Шымкенттегі алтын дауы. Бір топ салымшы әділдікті талап етті

1221
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте әйгілі алтын сатумен айналысқан "Nazira Gold" компаниясының басшысы Назира Бибосынқызын қамауға алғаннан кейін жақтастары әділдік сұрап, Президент пен Бас прокуратураға үндеу жасады. Үшінші мегаполиске жиналған бір топ қауымның мәселесін «Адырна» тілшісі тыңдап қайтты.

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті "Nazira Gold" компаниясының басшысы Назира Бибосынқызын «қаржы пирамидасы ретінде жұмыс істеген» деп айыптап, 21 ақпан күні қамауға алған болатын.

Аталмыш компания өзін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын заңды ұйым ретінде көрсеткен. Instagram желісінде он мыңнан астам оқырманы бар Назира Бибосынқызы салымшыларға ай сайын 20-40% табыс беріп отырған көрінеді. Алайда БАҚ-та тараған ақпарат бойынша Назираның шотына ақша салған жаңа қатысушылар пайда көрмеген, өз қаражатын қайтара алмаған. Ал олардың қаржысын бұрынғыларға төлеу үшін пайдаланған деген күдік те тарады.

21 ақпан күні оның үйін тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша мен жалпы құны 300 миллион теңгеден асатын 12 килограмм алтын бұйымдар тәркіленген.

«БІЗГЕ СЫЙЛЫҚТАР БЕРЕТІН»

13 сәуір күні жиынға келген Назираның жақтастары бұл (ред. ақша мен алтын) оларға тиесілі екенін айтып отыр.

«Бүгін Назираны қолдап келдік. Салған ақшамызды талап етіп отырмыз. Назираның бостандыққа шығуын талап етеміз! Мен өзім бұл жаққа 4 млн салғанмын. Жолдасым мен туыстарым білмейді. Біз Назирадан ешқандай жаманшылық көрген емеспіз. Мен оған ақшаны желтоқсан айынан бастап салдым. Ешқандай қаражатымызды жемеген, артығымен, сыйлықтарымен қоса беретін. Әр салғанда 200 мыңдай, салған ақшамыздың пайызын алып отырдық. Мен оның адал жұмыс істегеніне сенімдімін.Ол өте ақкөңіл болған. Менің ойымша, Назираны біреу қолдан ұстап берді. Біздің қыздың бір грамм кінәсі жоқ. Ол өз жұмысын жалғастыруы тиіс», - дейді Ұлбала Адырбекова.

«Назира түрмеге емес, құрметке лайық!», «Назираға бостандық!», «Назираны емес, әділетсіздікті қамайық!» деп ұрандатқан бір топ салымшы Шымкенттегі «Жеті жол» атты тойханаға жиналды. «Назира халықтың қызы!» деп футболка киіп, наразылық қағаздарын ұстап, «Бостандық» деп қол шапалақтады.

«Мен өзім Шәуілдірдің тұрғынымын. Медицина қызметкерімін. Басында 500 мың теңге салғанмын. Кейін үстінен қостым, Қазір 3.5 млн теңге салып жібердім. Бізде келісімшарт, қол қою болмады. Instagram желісінен бір жыл бойы көріп, ақша салдым, алтын тағайын деп ойладым. Бізге сыйлықтар беріп отырды. Бонус ретінде көпшілікке алтын тақты. Денсаулығы нашар адамдарға ақша беріп, көмек беріп отыратын. Жағдайы төмен отбасыға да көмектесті. Бізге де «қайырымдылық жаса» деп ақыл айтып отырды. Менің де күйеуім білмейді. Себебі ол білсе, отбасыда артық әңгіме көбейіп кетуші еді. Сиыр ұрлаған құтылып, тауық ұрлаған ұсталды болып тұр ғой. Органның тапқан ақшасы негізі ол халықтың қаражаты. Ол бізді ұйымдастырып, халқын асырап отыр. Ол өзі пайда көріп отырған жоқ. Бізді асырап отырған адам еді», - деді бүгінгі жиынға келген салымшы Айсұлу Мырзанова.

