Қазақстандық оқушылар робототехникадан өткен әлем чемпионатында топ жарды

2099
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары World Robot Olympiad – 2024 Түркияда өткен робототехника әлем чемпионатында үшінші орын мен арнайы номинацияға ие болды.

Әлемнің 90 елінен 3500 жас инженер қатысқан додада Қазақстан намысын қорғаған командалар екі санат бойынша жүлдегер атанды.

Беделді байқауға еліміздің атынан 13 қатысты. Олардың барлығы қазақстандық және халықаралық робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Талдықорғандық  NIS мектебінің 11-12 сынып оқушылары Іңкәр Құрманбаева мен Айым Бауыржанқызы «Future Innovators Senior» номинациясында өнер көрсетті. Олар орманды қалпына келтіруге арналған автономды робот жасады.  Бір циклде робот 60 көшет отырғыза алады, ол шынжыр табанды шассидің арқасында кез келген топырақта жұмыс атқарып, қиын жерлерде жүре алады.

 Бұл жоба - толық өлшемді, дайын робот, оны дәл қазір практика жүзінде орман отырғызу қажет жерлерде қолдануға болады. Роботты басқару жасанды интеллект негізінде автономды түрде жүзеге асырылады, — дейді Іңкәр мен Айым.

Снымен қатар бұл жоба тек ағаш отырғызып қана қоймай, орманның қалай өсетіні туралы болжам жасайды әрі табиғатты қоқыстардан тазартады. Егер қоқыс табылса, робот автоматты түрде манипулятордың көмегімен қоқысты жинайды.

10 - сынып оқушылары Сержан Қадылбек, Ақниет Молдакерімов Future Innovators Junior санатында жоғары пилотажды көрсетті. Олар арнайы «Technical solution award» номинациясына ие болды.

Зияткерлер құтқару робот қайығын жасады. Жоба катамаран қайығының прототипі болып табылады, ол жасанды интеллект арқылы қиындықта қалған адамдарды автоматты түрде таба алады және жылжымалы баспалдақтар арқылы адамдарды судан немесе шатырдан шығарып құтқара алады. Қайықтың бортында алғашқы көмек құралдары бар.

 Осы көктемде Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынына тап болды, көптеген елді мекендер толығымен су астында қалды. Робот су басқан елді мекендерді автономды түрде күзетіп, адамдарды құтқара алады, — деп қорытындылады жоба авторлары.

Түркияда өткен робототехникадан әлем чемпионаты World Robot Olympiad – 2024 жарысының қорытындысы бойынша жеңімпаздар Измир сапарының шынымен де тарихи болғанын атап өтті.

Қазақ оқушылары өз мектептерінің зертханаларында көп уақытын өткізіп, роботтарын құрастыруға айлар бойы еңбек етті. Жас өнертапқыштар робот бөлшектерін өздері модельдеп, кейін мектеп шеберханаларында жабдықталған 3D принтер мен лазерлік машиналарда жобаларын жүзеге асырды.

 Робототехниканың арқасында біз әлемді тануға, саяхаттауға және басқа елдердің озық оқушыларымен кездесуге мүмкіндік алдық. Бұл сапар өз қабілетімізге сенімділік берді – біз әлемнің ең мықты командаларымен ел намысы үшін күрестік. Бұл біз үшін қызықты әрі мәртебелі болды. Сондай-ақ бапкерлерімізге шыдамдылық танытып, болашағымызға қосқан үлестері үшін алғыс айтамыз, - деп өз пікірін Сержан Қадылбек білдірді.

Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – 2014 жылдан бері World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының Қазақстандағы Ұлттық ұйымдастырушысы. 10 жыл ішінде NIS еліміздегі робототехника саласының дамуына және отандық командалардың халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты.

Пікірлер