Тағы да Сарыағаш. Жібек жолы неге толқыды?

3663
Adyrna.kz Telegram
фото: Dilara Issa (RFE/RL)
фото: Dilara Issa (RFE/RL)

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында «11-сынып оқушысы 14 жастағы қызды зорламақ болып, қорқытты» деген ақпарат тарағаннан кейін тұрғындар арасында тәртіпсіздік орын алды. Бұл туралы Азаттық радиосы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, оқиға 14 шілде күні орын алған.

«Ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірген оқиға 14 шілде күні түнгі 12:00ден кейін болды. Әлеуметтік желілерде «11-сынып оқушысы 14 жастағы қызды зорламақ болып, қорқытты» деген ақпарат тарағаннан кейін күдікті жасөспірім тұратын үйдің маңына ашулы жұрт жиналды», - делінген хабарламада.

Айтуларынша, ауылға кіре беріс жолды автоматпен қаруланған полиция қызметкерлері күзетеді. Әр бұрышта полиция көліктері мен автобустар, сынған терезелер бар.

Тұрғындардың айтуынша, ауылда бірнеше күннен бері интернет байланысы жұмыс істемей тұрған. Байланыстың қалпына келтірілгеніне бір күн болды.

Жұма күнгі тәртіпсіздік кезінде зардап шекті деген үйлердің бірінің жанында арнайы техникасы бар шағын автобус болған.

Мәліметтерге қарағанда, жиналғандар үй маңындағы көліктерге тас лақтырып, терезелерін сындырған.

Ауыл тұрғындары оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шеккенін айтады: біреуінің аяғы сынған, біреуінің мұрын сүйектері зақымдалған. Ал ауыл әкімдігі зардап шеккендер жоқ деп сендіреді.

«Әлеуметтік желілерде оқиғаның Жібек жолы ауылында болғаны жазылған бейнеролик тарады. Осы бейнелердің бірінде жабық аулада бірнеше ер адамның орындықтарды алып, бірнеше басқа ер адамдарға қарай лақтырып жатқаны көрсетілген. Видео полицейлер ауылға келгенге дейін түсірілгенге ұқсайды», - делінген хабарламада.

Тағы бір видеода полиция және тәртіпсіздікке қарсы құрал киген ер адамдардың көшеде айғайлап жатқан адамдарды таратуға тырысқаны көрсетілген. Азаматтық киім киген ер адамның жейдесі жыртылып, оның үстінде қанға ұқсас үлкен қызыл дақ бар екені атап өтілген.

Тұрғындардың айтуынша, оқиға болған түні жүздеген адам көшеге шыққан. Алайда ауыл әкімдігі 50-ге жуық адам болғанын айтады.

«Бірнеше сағаттан кейін ауылға полиция қызметкерлері келіп, ашулы халықты таратты. Полиция бекеттері орнатылып, интернет өшірілді», - делінген хабарламада.

Осы оқиғадан кейін Сарыағаш аудандық сотының мәліметінше, 16 жастағы жасөспірім «зорлау» және «қылмыс жасауға оқталу» күдіктерімен ұсталды. Сонымен қатар, 19 жастағы жас жігіт «бұзақылық жасады» деген айыппен ұсталды. Сот оларды он тәулікке қамауға алуға шешім қабылдады.

Мәліметтерге сәйкес, 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы қызды еркінен тыс шақырып, қолынан тартып, қыз онымен кездесуден бас тартқан кезде ол қорқыта бастаған. 14 шілдеге қараған түні болған оқиғаға осы себеп болған деп хабарланды.

«Жұма күні Азаттық радиосының тілшісі «үйіне шабуыл жасалған» отбасы мүшелерімен сөйлесуге әрекеттенді, бірақ олар өз қауіпсіздігі үшін қорқатындарын айтып, сұхбат беруден бас тартты. Отбасы Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігіне хабарласып, басқа жерге қоныстандыруды сұраған. Ауласын таспен атқылаған екінші үйдің тұрғындары да сұхбат беруден бас тартты», - деп қорытындылады хабарлама.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында болған оқиғадан кейін полицейлер қылмыстық іс қозғаған.

«Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауылдардың бірінде жасалған бұзақылық фактісі бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.

«Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Ауылдағы жағдай тұрақты. Жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - делінген хабарламада.

Пікірлер