Франциядағы байқаудан бірнеше жүлдемен оралған фильмнің актері елдегі кино саласындағы басшылардың салғырттығын сынайды.
Режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінің Францияда өткен беделді фестивальде үш бірдей бас жүлдені жеңіп алғанын хабарлаған едік.
Алайда, фильмнің айналасында тек жетістіктер ғана емес, қиындықтар да туындап отыр. Оның режиссері мен басты рөлді сомдаған актері шығармашылық жолда түрлі кедергілерге тап болғанын ашық айтуда. Актер Ерлан Төлеутай бұл туралы «Адырна» тілшісіне береген сұхбатында да айтты.
- «Әбіл» фильмі бірнеше беделді бәйгені жеңіп алды. Бұл жетістік сіз үшін нені білдіреді? Фильмде басты рөлді сомдаған актер ретінде қандай әсер алдыңыз?
- Бұл ұлттық кино өнерінің, ең бастысы ұлттық режиссураның өскенін білдіреді. Шынында да кино өнерінің дүниеге келіп, ту тіккен жері – Францияда өткен халықаралық беделді фестивальде үш бірдей бас бәйгені жеңіп алу – қазақ киносының тарихында болмаған оқиға. Бұл тұрғыдан Елзат Ескендір ұлт киносын әлемге танытып жүрген қазақтың санаулы кәсіби режиссерлерінің мақсат-мұратына бір табан болса да жақындай түсті
Қазір дүниежүзілік додаларда қазақ киносына олжа салатын, олжа салып қана қоймай келешекте қазақ мемлекеті мен оның халқын әлемге танытатын талантты режиссерлеріміздің күшті толқыны келе жатыр. Аға буыннан Данияр Саламат, сосын Кенжебек Шайқақ, Асхат Күшіншірековтер бастаған көштің басында Елзат Ескендір тұр, екпіні қатты. Бәлкім менің бұл сөзіме сенбессіз, күмәнмен де қарарсыз, бірақ осынау пікірімнің дұрыстығына түбі уақыт көз жеткізіп, тарих төреші болады. Егер бұл жүйріктерге Үкімет тарапынан мемлекеттік деңгейде дер кезінде моральдік және қаржылық қолдау көрсетіліп тұрса, яғни "сүт беріп, сұлы беріп баптап" зар күйіне жеткізген соң халықаралық кинобөйгелерге уақытылы қосып отырса – бұл толқын қазақты, оның болмысы мен дүниетанымын т.б. халықтық қасиеттері мен ұлттық ерекшеліктерін кино арқылы әлемге танытпақ. Одан кейін әдебиетімізді танытуға жол ашылар еді. Яғни бірінші кино, киномен түрен салып алған соң кезек әдебиетке келмек.
Өкінішке қарай мәдениет пен өнер ісіне жауапты шенеуніктер ұлттық режиссерлерімізді қолдаудың орнына керісінше кедергі келтіруде. "Әбілдің" басында болып жатқан мына келеңсіздіктер – ұлттық кино өнеріне деген жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді. Мәселен, кеше режиссер Елзат Ескендір екеуміз "Қазақфильм " киностудиясына кіре алмай қайттық. Мен бұл сұмдықты қазақ қоғамына сол сәтте-ақ жайып салдым. Бізде басқа амал қалған жоқ. Өткенде де киногерлердің «Қазақфильм» киностудиясы басшысы қызметін атқарып отырған А.Омаровтан көрген қорлығын өзімнің парақшамда егжей-тегжейлі жаздым, ол – "Қазақфильмдегі инцидент" деп аталады. Сондықтан мұның барлығын қайталап жатпай-ақ қояйын. Аға буыннан Данияр Саламат сосын Кенжебек Шайқақ, Асхат Күшіншірековтер бастаған мұның көш басында Елзат Ескендір тұр.
- Басты рөлді сомдаған актер ретінде қандай әсер алдыңыз?
- Алған әсерлерімді ФБ парақшамда толассыз айтудамын. Сөз жоқ, өзім үшін бұл ұлы жеңіс және бұл жеңіс оңай келген жоқ. Тынымсыз еңбек пен ауыр күрестің нәтижесі. Тынымсыз еңбек жақсы ғой, ол шығармашылық өнердің ең басты қағидалы талаптарының бірі. Ал мына өмірімді өксіткен ауыр күрестің керегі жоқ еді. Амал нешік, маған және менің шығармашылығыма қарсы бағытталған бұл әрекеттердің барлығы қолдан ұйымдастырылуда. Бұл менің шығармашылық күш-қуатымды жойдасыз сарқуда, денсаулығыма да өлшеусіз залал келтіруде. Ең сұмдығы – мұның аяқталар түрі көрінбейді. Қазірдің өзінде "Қазақфильмнің" уақытша бастықсымақтары маған қарсы ақпараттық науқан ұйымдастырып отыр. Ақпарат науқанындағылар діни секталардың зомби мүриттері сияқты өз міндеттерін әсірефанатизммен атқаруда. Осының айғағындай А.Омардың азын аулақ шашқан жүгерісіне бола ауыздарына келгендерін арсыздықпен оттауда. Ішінде белгілі режисердің белгісіздеу баласына дейін жүр Әрине, мен ондай парықсыздардың шектен шыққандарының сазайын беремін, бірақ қазір "Қазақанимацияға" жасалып жатқан қысымдарға байланысты жұмыс көбейіп тұрғандықтан мүмкіншілігім келмей жатыр – шынымен де қол тимеуде.
- Фильмнің негізгі идеясы мен бағыты қандай? Ол көрерменге қандай ой тастауды көздейді?
- Еуропа сыншыларының берген бағалары туралы аз-кем құлағдар қылайын. Мәселен, Гётеборг халықаралық фестивалінде "Әбіл" саяси фильм деп танылды. Ал Везуль фестивалінің кино сыншылары саяси, криминальды фильм деп бағалап жатыр. Дегенмен, біздің басты ұстанымыз, негізгі көздегеніміз – көрерменге ой салу. Мәселен, мені түрлі саяси науқандар мен катаклизмдер кезінде қарапайым халықтың қатты зардап шегетіні, қазақ қоғамының мұндай кезде тез күйрегіш, морт сынғыш – аморфтылығы толғандырады. Әркез, әсіресе өтпелі кезеңдерде орын алатын әсіре саяси, басқа да түрлі науқандар тұсында биліктің халыққа қырғидай тиетіні, жер асты, жер үсті байлығын аса аш көздікпен тонайтыны, қара бұқараның болмашы несібесіне қысылмастан қол салатыны, әлсіздерді аса озбырлықпен талайтыны, әсіресе күллі шенеуніктердің 99 пайызы қазақ ұлтының өкілі бола тұра, тәуелсіздік алған соңғы 34 жыл ішінде қазақ билігінің қазақ халқына түк жақсылық жасамағаны толғандырады. "Әбіл" осы келеңсіздікті кино тілінде шенейді һәм әшкерелейді. "Әбіл" фильмінің әлемдік (Бусан) азиялық (Гонконг), еуропалық (Гётеборг), франциялық (Везуль) премьералары арқылы біз әлем көрермендеріне фильмнің айтпақ ойын жеткізе алдық-ау деп ойлаймын, өйткені әр премьерадан соң көрерменнің сұрақтарында шек болған жоқ – көбінесе уақыт жетпей шектеліп жаттық. Биыл бәрі сәтімен болып, Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетсе, "Әбіл" қазақстандық көрермендерге жол тартпақ. Тек қазақы көрермен ой көзбен көрсе екен. Ой көзбен көргенде ғана авторлық фильмдер өз көрерменіне көл-көсір сыр шертпек – мұңын айтпақ, шерін төкпек.
- Фильм жарыққа шыққан соң әріптесіңіз Адай Абельдинов "Қазақфильм" басшылығының үнсіз қалғанын айтып, бұл әділетсіздік деп бағалады. Осыған қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Енді әділетсіздік екені рас қой. Фильмнің режиссері Елзат Ескендір екеуміз Еуропада өз қаражатымызбен бір ай бойы сапарлап, қаншама қиындықтарға тап бола жүріп, "Қазақфильм" тарихында болмаған жеңіспен оралдық. Аңқылдап келсек, біздегілер тым-тырыс, Ұлттық кинононы қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық та ләм-мим демейді, "Қазақфильм" басшылығы да аузына су толтырып алғандай үнсіз. Бәрінен де уақытша бастық А.Омаровты айтсаңшы, хабарласып, құтты болсын айтудың орнына мені "Қазақфильмге" кіргізбеуге пәрмен беріпті.
Көріп отырсыз, тіпті БАҚ дейін тегіс үнсіз қалды ғой. Айтыңызшы, бұлай елемей қою арқылы қорлайтындай, біздің не жазығымыз бар еді? Бейнелеп айтқанда, біз жауды жеңіп келген сарбаз сипаттымыз, жеңіс туын желбіретіп қайтқан рухани майдангер есебіндеміз. Рас қой. Күллі әлем киногерлері көз тіккен халықаралық беделді кинофестивальде зор жеңіске жетіп, үш бірдей бас бәйгені қанжығамызға байлап, елге аңқылдап келгенде, әлдекімдерді арсылдатып алдымыздан шығарып, көңілімізді су сепкендей қылды. Ал бұрын қалай еді? Фестивальден жүлде алған киногерді әркез салтанатпен қарсы алатын, білетін басшылар "Қазақфильм" ұжымының алдында құттықтап мерейін өсіріп, мейманасын тасытатын, соңынан Мәдениет министрі қабылдап дегендей толып жатқан құттықтау, ұлықтау рәсімдері бірінен соң бірі кезектесе атқарылып жататын. Бұл жолы мұның бірі де болған жоқ, бәрі өзара келісіп алғандай, тым-тырыс, үнсіз жатып алды. Тек Киногерлер одағының төрағасы Адай Абельдинов ФБ парақшасына бұл масқараны айыптап жазған соң ғана Ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық пен "Қазақфильм" өз сайттарында құттықтауларын жариялады. Соның өзі оларға оңай тимегені көрініп тұр. Өйткені әлгі сұрықсыз құттықтауда не режиссер не актер туралы бір ауыз сөз жоқ. Несін айтқандайсың, Киногерлер одағының төрағасы құттықтауды кинобастықтарды қуып жүріп, сұрап алғандай болды.
