Жапонияда Қазақ хандығының Цин патшалығымен хат алмасуы туралы зерттеу жарық көрген. Осы еңбектің авторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлысұхбатында зерттеудің қыр-сыры жайындағы ойларымен бөліседі.
Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы тарихи хаттар Жапонияда зерттеліп, жарық көрді. 452 беттен тұратын зерттеу Қытай архивтерінде сақталған қазақ тіліндегі сирек жазбаларға сүйеніп, Қазақ хандығының халықаралық аренадағы орнын, дипломатиялық қарым-қатынастарын жаңа қырынан танытады делінеді.
Аталған хаттар қазақтың төл жазба мұрасы, әрі отандық тарихты тың дереккөздермен толықтыруға зор үлес қосатын баға жетпес тарихи құжаттар ретінде аталып отыр. Бұл туралы “Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей хаттары” туралы жазылған көлемді ғылыми зерттеу еңбегінің авторы профессор, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлынан сұрап, сұхбаттастық.
– Жақында еңбегіңіз жарық көрді, құттықтаймыз. Осы Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған хаттарын зерттеуге не түрткі болды?
– Мен өзім Қытайда, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районына қарасты Іленің Күнес деген жерінде туып өстім. Орта мектепті тауысқаннан кейін Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түстім.
Ол жерде толық курсты тәмамдаған соң магистратураға оқуға қабылданып, жалғасты білім алдым. Диссертациямның тақырыбы Қазақ хандығы тұсында жазылған хат-қағаздарға байланысты болды.
Кейін Жапонияда алдымен Нагоя университетінде бір жыл білім толықтырып, соңынан Киото университетіне емтихан тапсырып, тарих мәдениеттану мамандығы бойынша докторантураға түсіп оқыдым. Қазақ хандығы тұсында патшалық Ресей мен Цин патшалығына жолданған құжаттар, тарихи жазба деректер туралы тіпті де ден қойдым, докторлық диссертациямның тақырыбы “XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары” туралы тарихи-деректанулық зерттеу болды. Соның ішінде Қазақ хандығы тарапынан Цин патшалығына жазылған бірегей тарихи құжаттарды негіз етіп зерттеу жасадым.
– Бұл хаттар қай архивтерде сақталған және оларды табу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Бұл құжаттардың дені Қытайдың бірінші тарихи архивінде сақтаулы. Қазір микрофильмдегі нұсқасын ғана көре аламыз. Бұлар Іле, Тарбағатай сынды жергілікті әкімшілік орындардағы ұлықтардың патшаға жолдаған мәнжуша мәлімдемелерінің көшірме нұсқаларының арасына қыстырылып қойылғандықтан, оларды архивтен бір-бірден іздеп табу машақатты әрі уақытты ысырап ететін шаруа. Мұндағы мәселе олардың қайда тұратыны арнаулы жазылмаған, микрофильмді бастан-аяқ сүзіп шығуға тура келеді.
Бір қуанарлық жағдай, біздің тексеріп-зерттеу нәтижеміз бойынша аталмыш қазақша құжаттардың микрофильмдегі нөмірлері толықтай анықталды. Ендігі жерде бұрынғыдай бүкіл архивті ақтарып отырудың қажеті шамалы.
«АЛТЫННАН БАҒАЛЫ ҚАЗАҚ ЖАЗБАЛАРЫ»
– Зерттеу барысында ең қызықты немесе күтпеген деректер қандай болды? Айтып берсеңіз.
– Бұл табылған қазақ құжаттарының барлығы дерлік қызықты, бәрі де күтпеген деректер, керексіз біреуі жоқ деуге болады. Қазақ халқы сонау ықылым заманнан бері мал шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан халық. Кешегі Қазақ хандығы дәуірінде де, бүгінде де бұл тұрмыс тәсілінен ажыраған емес. Ал бұндай өмір салтында бір жерде тұрақтап отырмай, судың тұнығы мен шөптің шүйгінін қуалай көшіп-қонып жүруге тура келеді.
Сондықтан қазақ жерінде жазба дерек болды деген күннің өзінде сақталып бүгінге жетпеген, яғни жоқтың қасы.
Осындай жағдайда көрші елдердің мұрағат қорларынан табылған қазақ жазбалары, әрине, алтыннан бағалы. Қай жағынан алып қарасақ та біздің тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға оң ықпал жасайды.
– Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы хат алмасу қандай мақсатта жүргізілген және хаттарда қандай негізгі мәселелер қозғалған? Сауда, әскери одақ немесе басқа тақырыптар қаншалықты маңызды болды?
– Арысын айтпағанда Қалдан Серен тұсында қазақтар мен қалмақтар арасында ылғи да қиянкескі шайқастар болып тұрды. Әрине, қазақтар үшін қайғылы жылдар деуге болады. Ал қазақ әскерлері осы кезде жоңғарлардың іргесін шайқалтты. Қалдан Серен қайтыс болған соң жағдайды жіті бақылап отырған Цин патшалығы әскер аттандырып, онсыз да шайқала бастаған жоңғардың шаңырағын ортасына түсірді, сөйтіп Жоңғар хандығы жойылды.
Ендігі жерде жоңғарлардың жеріне иелік еткен Цин патшалығы қазақ жерімен шекараласты, бетпе-бет келді, тікелей қарым-қатынас орнатты. Бұл қазақ жыл қайыру дағдысы бойынша сиыр жылы, яғни 1757 жылға тура келеді. Осы жылдың күзінде қазақ сұлтандары Абылай мен Әбілпейіз елшілерін жасақтап, патша ордасы – Бейжіңге аттандырады.
Міне, бұған биыл 268 жыл толып отыр. Мұны жаңа кітабымызда да жаздық. Осыдан кейінгі екі жақ ара барыс-келістер көбінде саяси-экономикалық қарым-қатынас төңірегінде өрбіді. Бір жағынан сауда-саттық істері алға басса, енді бір жағынан шекара өңірлерде мал барымтасы, адамдардың шекарадан қашып өтуі сынды уақиғалар үнемі туылып отырды. Осыған байланысты қазақтар тарапынан жазылған хат-қағаздардың да саны көбейе түсті.
Бұл түрдегі хаттар қазақ елшілері арқылы Іле, Тарбағатайдағы Цин ұлықтарына жеткізілген соң, солардың жазған мәлімдемесімен бірге патша ордасына жөнелтілген, кейін орданың архивіне түскен. Бүгінгі таңда табылып отырған қазақ хаттары, міне, осы құжаттар. Олардың саны тым көп болмаса да төл жазбамыз ретінде Қазақ хандығы әлеуметтік өмірін, тарихын ғылыми түрде зерттеуде тың дереккөздермен қамдайды. Сондай-ақ тарихымыз бен жазу мәдениетімізді қайталай сараптауда аса бағалы бірінші қол тарихи материалдар.
«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ» ТЕРМИНІНІҢ ҒЫЛЫМИ АЙНАЛЫМҒА ТҮСКЕНІНЕ - 100 ЖЫЛ
– Бұл құжаттар Қазақ хандығының халықаралық қатынастардағы рөлін қалай сипаттайды?
– Бізде бұрыннан бері мұндай тарихи құжаттарды жеке бір хан немесе сұлтанға ғана тәуелді қағаз деп қарау үрдісі қалыптасқан. Бізше жеке хан, сұлтандар атынан жазылса да оларды үлкен жақтан Қазақ хандығы деңгейіне қойып зерттеу жасаған абзал. Биыл «Қазақ хандығы» терминінің ғылыми айналымға түскеніне 100 жыл толып отыр. Сонау XVIII ғасырдың алдыңғы жартысында жазылған мәнжу тілді деректерде «Қазақ мемлекеті» тіркесі хатқа түскен, бұдан көрші патшалықтардың қазақтарды мемлекет, хандық ретінде танығандығын байқаймыз.
Ол хандық мемлекет болса, одан сол көрші елдерге жөнелтілген құжаттар қалайша жеке тұлғаға тән болмақ? Әрине, бүгінгі таңда отан тарихын зерттеуде оларды Қазақ хандығының дипломатиялық хаттары есебінде қарастырған жөн. Аталмыш құжаттардың көбі сауда-саттық, шекаралық өңірлердегі мал барымтасы, адамдардың шекарадан қашып өтуі т.б. мазмұндардан құрам табатындықтан, әсіресе Цин патшалығымен болған халықаралық қатынастарды сипаттай алады.
– Қазақ хандығының дипломатиялық хат алмасуын басқа көрші мемлекеттермен салыстырғанда қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз?
– Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған хаттарынан байқағанымыздай екі жақ ара қарым-қатынастың өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктері болды. Алдымен бұндай хат-қағаздардың дені қазақ даласының орта, шығыс өңірлерін билеген Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан сынды қазақ көсемдері тарапынан жіберілген. Соның ішінде Әбілпейіз әулетінің жөнелткен қағаздары ең көп, мөлшермен жалпы хаттың 70 пайызын ұстайды.
Оның да өзіндік себептері бар, өйткені бұл әулет Цин патшалығымен шекараласатын өңірлерде қоныстанған ру-тайпаларды билеген. Осыған байланысты олар үнемі елші аттандырып, Цин ұлықтарымен жиі барыс-келіс жасасып отырған. Сонымен қатар Тұрсын хан әулеті де хат жазған. Кіші жүз ханы Нұрәлі де екі рет елші жіберген.
«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР ТЫМ ТАПШЫ»
– Бұл хаттар қазіргі Қазақстан тарих ғылымы үшін қаншалықты маңызды?
– Жоғарыда айтқанымыздай бізде жазба дерек тым тапшы. Бұл қазақ тарихын кешенді зерттеуге қол байлау болуда. Әрине, ел арасына тараған аңыз-әңгімелер мен шежірелерден пайдалануға болады. Қазақ тарихын онсыз жазу қиын. Бірақ хатқа түскен жазбалардың жөні бір бөлек. Әсіресе, қазақ топырағында хатталған дереккөздер біз үшін аса бағалы жазба байлық екені даусыз.
Олардың көп сандысы қазір көрші елдердің, мысалы Ресей мен Қытайдың архив қорында сақтаулы, соңғы кездері тез қарқынмен зерттеле бастады. Жақында шыққан кітабымыз – осының айғағы. Яғни, Қытайдың архив қорында сақталған қазақ хаттарынан 160 паршасы жарияланып отыр.
Бір қызығы, Цин патшалығына жолдаған құжаттардың арасында тот-моңғол тілінде жазылған хаттар да бар. Қазірге дейін солардың бірсыпырасы ресми жарияланды, кітабымызда берілген құжаттардың арасында бұл түрдегі хаттар қамтылмайды.
Сондықтан жоғарыдағы ескі қазақ тілінде жазылған мұрағат құжаттары отандық тарихтың қарқынды дамуына жол ашты деуге болады. Осы уақытқа дейін жазылған қазақ тарихы, Қазақ хандығы тарихы ендігі кезекте қайтадан сарапталып, тың деректер негізінде пайымдалады деген ойдамыз.
– Еңбек Жапонияда басылып шықты. Неліктен Жапония?
– Мен Жапонияға келгелі де бір жарым жылдан асты, содан бері осында зерттеумен шұғылданып келемін.
Мынаны айта кеткен жөн, Жапония – әлемде гуманитарлық ғылым саласын да болсын, зерттеу жетістіктері ең мол елдердің бірі. Көне түркі, қыпшақ кезеңдерін қоспағанда Қазақ хандығына қатысты қомақты зерттеулер өткен ғасырдың 60 жылдарынан қолға алына бастады. Оның басында әйгілі тарихшы Сагучи Тору мырза тұрды, ол тұста түпнұсқа құжаттар мен мәнжу тілді мәлімдемелерден дәйексөз келтіруге мүмкіндік болмағанымен, ғалым зерттеулерінде Цин патшалығы тұсындағы қытай тілді деректерден мейілінше пайдаланған.
Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған құжаттары туралы зерттеулер – менің ұзақ жылдардан бері шұғылданып келе жатқан басты зерттеу тақырыбым. Бұл жолы алдыңғы ғылыми зерттеулеріміз негізінде мазмұндық жақтан толықтырулар жасап, қытай архивтерінен табылған қазақ құжаттарын түгел осы кітапқа енгіздік. 452 беттен тұратын бұл еңбек отандық тарих ғылымының дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз. Кітап Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институтының қаржылай демеуімен жарық көріп отыр. Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор, институт директорының орынбасары Нода Джин мырзаға айрықша алғыс айтамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!