Осыдан 80 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданынан неміс ағайындарымыз қазақтан пана іздеп, қоныс аударған еді. Қазір сол "Жымпитылық немістердің" де қарасы азайып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін де "Жымпитылық немістердің" өз бөлек тарихы бар қауымдастық. Бір аудан ішінде неміс-қазақ деп бөлінбей, бауырлары бірігіп кеткен ағайындар бүгінде өздерінің ұлтын "қазақ" деп санайды. Расымен, ғасырға жуық уақыт қазақтың салтымен, дәстүрімен, тілімен, ділімен ортақ болған адамның ұлты да қазақиланбай не болмақ?
Бүгінгі "Адырна" ұлттық порталының кезекті сұхбаты Жымпиты ауданы Бұлдырты ауылынан шыққан неміс азаматы Геннадий мырзамен болмақ.
"Аманбысың, айналайын!" деп жылы лебізін білдіріп, сұхбатқа қуана келіскені бізге де бір жылулық сыйлады.
Балалық шағын баяндаудан басталған бұл әңгіме төркіні шашына да, қасына да ақ кірсе де сол балалық кездің кермек дәмін әлі ұмытпағанын сездірді.
- Мен ол кезде тым кішкентай едім. Үйде алты ағайын болдық. Балалық шағым қазақ балаларының арасында өткесін бірден қазақ тілінде сөйледім. Ал ата-анама тілді үйрену қиынға соққаны әрине түсінікті. Маған сол кеңес заманының дәурені сондай ыстық. Бастан қаншама қиындықтар мен зобалаңдар өтсе де анамыз оларды мүлде байқатпайтын. Алты баламен аядай үйде тұрсақ та, саядай тыныштық пен бейқам көңіліміз ешқашан аласарған емес.
- Генадий аға, сонда сіз Қазақстанда туылдыңыз ба, ал ата-аналарыңыз қай жақтан көшіп келген?
- Иә, мен өзімді таза қазақпын деп есептеймін. Негізі отбасым сол бір қиыны мол бұралаң шақтарда 1939 жылдары Одесса қалсынан көшіп келді.
Міне, саған отбасымды көрсетейін. Мынау менің әжем, бұл анам. Қалай маған ұқсай ма?
- Иә, сізге ұқсастықтары байқалады. Сізге тіл үйрену қиынға соқпағанымен, отбасыңызда алғаш келген жылдарда қандайда бір ауыр кезеңдер болған шығар. Сол туралы айтыңызшы.
- Оның, рас. Мен есейген шақтарда анам сол бір кез туралы көп айтушы еді. Мен бала болсам да, санама сол сырлы әңгімелерін жақсы сақтаппын.
Алғаш отбасымен дәл Бұлдырты ауылына келгенде тіл білмей, жабдық болмай біраз жатсынған екен. Ол шақтарда ауылға біз ғана емес, тағы 20 шақты отбасы көшіп келген еді. Бірақ қай қазағымды алсаң да көңілі кең, пейілі дархан ғой, шіркін! Жатсынбай бауырға алып, көрші боп етене араласқан.
Бір ерекшелігі немістер қазақтарға тәтті бәліштерді пісіруді, бау-бақша егуді, оларды баптауды, тосап қайнатуды жақсы үйреткен екен. Сөйтіп бір-бірлерімен татулықта өмір сүрді. Тіпті ата-анам ислам дінін қабылдады. Өлгенде де мұсылманша жерлеп, арулап көмдік.
- Генадий аға, ал отбасын қай уақытта құрдыңыз? Сізге тұрмысқа шығарда Роза апа ұлтыңызға қарап ұзақ ойланбады ма?
- Махаббат деген ұлтқа, нәсілге бөлінбейді ғой, қарағым. Оның үстіне мен неміс тілін мүлде білген емеспін. Қазақ жерінде туылып, тілім қазақша шықты. Сондықтан Роза апаң екеуіміздің көңіл жарастыруымызға ешқандай тосқауыл болмады. Қазір шүкір ұрпақ сабақтастығы ажыраған емес.
Джема тәтем 15 баланы кең құшағына сыйдырса, біздің Алла берген 5 перзентіміз өсіп-өніп отыр. Мұның барлығы Құдайдың сыйы емес пе?
- Қазақ тілін ғана білемін деп қалдыңыз. Қазіргі жастардың арасында өз тілінде күбірлеп сөйлейтіндер көп. Оларға көзқарасыңыз қандай?
- Менің айтқанымнан олар ойларын өзгертер дейсің бе? Иә, қалаға бара қалсам бәрі орысша сөйлеп, қазақша сөйлеуге арланатынын байқап күрсініп қаласың.
