әуежайынан 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында 67 адам болған. Оның 62-сі жолаушы және бесеуі экипаж мүшесі. Олардың 38-і қаза тауып, 29 адам ауруханаға жеткізілді. Ұшақ экипажынан 2 адам тірі қалды.

Пікірлер