Мәскеудегі «Бодрость» моншасында қырғыздарды ұстаудың қатал әдістері мигранттардың тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетуімен түсіндіріледі. Бұл туралы Ресейдің СІМ рейд кезінде «шамадан тыс күш қолдану» туралы әлеуметтік желідегі ақпаратқа түсініктеме бере отырып, РИА Новости жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Бар мәліметке сәйкес, операция барысында шетел азаматтары құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Сол себепті бұл шетелдіктерге қатысты тиісті шаралар қолданылған. Бұл ретте күш құрылымдары өкілдері Ресей заңнамасы аясында және өз құзыреті шеңберінде әрекет етті», – деді СІМ өкілдері.
Министрлік бұл тексеру жоспарлы болғанын және нақты бір елдің азаматтарына бағытталмағанын атап өтті. Рейд барысында 59 шетел азаматы ұсталған, олардың 25-і Ресейде көші-қон заңнамасын бұзып жүрген. СІМ мәліметінше, ұсталғандардың кейбірі радикалды топтармен байланыста деген күдікке ілінген.
Осы арада Қырғызстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Жамиля Жаманбаева ресейлік әріптесі Татьяна Москальковамен кездесуде «Бодрость» моншасындағы күш қолданудың «қалыпқа сай болуына» алаңдаушылық білдірді.
«Бейнежазбаларды қарау кезінде Қырғыз Республикасының азаматтарын жаппай ұстау барысында күш қолданудың сәйкестігі мен негізділігі туралы сұрақтар туындайды. Қырғызстан азаматтарына қатысты қандай да бір әкімшілік немесе күштік шаралар олардың процессуалдық құқықтарының кепілдігі мен халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып жүргізілуі керек. Қырғызстан – Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды мүшесі», – деді Жаманбаева.
Москалькова бұл оқиғаға өзі де назар аударғанын, оның өтінішінен кейін Ресейдің прокуратурасы мен көші-қон органдары «Бодростьтағы» жағдайға байланысты тексеру бастағанын айтты.
Айта кетейік, оқиға 10 сәуір күні, Қырғызстан тумасы әрі Ресей азаматтығын алған адамның меншігіндегі монша кешенінде орын алған. Жарияланған фото және бейнежазбаларда арнайы жасақ сарбаздарының монша қонақтарын ұрып, оларды бетімен жерге жатқызып, еңбектетіп немесе тізерлете жылжытып жүргені, жерде жатқан адамдардың үстімен басып өткендері көрінеді.
Осыған байланысты Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Сергей Вакулов Қырғызстан СІМ-не шақырылып, оған қырғыз азаматтарын қатаң ұстауға байланысты түсініктеме беру талабы бар нота табысталды. Ресей тарапына сондай-ақ Қырғызстан азаматтарының құқықтарын қорғауға нақты шаралар қабылдау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігі айтылды, өйткені бұл жағдай қырғыз-ресейлік одақтастық пен стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін.
Қырғызстанның Мәскеудегі Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігінің өкілдігі Ресейдің бас прокуратурасына, ІІМ-ге, Мәскеу прокуратурасына, ресейлік омбудсменге және басқа да мекемелерге осы оқиғаға байланысты шара қабылдау жөнінде өтініш жолдады.