Біздің қанымыз бөлек болса да, жанымызды қазақ қып тәрбиелеп, әбден сіңіріп еді. Қазіргі жастардың қазақ тіліне құрметпен қарамауы құндылықтарын дұрыс бағалай алмағандығынан деп ойлаймын.
- Осы кезеңге дейін мемлекет тарапынан қандай да бір марапаттарға ие болған ба едіңіз?
- Ата-аналарыма берілген бұрынғы наградалар болмаса, өз атымнан алғыс алмаған екем. Маған ондай қағаз алғыстың аса қажеті жоқ.
Тек пейілі кең Құдай қосқан көршілеріммен тату тұрып, өлгенше сыйласып өтсем одан асқан марапат жоқ.
- Ендеше, мен де сізге алғыс айтқым келеді, Генадий аға! Суық күндердің ызғары көңіліңізге сызат түсірмесін! Сұқбат беруге келіскеніңізге, әдемі әңгімеңізге рақмет! Сау болыңыз!
Біле жүріңіз
"Жымпитылық немістер" кітабы 2002 жылы Орал қаласында жарық көрді. Авторы - Ғаділше Өтебәлі. Бұл кітапта немістердің 1941 жылы қазақ жеріне қалай қоныс аударғандығы туралы, қазіргі өмірлеріне дейін баяндалады. Тіпті қоныс аударған адамдардың тізіміне дейін жарияланған. Ұлтына қарап адамды бөлмеген қазақтың қонақжайлылығын осы жерден де байқауға болады емес пе?
Жымпиты ауданынан шығып, басшылық қызметке дейін көтерілген неміс азаматтары мен азаматшалары да жетерлік. Соның бірегейі - Жанна-Мари Вебердің ата-бабалары Германиядан Ресейге І Петр заманында қоныс аударыпты. Кейін Одессадан Қазақстанға келіп тұрақтаған. "Сырым елі" қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айташев Мүсірбек Әлібекұлының 2016 жылы жарияланған мақаласында бұл туралы тереңірек баяндайды.
Жанна-Маридың әкесі Александр Анатольевич Вебер неміс ұлтынан болса, анасы Ғалия Тоқтамқызы – қазақтың қызы, осы Жымпитының тумасы. Жанна-Мари – Қ. Мырзалиев атындағы Жымпиты орта мектебінің түлегі. Отбасында, мектепте қазақ тілінде майын тамыза сөйлей білетін Жанна-Мари кезінде марқұм әкесі Александрдың көңілін өсіріп, марқайтып тастайтын.
Ол - Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының заң факультетін, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың педагогика және психология бөлімін бітірген білдей маман.
Еңбек жолын аудандық АХАЖ бөлімінде «Ақ отау» қазыналық мекемесінің директорлығынан бастаған неміс қызы бүгінде Сырым аудандық сотының кеңсе меңгерушісі қызметін мінсіз атқаруда.
Ұлты неміс болса да, өзін қазақ өкілі санайтын Жанна-Мари отбасында қазақ, неміс ұлтының тағамдарын тіл үйіретіндей етіп
дайындауға мән береді. Сондайақ ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру, насихаттау бағытында сөйлеп кетсе, біліктілігін, зеректілігін танытып, кейбір «Мен қазақпын» деп кеуде соғатындардың өзін жолда қалдырады.
Ол «Тіл – татулық тірегі» атты құқық қорғау құрылымдары және басқа да мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында өткізілген 2014 жылғы республикалық байқауда жүлделі 3-орынға ие болып, ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаевтың қолынан алғысхат алса, «Мемлекеттік тіл - мерейім» атты облыстық байқауда екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мемлекеттік тілдің мерейін халық арасында кеңінен насихаттау, яғни өзін-өзі таныстыру, мақал-мәтелдер айту, ән, өлеңжыр сайыстарында мүдірмейтін неміс қызы - облыстық сот, аудан әкімдігі тарапынан Құрмет грамотасы, алғысхаттарға бірнеше дүркін ие болған жан.
- Қазақстан мен үшін ыстық. Елімізде бірнеше ұлт өкілдері болса, олар бірлік, достық жағдайында өмір сүруде. Өзім Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып, достық пен ынтымақ сияқты басты құндылықтарды насихаттауға барымша үлес қосудамын, - деді Жанна Мари.
Қорыта келе, адамның адамдығы оның ұлтында емес, жүрегінде. Қай елдің азаматы болсақ те, жүректегі тазалықты, мейірімділікті тұтастай ұстай білсек, әлем бірлікте болар еді. Қазақты шаңырақ етіп, мекен етіп жатқан әр ұлт өкілі өзіндік бір ерекше болмысқа ие. Сыйлай білу, татулықта болу - басты міндет.
Інжу ӨМІРЗАҚ,
"Адырна" ұлттық порталы