«6 МЛН ТЕҢГЕ КРЕДИТ АЛДЫМ»

Назира Бибосынқызы ақша салған салымшыларға да еркін таңдау берген көрінеді. «Алтын аламын» дегендерге Ресейден, Түркиядан, Италиядан әшекей-бұйым жеткізсе, «алтынымды сатып бер» деген өз тұтынушыларын да ескерусіз қалдырмаған. Үшінші мегаполистегі бес сауда орталығында «ақша салғандардың» алтынын сатып, түскен пайдасымен бірге салымшыларына кері салған көрінеді.

«Алтын табылды деп жатыр ғой. Енді алтын сататын адамның үйінен алтыннан басқа не табылуы керек? Мен кредит алып, салымшы болғанмын. Мен қараша айында ақша бергенмін. Мен Назираға «алтынымды сатып бер, пайдасын көріп отырайын» деп айтқанмын. Үстіндегі аз пайызды алып отырсам, қалғаны өсе берсін деп ойладым. Жиналған ақшаны мамыр айында алып, үй саламын деп ойлағанмын. Үй кезегіне бірнеше жыл бұрын тұрғанмын. Кезегім жылжымады. Кредитке 6 млн теңге алғанмын. Екі ай бойы төлей алмай отырмын. Коллекторлар мазамды алды. Телефоныма тыным жоқ. Назирадан барлық адам жақсылық көрді. Алтындай да, ақшалай да, сыйлық та берді. Маған, өзіме комплект берген. Бізге Назираны шығарып, ақша мен алтынымызды берсін. Ол ешкімнің емес, біздің ақшамыз. Мен инста арқылы келдім Назираға. Назира халыққа жеңілдік жасап, алтынымызды сатып, ақшасын беріп отырды. Мен алғаш бастағанда маған екімың теңге кем төлеген. Кейін мен оны сұрауға ұялып жүрдім. Себебі бес жүз мың, үш жүз мың тауып жүрдім. Кейін соны Kaspi арқылы салып жіберіп отырды. Ол біздің бір тиынымызды да алмайтын. Адамдар ерігіп ақша салмайды, мұқтаж болдық. Онымен қаншама суретке де түстік, бірге де жүрдік. Ол алаяқ емес деп айта аламын», - деді Тараз қаласының тұрғыны Наргиза Мұсабекова.

«БІР ЖЫЛДА 1 МЛРД ТЕҢГЕ САЛЫҚ»

Ал қазіргі таңда Назира Бибосынқызының қорғаушысы Бауыржан Кішкенебаев Астанаға да арнайы барып, Бас прокуратураға кіргенін де атап өтті.

«Менің өзім жұмыста жүрсем де, қазірдің өзінде пирамидаға қатысты бірнеше істерге қатысып жүрмін. Ал ондай әрекеттердің Назираның іс құжаттарында жоқ. Назираның жауабында әр елден арнайы кәсіпкерлер келіп, алтындар ұсынып отырған. Олар өз құжаттарын, лицензиясын көрсеткен. Зауыт, мекемелеріне барып, 1 млрд көлемінде төменгі бағада алтын алып отырған. Назира: «Менде ақша аз болған соң халыққпен, алтын сататын адамдармен бірігіп отырдым» дейді. Олармен бірігіп, ақшаны жинап, көтерме бағада алтын алып берген. Кей адамдар алтынды сата алмағандықтан пайыз қосып, сатып берген. Ал ақшасын толық салымшыларға беріп отырған. Қазір салымшылар несиелерін төлей алмай отыр. Біз жоғарыға барып, Бас прокурордың көмекшілерімен сөйлесіп, мән-жайды айттық. Ол жерде де бізді жүздеген халық күтіп алды. Олар маған айтпады. Бас прокуратураға айтты», - дейді Бауыржан Кішкенебаев.

