«5-10 мың теңгені аяйсыңдар ма?» - Мектепте министр бұйрығына қарамастан ақша жинаудың азаймай тұрғаны айтылды

2321
Adyrna.kz Telegram

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептегі мәселелер жайлы сөз етті. Министрдің айтуынша, оған мектепте ата-аналардан ақша жинайтыны туралы шағымдар жиі келеді. Кейбір ата-аналар әлеуметтік желідегі жеке парақшасына дауыстап хабарлама да жіберген. Хабарламада министрдің бұйрығына қарамастан мектеп әкімшілігінің «тиын-тебеннен» тартынбайтындығы сөз болыпты. Бұл жайлы «Адырна» ұлттық порталы хабарлайды.  

«Жеке парақшама күнде хабарлама келеді. «Сіз ақша жинамау керек деп айтып жатырсыз, бірақ кейбір белсенді ата-аналар мен мұғалімдер, сынып жетекшілері директормен бірге бұл мәселеге пысқырып қарамайды» деген шағым түседі. Тіпті дыбыс хабарлама да жібереді. Оны тыңдап отырып, кәдімгідей қатты ұяламын. Хабарламада «Иә, министрліктен ақша жинамасын деген бұйрық бар, бірақ ол бұйрыққа қарамаңдар, біз бәрібір жинаймыз. 5-10 мың теңгені аяйсыңдар ма?» деп оқушыларына дүрсе қоя берген мұғалімнің жазылып қалған сөзі келді, - деді министр.

Министр мұндай жағдайлардың көбейіп кеткенін айтып, парасатты қоғамға қашан жететіндігімізге қатысты сауал тастады.

- Сонда біз қайда бара жатырмыз?! Неге бізде берілген бұйрықты орындауға қауқар жетпейді?! Сонда біз қандай қоғамды құрып жатырмыз?», - деген министр жемқорлықпен күресуді әр адам өзінен бастауы керектігін жеткізді.

Сонымен қатар, министр мектептегі сан қилы мәселені жіктеп өтті. Қоғамымызда естіп жүрген мектептердегі «өлі жандар» есебінен қаржы жымқыру, есеп бөліміндегі жемқорлыққа қатысты өзге де былықтарды бірлесе жоюға шақырды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер