Америка Құрама Штаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) шығуы мүмкін және бұл туралы Дональд Трамптың инаугурациясы кезінде, қаңтар айында жариялауы ықтимал, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Financial Times-қа сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Трамптың командасы АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығуын талап етуде. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім жаһандық денсаулық сақтау саласына "катастрофалық әсер" етеді.
Ақпарат құралдарының дерегінше, АҚШ-тың жаңадан сайланған президентінің командасы 2025 жылдың 20 қаңтарында, Дональд Трамптың инаугурациясы күні, елдің ДДСҰ-дан шығатыны туралы хабарлауды жоспарлап отыр.
Егер бұл орын алса, ДДСҰ қаржыландырудың ең ірі көздерінің бірінен айырылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл "бюджеттегі олқылықтың" орнын толтыруға ешкім қабілетті емес.
2020 жылы Дональд Трамп COVID-19 таралуына байланысты ұйымды Қытайдың бақылауында деп айыптап, ДДСҰ-дан шығу процесін бастаған еді. Алайда бұл процесс аяқталмаған болатын. Ал оның ізбасары Джо Байден 2021 жылы президент қызметіне кіріскен алғашқы күнінде АҚШ пен ДДСҰ арасындағы қарым-қатынастарды қайта жаңғыртты.