Қайрат Сатыбалдының қонақүйі мемлекет меншігіне беріледі

2290
Adyrna.kz Telegram

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бар мүлкі мемлекет меншігіне беріледі. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

«Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі.

Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйі кіреді.

Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару аяқталуда»,—деді басқарма.

Бұған дейін Қайрат Сатыбалдының қамауда отырған кезінде 6 млрд теңгеге Алматыдан қонақ үй сатып алғанын жазған едік. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай көтеріп, шағымданушылардың арызын Антикор мен Бас прокурорға жолдағанын айтты.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ол «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша айыпталып, 6 жылға сотталды.

Пікірлер