Түркияның Денсаулық сақтау министрлігінің тікұшағы елдің оңтүстігіндегі Мұғла провинциясындағы аурухана ғимаратына соғылды. Апат салдарынан төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы TRT Haber телеарнасына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сүйенсек, тікұшақ аурухананың жоғарғы қабатына соғылып, аулаға құлаған. Соққыдан кейін тікұшақ бөлшектеніп кеткен. Қайғылы оқиға салдарынан екі ұшқыш, бір дәрігер және тағы бір аурухана қызметкері.қаза тапты. Бұл ақпаратты Мұғла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйық растады.
"Оқиға таңертең ұшып шыққан кезде орын алды, тікұшақ аурухананың төртінші қабатына соғылды. Барлығы қаза тапты", – деді губернатор Haberturk телеарнасының эфирінде.
Оның айтуынша, билік апаттың себебі ретінде ауа райы жағдайын (тұманды) қарастыруда. Тікұшақ Анталияға бағыт алған.