Канада мен Норвегияда да апатты жағдай болды. Адам шығыны жоқ

583
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Канада мен Норвегияда әуеде апатты жағдай орын алып, екі оқиға да адам шығынынсыз аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

28 желтоқсан күні кешке Канаданың Галифакс қаласындағы әуежайда Сент-Джонс қаласынан келген Air Canada компаниясының 2259 рейсі шасси ақауына байланысты ұшу-қону жолағынан сырғып, бір бөлігі өртеніп кетті.

Ұшақтағы жолаушылардың бірі Никки Валентайнның айтуынша, қону кезінде шассидің бірі дұрыс ашылмаған. Бұл ұшақтың солға қарай 20 градусқа еңкейіп, қанатының тротуарға тиіп кетуіне себеп болған. Ұшақ ұзақ қашықтыққа сырғып барып тоқтаған.

Оқиғадан кейін борттағы шамамен 80 адам эвакуацияланды. Әуежай әкімшілігі оқиғадан қаза тапқандар жоқ екенін хабарлады. Дегенмен, жарақат алғандар бар. Олардың нақты саны әзірге белгісіз.

Екінші оқиға Норвегияда орын алды. Осло қаласынан Амстердамға бағыт алған KLM авиакомпаниясының Boeing 737 ұшағы 29 желтоқсан күні кешке техникалық ақауға байланысты Оңтүстік Норвегиядағы Торп Сандефьорд әуежайына шұғыл қонды.

Ұшақ бортында болған 182 адамның барлығы аман. Ұшу кезінде жолаушылар сол жақ қозғалтқыштан шыққан қатты дыбыс пен түтінді байқап, пилоттар қонуға шешім қабылдаған.

Қону кезінде ұшақ басқарылмай, ұшу-қону жолағынан асып кетіп, шөпке тоқтаған.

Екі оқиға да адам шығынысыз аяқталды. Алайда мамандар әуе кемелеріндегі техникалық ақауларға қатысты тергеуді бастады.

Пікірлер