Семей қаласында мұғалім мектепте жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде биіктіктен құлап, жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл оқиға туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстан Республикасының "Педагог мәртебесі туралы" Заңына қатаң түрде қайшы келеді. Аталған заң мұғалімдерді өз кәсіби қызметіне жатпайтын жұмыстарға тартуға тыйым салады.
"Біз облыс басшылығының объективті тергеу жүргізіп, болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдайтынына үміттенеміз," – деп жазды Ғани Бейсембаев өзінің Facebook парақшасында.
Оқу-ағарту министрі жарақат алған мұғалім Қуат Айтқалиевтың отбасына шын жүректен қолдау білдіріп, оған тез сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ министр мұғалімге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын және бұл оқиғаның ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы мұғалімдердің рөлі мен олардың құқықтарын сақтау мәселесінің маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін еске салып, білім беру бөлімдері мен басқармаларының басшыларын заңдарды қатаң сақтауға шақырды.