Қылмыс пен жаза. Заңсыз қаржы заңға айналса, не болады?

2251
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс сәрсенбі күні "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын талқылап, депутаттар оны алғашқы оқылымда мақұлдады. Заң жобасында активтерін ерікті түрде қайтарудың барлық талабын орындаған тұлға қылмыстық жауапқа тартылмайды. Тағы бір қызық жағдай бұл заң активі 100 миллион доллардан кем тұлғаларға қатысты емес. Жымқырған ақшасын елге қайтарған азаматты жауапкершіліктен босату қаншалықты дұрыс? Сондай-ақ екі-үш қой ұрлаған адам 7 жылға дейін сотталып, 100 миллион доллар жасырған адамды жазаламау әділетті шешім бе?

ЖАСЫРҒАН АКТИВІН ЖАРИЯЛАҒАНҒА – РАҚЫМШЫЛЫҚ?

Астана қаласының заңгерлер одағының төрағасы Серік Беркамалов Мәжіліс қараған заң жобасын қолдайды. Себебі ол мұндай тәсілдің әлемдік практикада бар екенін ескертті.

«Заңсыз ұрланған ақшаны елге қайтаратын болса, оған кешірім беру әлемдік практикада бар. Оның үстіне елімізде сотталғандарға рақымшылық жасалып, адамдарды түрмеден босатып жатады. Шет елде де, біздің елде де амнистия қолданылады. Менің ойымша, рақымшылық беру дұрыс шешім деп ойлаймын. Ең бастысы – шет ел асқан автивтерді елге қайтарып, оны ел игілігі үшін пайдалану. Сыртқа кеткен ақшаны елге қайтарып, ол ел экономикасы үшін жұмыс істесе мемлекетке пайдалы іс болар еді. Қазіргі таңда шет ел асқан ақшаны қайтарып, ел иглігі үшін пайдалану өте маңызды болып отыр. Сондықтан да мен бұл заңды уақытында қабылданайын деп отырған заң деп санаймын. Бұл шара қарапайым азаматтардан бастап заңгерлер арасында да қолдау тауып отыр. Өйткені бұл шара өзінің оң нәтижесін береді. Шетелде де мұндай шаралар қолданылады. Бұл бір жағынан жауапкершіліктен босатады. Егер жауапкершіліктен босатпаса, олар ары қарай қаражаттарын тығып, активті қайтарудың жолын тіпті қиындатып тастайды», – деді заңгер.

Шыны керек бұл заң жобасы қоғам тарапынан сыналып отыр. Мысалы кейбір адамдарда «Біз неғұрлым көп ұрлай берейік, ертең үкімет бізді кешіреді» деген түсінік қалыптастырмай ма? Серік Беркамалов мұндай қауіптің бар екенін мойындайды. Алайда ол активін шет елге жасырған адамдарға бір реттік рақымшылық жасаған жөн деп санайды.

Мұндай бір реттік шаралар Назарбаевтың тұсында да болғаны белгілі.

МИЛЛИАРД ЖҰТҚАН ҚҰТЫЛЫП, МАЛ ҰРЛАҒАН ТҰТЫЛА МА?

Заңгер Әлімжан Жұбатханов әріптесі Серік Беркамаловтың пікірімен келіспейді. Әлімжан Жұматханов заңсыз қаржы жымқырғандан тиісті жазасын алу керек деп санайды.

«Заңды жазатын адамдар ғой. Парламентте қаралып, қабылданып кетсе, заңды болып кетеді. Ал енді парламенттегі депутаттар қарсы болса, аталған заң жобасы қабылданбауы да мүмкін. Бірақ Қазақстанның ішіндегі лауазымды тұлғалар қаржы жымқырса, оны қылмыскер деп танимыз. Оларға ешқандай кешірім беріп, рахымшылық жариялаймыз. Ал енді шетелге қаржысын тыққан адамдарға біз кешірім берсек, заң алдында адамдар тең емес болып шығады. Бұл жерде әділдік жоқ. Кезінде ақшаны ұрлап, шет елге қашып кеткен адамға кешірім беру деген ақылға сыймайды. Егер қандай да да бір адамның қылмысқа қатысы болса, қылмыстық іс қозғап, активтерін қайтару керек. Жалпы мұндай адамдарды Қазақстанға экстрадициялау керек. Мысалы Храпунов, Әблязов секілді үкім шығып, бірақ шет елде жүрген адамдардың активтері елге қайтарылған жоқ. Осы уақытқа дейін қайтара алмаған қаржыны билік қалай қайтарады? Қазақстанның қазынасын тонап, шет елге жасырып қою қылмыс болып саналады. Мұндай адамдар міндетті түрде қылмыстық жазаға тартылуы керек», - дейді заңгер.

Егер шет елге ақша жасырған адамды жазалмаса бұл ел ішіндегі адамдарға қандай ой салады? Биліктің бұл қадамы азаматтарды көп ұрлауға ынталандырып жібермей ме?

«Иә, «елдің ақшасын ұрлап, шет елге жасыруға болады екен» деген ой қалыптастырады. Егер мұндай қылмыс болса, Қытайда ату жазасына кесіледі. Мемлекеттің ақшасын жымқырған адамға қанша жыл өтсе де кешірім болмауы керек. Әрине, қылмысы үшін шын өкінетін болса, оған жеңілдік қарастыруға болады. Бірақ тұтастай жазадан босату дегенді өз басым түсінбеймін. Мәселен, Қазақстанның ішінде қаржы жымқырып, ұсталған адамдар әр түрлі жазаға тартылып жатыр. Ал миллиардтарды ұрлаған адамға «Тыққан ақшаңды елге әкелсең, жауапкершіліктен босатамыз» деп отыр. Ал Конституцияда «Заңның алдында бәрі тең» деп жазылып тұр. Нәсіліне, жынысына, байлығына қарап, адамдарды алалауға болмайды. Шыны керек, шет елге ақша ұрлап, тыққандардың көпшілігі – кезінде Назарбаевтың арқасында байығандар. Солардың өкілдері Ақордадан бастап, Парламентке дейін отыр. Солар «Біз активтерді қайтарайық. Бізді жазадан босатыңдар» деп лобби жасайды. Олардың ішінде Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдының туыстары бар шығар. Миллиардтаған ақшаны қарапайым адамдар емес, Назарбаевқа қатысы бар адамдар ұрлады. Сондықтан да «Осындай заң қабылдасақ, шет елдегі байлығымыз қайта келеді» деп адамдардың басын қатырып жатыр. «Аңқау елге арамза молда» дегендей қарапайым халық оны қайдан білсін. Бір-екі қой ұрлаған адам 3 жылдан бастап 7 жылға дейін сотталады. Ал миллиардтап ұрлағандарға ешқандай жаза болмауы ақылға сыймайды», - дейді заңгер.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер