Депутат мобильді құрылғыларды верификациялауға байланысты күмәнді схемаларды сынға алды

737
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/67451c9f-0b84-4be4-a131-1bee67e9f611-960x500.jpeg?token=903afd4e5bca00ea2b1c138af75c5248

Қазақстан азаматтары мобильді құрылғыларды IMEI-код арқылы міндетті түрде верификациялау тәртібіне шағымданып жатыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Үкіметке ресми депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Халық қалаулысы бұл процесті ресми мәртебесі жоқ, конкурс өткізбей, ATS Mediafon KZ жүзеге асырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Компания бұл қызметті заң жүзінде ешқандай құқықтық негізсіз ұсынып отыр. Конкурс өтпеген, мемлекеттік рұқсат берілмеген, қызмет құны бір жақты белгіленген. Сонымен қатар, компания азаматтардың ЖСН, аты-жөні, байланыс нөмірі мен құрылғысының IMEI-коды сияқты жеке деректерін заңсыз жинауда», – деді депутат.

Ол қазақстандықтар мен кәсіпкерлерден бұл жүйеге байланысты көптеп шағым келіп түсіп жатқанын айтты. Мәліметтерге сүйенсек, елде 12 миллионға жуық мобильді құрылғы тиісті түрде тіркелмеген. Әр құрылғыны верификациялау құны – 3 932 теңге.

Сонымен қатар, Нажметдинұлы бұл схема бәсекелестікке қайшы екенін, ал шығындар халыққа заңсыз жүктеліп жатқанын

атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан нарығындағы құрылғылардың 75%-ы кедендік рәсімдерсіз заңсыз енгізілген. Бұл жыл сайын бюджетке 150 млрд теңге көлемінде шығын әкеледі.

«ATS Mediafon KZ қандай нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып бұл қызметті көрсетіп отыр? Қандай шешіммен және кімнің тарапынан таңдалды? Қызмет құны қалай есептелді және жеке деректерді жинауға қандай заңды негіз бар?» – деп сауал қойды депутат.

Мәжілісмен верификация процесін тоқтатып, бұл функцияны уәкілетті мемлекеттік органға беруді, ал заңбұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтар мен кәсіпкерлерге төлемдерді қайтаруды ұсынды. Сонымен қатар, сұр импорт схемаларын анықтау бойынша тергеу жүргізу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін цифрлық даму министрлігі шетелден әкелінген смартфондарды міндетті тіркеу жүйесін енгізетінін хабарлаған. Әр құрылғы үшін 4 000 теңге төлеу қажет болады, алайда бұл қаражатты мемлекеттік орган емес, жеке компания жинайды.

Пікірлер