25 желтоқсан күні Ақтау қаласы маңында орын алған әуе апаты кезінде бортсерік Хокума Әлиева ұшақтағы жолаушыларды сабырға шақырып, батылдық танытқан. Білікті бортсерік қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы apa.az басылымына сілтеме жасап.
33 жастағы Хокума Әлиева – Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының қызметкері. Ол осы салада 9 жылдық тәжірибесі бар білікті бортсерік болған.
"Хокума ұшақ құлап бара жатқанда жолаушыларға "бәрі жақсы болады" деп, оларды тыныштандырып, сабырға шақырған," – деп жазды басылым.
Хокума 6 жасына дейін Ресейде білім алып, кейін Әзербайжанға оралып, заңгер мамандығын тәмамдаған. Әкесінің айтуынша, қызы әрдайым мейірімді әрі мақсатына жетуге ұмтылған жан болған.
"Ол әр сапардан қайтып келгенде, бізді мақтан тұтқаныңызды қалаймын деп айтатын. Бір күні қайтып келіп, ұшақтары құлай жаздағанын айтқан еді... Бірақ бұл жолы менің қызым оралмады," – дейді марқұмның әкесі.
Айта кетейік, Ақтауда құлаған ұшақта барлығы 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Қаза тапқандар саны – 38 адам. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, олардың ішінде екі бала бар. Жолаушылардың арасында 6 Қазақстан, 42 Әзербайжан, 3 Қырғызстан және 16 Ресей азаматы болған.
Қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері ресми түрде жарияланды.
Апаттың себептерін анықтау мақсатында Үкіметтік комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды.