Қазақстан фристайлдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алды

110
Adyrna.kz Telegram
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы фристайлдан әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 
Фристайлдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан екінші орын алды.
"Жалпыкомандалық есепте могул мен акробатикадан Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс жүлде иеленіп, Қытайдан (2 алтын, 3 күміс, 2 қола) кейін 2-орын алды. Үздік үштікті Жапония (2 алтын, 1 қола) спортшылары түйіндеді", - деп жазылған хабарламада.
Фристайл-могулдан ұлттық құрама барлық жарыс күні жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, әлем біріншілігінің алғашқы күнінде Анастасия Городко жекелей сында 2-орын алса, ертеңіне параллель могулда алтыннан алқа тақты.
Ал аралас командалық сайыста былтыр IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан Юлия Фиклистова мен Денис Раструба жұбы күміс жүлдегер атанды.
Фристайл-акробатикадан жекелей сында ерлер арасында Дінмұхаммед Райымқұл күрделі бағдарламаны сәтті орындап, чемпион атанды. Ол 104.52 ұпаймен екі қытайлық спортшыны (Юч Юнхен, Ян Чжичэн) басып озды. Мұнда әйелдер арасында барлық жүлдені Қытай акробаттары иеленді.
Еске сала кетейік, фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 2025 жылғы 7-11 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында өтті. Бұл жарысқа 13 елден келген 110 спортшы қатысты.
Пікірлер