22 наурызда Оңтүстік Африканың Салданья қаласында өткен West Coast Air Show авиашоуы кезінде ұшақ басқарудан шығып, көрермендердің көз алдында апатқа ұшырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Sky News-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, ұшақ бүкіл ұшу кезінде толық бақылауда болған. Бірақ соңғы маневрлердің бірінде кенеттен биіктігін жоғалтып, құлдилай бастаған. Әуе көлігін тәжірибелі сынақшы-ұшқыш Джеймс О'Коннелл басқарған.
Ол апат салдарынан қаза тапты.
Шоу ұйымдастырушылары ұшқыштың апат кезінде ұшақтан секіруге әрекеттенбегенін мәлімдеді.
Медициналық қызметкерлер оқиға орнына екі минуттан аз уақытта жеткен. Бірақ осы сәтте ұшақтың қалдықтары толығымен отқа оранып үлгерген.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Африканың азаматтық авиация басқармасы апаттың себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.