Қайрат Сатыбалдының қамауда жатып қымбат қонақ үй сатып алғаны рейдерлік пе?

4087
Adyrna.kz Telegram

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауда отырған кезінде 6 млрд теңгеге Алматыдан қонақ үй сатып алған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқанын атап өтті. Айтуынша, бұл қонақ үйдің иесі Шолпан Каранеева ғимаратты Қайрат Сатыбалдының рейдерлік жолмен тартып алғанын 2020 жылы-ақ ашық айтып, талай бұқаралық ақпарат құралына сұхбат берген, аппеляциялық сотқа шағымданған. Алайда одан еш нәтиже шықпаған.

«Осыдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақ үйін салған. Құрылысты аяқтау үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ға қонақ үйді кепілге қойып 4 млрд 200 млн теңге сомасында қарыз алған. Коронавирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақ үйі қызметін уақытша тоқтатқан.

Сол кезде Президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақ үйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 млрд теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-ға сатып жіберген»,— дейді «АБЛИ Құрылыс»компаниясының құрылтайшысы.

Мақсат Толықбай бұл істе заңсыздықтың көп екенін жеткізді.

«Қайрат Сатыбалды абақтыға қамалып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақ үйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған екен. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы «Біз «Байдала» ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді, іс әлі қаралып жатыр ғой?!» деп арыз түсіргеннен кейін Қайрат пен «Байдала» арасында тез арада келісімшарт жасалады. Түрмеде! Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр?! Бұл жерде де заңсыздық көп»,—деді ол.

Депутат шағымданушылардың арызын Антикор мен Бас прокурорға жолдағанын да атап өтті.

«Біз шын мәнінде Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, осындай заңды бизнесін әлдекімдер көпе-көрнеу тартып алған тұлғалардың да зары мен мұңына құлақ түріп, көңіл бөлуіміз керек шығар. Жәбірленуші тарап құзырлы органдардың істі әділ қарауын сұрайды»,—деп түйіндеді Мақсат Толықбай.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ол «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша айыпталып, 6 жылға сотталды.

Пікірлер