Адвокат Назира Бибосынқызының заң бойынша жұмыс істегенін айтады. Оның Шымкент қаласында алтын сататын бес орталығы да жұмыс істеген. Нәтижесінде 2024 жыл бойынша мемлекетке 1 млрд 200 млн теңге салық төлегені айтылды. Жиынға келген халық Назираның кәмелет жасына толмаған үш баласының суреттері мен анасы дайындаған бейнероликті көріп, жас алды.

«ШЫМКЕНТТЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ ХАЛЫҚТЫ ЕСТІМЕЙДІ»

Жиын барысында модератор болған Тілеужан Кішкенебаев та Назира gold-тың жұмысы заңды екенін атап өтті.

«Президенттің кәсіпкерлерді қолдауы туралы ұраны қайда қалды? Оның Шымкентке қатысы жоқ па? Халық осы үшін күйіп отыр. Он екі мың адам Назира қолдап, дауыс беріп отыр. Бір пайыз да жаман пікір жазылмаған. Президентке, ҚМА, Антикорға халықтың атынан қаншама хат жолданды. ҚМА Назираны заңсыз ұстап, заңсыз халықтың ақшасын алып отыр. Соның кесірінен қаншама халық зардап шегіп отыр. Шығын Назирадан келіп жатқан жоқ. Шығын тек Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен келіп отыр! Біз заңы мықты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз! Президенттің өзі кәсіпкерлерді қолдап тұр. Заңсыздыққа жол бермейді деп ойлаймыз. Қаншама халық күн санап отыр, несие жанды қинап отыр. Үйінен айырылып қалатындар қаншама... Жоғарыдағылар біздің жан-айқайымызды естиді деген ойдамыз. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Прокуратурасы бізді естімей отыр. Біз Алматыдан келіп осы ашынған халықты сабырға шақырып отырмыз», - деді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.

Жиында ағайынды Кішкенебаевтар, Назираның әпкесі Жазира Бибосынқызы, Назираның туысы деп таныстырылған Тұрнияз ақсақал мен Назираны жақтаушы салымшылар келіп қатысқан.

«Назира өз еңбекқорлығының арқасында ер адамдардың істемеген ісін істей алды. Миллиардтаған ақшаны алып келудің өзі оңай емес. Назира бәрін қолжетімді етті. Ол көтеріліп келе жатқан еді. Оны қолдан ұйымдастырып, ұстады деп ойлаймын», - деді Назираның атасы деп таныстырылған Батырхан Исақов.

АЙҒАЙМЕН БІТКЕН ЖИЫН

«Назираға бостандық!» деген ұранмен басталған жиын соңы айғай-шумен аяқталды. Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары ұйымдастырушылардың жергілікті әкімдіктен үлкен жиын өткізуге рұқсат алмағанын айтты. Мейіржан Ғаниұлы Ажедин екі полиция қызметкерімен келіп, жиналғандардан залды босатуды талап етті.

«Баршаңыздың жиналып отырғандарыңыз заңсыз. Жалпы мұндай акция жасау үшін әкімшілікке арнайы хабарлама беру керек болған. Бес күн бұрын жіберілген хабарламаға үш күн ішінде жауап болмаса, онда акцияны өткізуге рұқсат. Алайда бүгінгі акция бойынша ешқандай хабарлама түспеген. Бәріңіз қазір залдан шығыңыздар. Болмаса полиция қызметкерлері заң аясында 15 тәулікке сіздерді қамап не айыппұл салады. Сіздердің өкілдеріңіз мұнда Құран оқытылып жатыр деп жауап берді. Алайда ешқандай да Құран Аяттары бұл жерде болмады», - деп ескерту жасап, микрофон мен камераны өшіруге тырысты.

Алайда адвокат Кішкенебаев бұл акцияның көшеде өтіп жатқан митинг емес екенін тілге тиек етті. Бұл сөзге «налымаған» әкімдік қызметкеріне халық та қарсы шықты. Олар «залды босат» деген шенеунікке «Назираға бостандық», «Бостандық» деп ұрандата  жөнелді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Суставы болят не от старости! Найден злейший враг боли в суставах
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У кого болят колени и суставы - читайте пока не удалили!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Приматывал это к коленями 3 ночи подряд и суставы не болят уже…
Пікірлер