Қазақстан Қарулы күштерінің айбынын айқындайтын биылғы әскери парадтың қандай ерекшеліктері болды? Әскер техника паркі жаңарды ма? Не көрсетілді, не көрсетілмей қалды? Неге?
Астанада 7 мамырда Отан қорғаушылар күніне орай және Жеңістің 80 жылдығына байланысты әскери парад өтті. Онда Президент – Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде өткен әскери парадты тұңғыш рет қабылдап алды.
Президент Тоқаев бұған дейін де әскери жаттығуларда болған. Ал 2020 жылы, Жеңістің 75 жылдығына жоспарланған әскери шеру сол кездегі ковид індетіне байланысты өтпей қалған.
Кешегі салтанатты парад – Нұрсұлтан Назарбаев жоғары биліктен кеткен соң өткізілген тұңғыш шеру. 2020 жылғы парадты ұйымдастыру кезінде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің басшысы болатын. Бұл мансабынан ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде бір-ақ түнде шеттетілген болатын. Назарбаев тұсында әскери парад Отан қорғаушылар күнінде ғана емес, Қазақстан Конституциясы күнінде де өткізілгені белгілі.
Биылғы салтанатты жиында әскери техника паркі қаншалықты жаңарды және шеруде Совет үкіметінен қалған әрі ресейлік техникалар қаншалықты жиі көрінді, немесе басқа елдердің үздік үлгілері байқалды ма? Мамандардан сұрадық.
«ІЛГЕРІЛЕУ БАР ДЕП БАҒАЛАУҒА БОЛАДЫ»
Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы биылғы шараның бұрынғы парадтармен салыстырғанда аса бір ерекшелігі болмағанын айтады.
«Қару-жарақ қорымыз бұрынғыдай негізі. Тек әуе қорғаныс кешендерінен кейбір жаңа техникалар байқадық. Оның өзінде ресейлік «Бук» және «Тор» зениттік зымыран кешені болды. Сондай-ақ мотоатқыштар бөлімінің біршама жаңа техникалары бар екені байқалады. Түріктермен бірлесіп құрастырған әрі қытай компаниясының үлесі бар «Taimas 8x8» деген жаңа техниканы көрсетті. Сонымен қатар мотоатқыштарға қажет әрі жаяу әскерді тасымалдайтын бронды «Terrex» деген техниканы байқадық. Осындай техникалар тұрғысынан келгенде ілгерілеу бар деп бағалауға болатын шығар», - дейді сарапшы.
Ол әскери шеруде қайсыбір техникалардың көрсетілмегенін де айтты.
«Әйтсе де мен өзім бұған дейін білетін қарулы күштердегі кейбір әскери техникалар көрсетілген жоқ. Бәлкім оны айдай әлемге жар салып көрсету қажет те емес шығар. Оның үстіне оларды парадқа қатыстыру қиындау болады. Мысалы, 2018 жылғы парадта қытайдың «Wing Loong 2» дронын көрсеткен болатын. Кеше біз аталған дронды көрмедік. Ол нақты әскери тапсырмаларды орындап жүруі мүмкін. Мұны бір деталь деп қоялық. Екіншіден, трансұлттық авиацияда «Эйрбас а400м» және бұрыннан бар C-295 ұшағы ұшып өтті. Сонымен қатар жойғыш ұшақтардың ішінде Су-30СМ көбірек көрсетілді. Осы жолы Су-24 және МиГ-29, 31 ұшақтары болған жоқ. Мен оны аталған тікұшақтың ескіргенімен байланыстырамын. Қателеспесем, былтыр 117 ұшақ бөлшектеліп, жойылады деген шешім болған»,- дейді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.
«ЕЛДЕГІ ТЫНЫШТЫҚТЫ САҚТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН»
Сондай-ақ Амангелді Құрметұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың парадта айтқан сөзіне назар аудартты.
«Президент жиында «Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес» деді. Бұл – шын мәнінде астын сызып тұрып айтатын дүние. Өйткені қазір әлемнің көптеген елінде соғыс болып жатыр. Біз бейбіт өмірде жүргеннен кейін соғыстың қасіретін білмейміз. Ал біздің аға буын аталарымыз Екінші дүниежүізілік соғысқа қатысып және майданға көмектесу кезінде ең қиын күндерді бастан өткізген. Олар бізбен салыстырғанда соғыстың қаншалықты қасіретті екенін біледі. Біз қазір бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқаннан кейін оған аса бір назар аудармауымыз мүмкін», - дейді сарапшы.
Айтуынша, «Украинада соғыс болып жатыр», «Таяу Шығыста соғыс болып жатыр» деген сөздер кино көріп жатқандай қабылданатын сияқты.
- Президенттің «Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр» деді. Менің ойымша осы сөздер қарулы күштерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп, армия мен бұқара халықтың арасындағы байланысты нығайтып, елдегі тыныштықты сақтауға бағытталған», - дейді Амангелді Құрметұлы.
«БАРЛЫҚ ҚАРУ-ЖАРАҚТЫ КӨРСЕТУГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС...»
Тағы бір әскери сарапшы елорданың төрінде өткен әскери шерудің мән-маңызы жоғары екенін айтады.
«Астанада өткен әскери парад – армияның елдің қорғауға дайын екенін білдіретін қажетті шара», - дейді ол.
Сарапшы өзінің әскери парадқа идеологиялық астары бар оқиға ретінде қарайтынын айтады.
«Негізі парад елдің қарулы күштерінің әлеуетін көрсететін шара емес. Демонстрациялық шара азды - көпті ішкі және сыртқы идеологияға жұмыс істейтін әрекет. Ал әскери құпия ретінде Қарулы күштер өзінде бар барлық қару-жарақты көрсетуге міндетті емес. Мұны халықтың рухын көтеріп қоятын салтанатты жиын деп қарау қажет. Армиямыздың белгілі бір деңгейде қару-жарақты игеріп жатқанын көрсететін дүние. Әскери қызметкерлердің, оның ішінде қыздарымыздың сап түзеп жүруі – әдемі көрініс. Сол себепті сұмдық үлкен жаңалық немесе керемет бір жетістік деп емес, ара-тұра ұйымдастырылып тұратын қатардағы шаруалардың бірі деп бағалаған жөн», - дейді Амангелді Құрметұлы.
Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы