Наурыз мерекесін атап өтуде фольклор жағынан нені ескеру керек, мейрамның бүгінге ұласқан тарихи келбетін сақтауда тағы не істеуге болады? Фольклортанушы ғалым сұхбатында осы мәселелерге тоқталып, өз ұсыныстарын айтады.
Наурыз – көктемгі жаңару мен жаңа жылдың басталуын білдіретін ежелгі мереке. Ол мыңдаған жылдар бойы Орталық Азия, Таяу Шығыс, Орта Шығыс, Оңтүстік Азия және Кавказ аймақтарында тойланып келеді.
Қазір еркін тойлап жүрген бұл мерекені Кеңес Одағы тұсында 1926 жылдан бастап тойлауға тыйым салынды. Себебі бұл мейрамды дінге қатысы бар деп есептеді. Тек 1988 жылы Наурыз Қазақстанда қайта жаңғырды. Ал, Наурыз 1991 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болды. 2024 жылдан бастап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітіліп, Ұлыстың ұлы күні он күндік мерекелік кешенге айналды.
Сан ғасырлық тарихы бар мерекенің қазір бұрынғымен салыстырғанда қандай өзгерістер бар, жетілдіру үшін не істей керек – фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлынан сұрап көрдік.
- Бүгінгі жалпыхалықтың мерекеге айналған Наурыз ежелгі фольклорда қалай сипатталған?
- Қыстың сары аязын күлімдеген көктемнің шуағы жеңген кездегі Наурыз мерекесі – бүкіл адамзатқа ортақ табиғаттың мерекесі. Бұл әу баста көптеген дүниежүзі халықтарына ортақ болған. Қыста қысырадық, енді жазда жадырайық деп тілек-бата айтысып, көрісіп, жүздесіп, бір жасыңмен деп құттықтайтын болған. Ерте кезде «құл құтылар құрықтан» деген сөз болған. Құл патшаның тағына отырып бір күн ел билейген деген аңыз бар. Үлкен тайқазандарға көже асатын болған. Сақтардың аңызында қазан елдің берекесі, киесі саналып, наурыздың үлкен нарқазандарын жасағаны айтылады. Ол нарқазанды жасау үшін сақ тайпа көсемдері бір талдан жебе тастаған. Тастаған жебелер таудай үйліп қалатын болған екен. Содан таудай үлкен нарқазан құйып, елдің бірлігін, күш-қуатын көрсету үшін наурызда көже қайнатып, сақ патшасы еліне ұсынған. Бұрын мерекеде күнге табыну, отқа табыну, төрге жұп шырақ жағу дәстүрлері орындалған.
- Бүгінгі наурыз бен ертеректегі наурыздың басты айырмашылықтарын айтып бере аласыз ба?
- Бұрын ауылда тойланатын, яғни шынайылық сипаты басым болатын. Қазір қазақтың көбі қалада, бұнда сценарий, шоу, көрініс түрінде жасандылық бой алды. Дейтұрғанмен атаулы күндер арқылы нақтылы тетік ене бастады, бұл дұрыс. Алдағы уақытта жетіле түседі деп сенемін.
Қазір неге «Қазақстан барысы» сияқты ұлттық қазақ күресі жарыстарын осы күні ұйымдастырмаймыз? Неге «Наурыз айтысын» жасамаймыз? Осындай іс-шараларды ұйымдастарса, онда жаңа жыл келгенін тереңірек сезінетін едік. Нақты дәстүр мен фольлордан бастау алатын Наурыздың осы тұсы ақсап жатыр деп ойлаймын.
- Наурыздың өзгеріске түсуінің қазіргі кезде әрқандай бір салдары байқала ма?
- Наурыз қайта оралғаннан бері мерекені әлі де болса етек-жеңі жинақталған түрде ұсына алмай келе жатқан сияқтымыз. Бұл – елдік мейрам.
Жасыратыны жоқ, Наурызды дұрыс қарсы алмай жүрміз. Жыл сайын айтамыз, бірақ айтылған қалпында қалып кетеді. Әлі де кеш емес. Мәселен, қазір әр күні атап жүрген халықтардың бірлігі күнін, алғыс айту күнін дәл осы Наурызда лайықты деңгейде тойлау керек. Бұл – түркі халықтарының берекесін арттыратын, еркіндіктің, елдіктің, сыйластықтың мерекесі. Мереке болғандықтан сый-сыяпаты, марапаты, халыққа шарапаты болуы керек. Қазір тойлау жағы ғана қалыптасып келеді, дейтұрғанмен Ұлыстың ұлы күні ретінде қалыптастыра алмай отырмыз. Қайта түлету керек, әлі де ер - тұрманын түгендей түсуіміз керек.
Оңтүстікте күн жылынып, диханшылық басталып кетсе, солтүстікте мұз әлі сіресіп жатыр. Сондықтан мерекені бір ай тойлағанымыз дұрыс. Шерулер, арбалы көш ұйымдастыруымыз қажет. Мұның бәрі – жастарға тәрбие. Көкпар тартып, жамбы атып, қазақша күрес ұйымдастырып, айтыс жасалса және осының бәрін кешенді түрде жыл сайын өткізіп отырса, «Наурыздың сұрмергені», «Наурыздың бас айтыскері» сынды жүлделер тағайындалса, құба құп болар еді.
- Сұхбатыңызға рақмет!