Әлеуметтік желілерді ақтарап отырсам, "Әбілді" Kaz365.kz. сайты орыс тілінде құттықтап жатыр екен. Бұл алғашқы құттықтау еді және орыс тілінде. Ал жайшылықта бір фанерщиктің бесінші рет байға тигенін жарыса жазып, қырық қайтара құттықтап жататын сансыз сайттарымыз бен толып жатқан қазақтілді БАҚ-ымыз бізге бір бейне бойкот жариялағандай үн-түнсіз жатып алды. Осы төтен үнсіздік мені ойландырды және дереу экспромт өлеңге айналған бұл ойым небәрі он бес минутта жазылып, жарияланып үлгерді. Өзім де журналист болғанмын, бірақ неше жерден журналист болсам да, тіпті қазақ қоғамын бір кісідей білетін адам ретінде де жиі болмаса да түрлі майдандарда тізелесіп бірге жүрген өз замандастарымның бұл үнсіздігін еш түсіне алмадым. Сосын бұл үнсіздік бұдан әрі дәстүрге айналып кетпесін деп өзімше қарсылық танытып жатқаным ғой. Бала кезімде ауылда біреу бәйге әкеліп не бір отбасы қайғыға душар болып яки ел шетіне алыстан сыйлы қонақ келіп жатса, үлкендер жағы бастама көтеріп "әй, ел емеспіз бе!" деп қайғыны көтерісуге, қуанышты бөлісуге, қонақты күтісуге қамдана бастайтын. Сөйтсек ел болу деген бір түйір қуанышқа я жалғыз үй қайғыға халықтық сипат беру екен ғой және мұның қағидасы да тым қарапайым болады екен – шын көңіліңмен бөлісіп, тілеулес болсаң болды! Ал ұлы Ахаң айтқандай, БАҚ "Халықтың көзі, тілі һәм құлағы" еді. Журналистер қауымы осы жерден жаңылды. Жарайды, біреулері менімен іштей араз шығар. Бірақ ердің өз басы араз болса да намысы араз болмайды, өйткені намыс қысылтаяңда не ұлы ду қуанышта кенет кешіп берер ер мен елге ортақ өзгеше бір хәл өзі.
Айтқандай жас режиссер Елзаттың жазығы не? "Әй, ел емеспіз бе?!" дегенді осы жерде көрсету керек еді. Жоқ, барлық БАҚ біткен – үйіне жақсы келгенде көрпесін басына бүркеніп теріс қарап жатып алған жаман неменің қылығын танытты. Мен бәріне төзе беретін, көргенім көп көнтерілі жанмын. Соңғы жиырма жылда осы сөйлей береді деп мені жау ғып алған жұртта есеп жоқ. Сондықтан болар, атыңнан айналайын қарапайым халық пен тілеулес дос-жарандарымнан басқалар, оның ішінде әсіресе шенді мен шекпенділер мені құттықтауға аса құлықты болып көрген емес. Мен оған үйренген адаммын. Ән деп, кино деп, жалпы өнер деп жүріп Қадыр ақын айтқан: "Керек емес түк те маған сенсеңіз" деген жасқа келіп қалыппыз. Енді атағы да, басқасы да – кеш. Себебі дер кезінде алмаған атақ – көп тұрып борсып кеткен тамақ сияқты – өзінен өзі иістеніп, мүңкіп тұрмақ.
Дегенмен жас режиссер мен оның фильмін ең құрығанда елеу арқылы елдік танытып құттықтау керек еді. Анау Арабияда бәйге алған атты да, Түркияда түлкі алған итті де құттықтап, көрімдігіне деп мыңдап доллар шашып жатсыздар ғой. Ал біз режиссер болсақ та, өнерпаз болсақ та – адамбыз ғой! МәдАқ Министріңнен бастап, бақалшы саудагер бизнесменіңе дейін осыны ұқпаған соң қайт дейсіңдер маған?!
- Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы