Заңсыз активті қайтару заңдылығы. Партия төрағалары не дейді?

1999
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы мен үш ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Апыл-ғұпыл мақұлданған заң жобасы қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады.

Заң жобасында заңсыз активке қол жеткізгендердің тізімі құпия сақталатыны және қаржыны өз еркімен қайтарса жауапкершіліктен босатылатыны көрсетілген.

Активін заңсыз шетелге шығарған адамдардың тізімі неге құпия болады және қаржыны өз еркімен қайтарғандарды жазаламау қаншалықты дұрыс? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжілістегі бірнеше партияның төрағаларына қойдық.

ЗАҢ ЖОБАСЫ СТАНДАРТҚА САЙ ЕМЕС ПЕ?

«Аманат» партиясы әрі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов заң жобасынан зор үміт күтіп отырғанын айтады.

- Бүгінгі күндегі мемлекеттегі ең өзекті мәселе боп тұрған кезінде шекара асып кеткен клептократтардың қаржысы елге қайтару керек. Бұл – негізгі мәселе. Ол қандай жолмен қайтарылады? Ол мәселе осы заңда қарастырылған. Бұл жерде бұрынғы стандарттарға келмейтін тұстары бар шығар. Себебі, жағдайдың өзі стандартқа сай емес. Сондықтан бұл заң бірінші кезекте біздің ең ірі шетел асқан клептократтардың ақшасын елге әкелу керек. 100 млн АҚШ долларынан астам қаржысы барлардың ақшасы елге қайтарылу керек. Бұл заң аясында реестр құрылып, соған өзіңіз айтқан адамдардың тізімі жасалады. Екіншіден, ол азаматтар өз еркімен қаржыны қайтарамыз дейтін болса, онда ол азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бізге бірініші кезектегі нәрсе қаржыны елге қайтару, - деді спикер.

Осы арада заңсыз жолмен қаржысын шетелге асырған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босату Конституцияға қайшы емес пе деген сұрақ туындайды. Мәжіліс төрағасының айтуынша, бұл Конституцияға қайшы емес.

- Бұл заңмен реттелетін мәселе. Негізі қаржыны қайтару оңай мәселе емес. Егер біз қолданыстағы заңдар бойынша, яғни стандартты жолдармен жүретін болсақ, бұл өте ұзақ уақытты алады және ақшаны шығарған адамдар өте бай адамдар. Олар әлемдік деңгейдегі ең қымбат адвокаттарды жалдап, соттасады. Одан кейін шетелдің заңы бойынша заңсыз қаржы аударылғанын дәлелдеуіміз керек. Сондықтан бұл өте ұзақ уақытты алатын процесс. Біз қандай жолмен болса да қаржыны қайтару жолын қарастырып жатырмыз және президенттің тапсырмасымен бұл заңды әзірлеп, бүгін қабылдадық. Бұл заң елдің игілігі үшін жұмыс істейтін заң болады. Мен осы заңнан кейін қаржының елге қайтатынына сенемін, - деді Мәжіліс төрағасы және «Аманат» партиясының басшысы.

«ОСЫ ЗАҢ ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ»

Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Ерлан Қошановтың кейбір пікірмен келіспейді. Алайда ол осы заңның арқасында шетел асқан қаржыны елге қайтаруға мүмкіндік бар деп санайды.

- Қаржыны қайтарса, жауапкершілікке тартылмау керек дегенге біз қарсымыз. Мұны біз бірінші талқылау кезінде де айттым. Егер негізсіз байып кеткен адамның байлығы заңсыз жолмен табылғаны дәлелденсе, оған міндетті түрде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілу керек. Бірақ жұмыс тобында «Ақ жол» партиясының ұсынысын қолдаған жоқ. Біздің елде велосипед немесе мал ұрлағаны үшін соттауы мүмкін, ал 100 млн АҚШ долларын ұрлағанды кешіруі мүмкін дегенді айттым. Әрине, мұндай заңды тезірек күшіне енгізу керек. Бірақ күзде бұл мәселеге қайтадан келеміз. Менің ойымша, осы заң өз нәтижесін береді. Оған ешбір күмән болмасын. Бұл үлкен істердің алғашқы бастамасы ғана, - деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

«ЗАҢНЫҢ ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІН КӨРСЕК, ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗЕМІЗ»

«Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Ескі Қазақстанда» олигархтардың жазаланбайтынын еске салды. Сондықтан да ол бұл заңды саяси заң деп санайды.

- Бұрынғы жүйеде ақшасын шетелге жасырған азаматтар мүлде жауапкершілікке тартылмайтын. Менің ойымша, адамның жайдан-жай түрмеде отырғанынан қарағанда шет ел асқан қаржыны тартып алып, еліміздің игілігі үшін жаратсақ, халқымызға көбірек пайдасы тиетін сияқты. Бұл – саяси заң. Сондықтан бұл мәселені шешу оңай емес. Менің ойымша, Үкімет осы заңды ұсыну арқылы олигархтардың мүддесін көздеп отырған жоқ. Егер олигархтардың мүддесін қорғайтын болса, ештеңені өзгертпей, бұрынғы жүйемен жүре беретін едік. Сіз жұмыс тобында болмағандықтан онда қаншалықты қызыл кеңірдек болғанымызды білмейсіздер. Бұл заң шетел асқан қаржыны елге қайтаруға мүмкіндік береді. Ниетіміздің барлығы – осы заңның бастамасы. Ал заң – құрал. Ал енді осы заң бізге жеткілікті ме, жеткіліксіз бе? Егер де осы заңның жеткіліксіздігін көріп жатсақ, тағы да бір өзгерістер енгіземіз, – деді «Республика» партиясының төрағасы.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер